Қалалық қоғамдық-саяси газет

Келелі мәселелер көтерілген кеңес

Депутаттар түйінді түйткілдерді ортаға салды

0 317

Кеше Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен сегізінші шақырылған қалалық мәслихаттың кезектен тыс он бесінші сессиясы өтті.

Жиын басталмастан бұрын қалалық мәслихат төрағасы Кенжебек Олжабай №25 сайлау округінен депутат болып сайланған Елдос Далабайды әріптестеріне таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Сессияның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «2024-2026 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11-2 шешіміне өзгерістер енгізу бойынша Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев баяндама жасады.
– 2024 жылға арналған қалалық бюджетті нақтылау жобасы Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 109-бабын басшылыққа ала отырыпжәне бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің өтінімдері негізінде дайындалды. Ағымдағы жылдың 24 сәуірінде облыстық бюджетті нақтылау барысында Тараз қаласының бюджетіне трансферттер қарастырылды. Оның ішінде А.Асқаров көшесінің аяғындағы алқапта құрылысы жүріп жатқан 16 көппәтерлі тұрғын үйдің, «Бәйтерек» ықшамауданындағы 1 200 орындық, «Ұлы дала» ықшамауданындағы 1 200 және 2000 орындық жайлы мектептердің инженерлік инфрақұрылымын жүргізуге және абаттандыруға қаржы қарастырылған. Сондай-ақ облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы және Тараз қалалық мемлекеттік кірістер басқармасымен келісе отырып, өзіндік кірістерді ұлғайту жөнінде ұсыныс қабылданған. Бұдан бөлек қала аумағында жүргізілетін бірқатар жұмыстарға қажетті қаражатты нақтылау ұсынылып отыр, – деді Жандос Илиясбекұлы.
Жиын барысында сонымен қатар «Заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс істеу жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшелерін сайлау туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2023 жылғы 30 наурыздағы №1-5 шешіміне, «Тараз қаласы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-4 шешіміне, «Тараз қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» Тараз қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №12-6 шешіміне өзгерістер енгізу және Тараз қаласында жаңадан ашылған учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерін қалыптастыру, Тараз қалалық учаскелік сайлау комиссияларының кейбір мүшелерін босату туралы мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Содан соң халық қалаулылары күн тәртібіне шығарылған және өздері сайланған округтердегі өзге де мәселелер жайлы көкейлеріндегі сауалдарын жолдады. Мәселен, Марат Жұманқұлов облыс орталығы аумағындағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының шығуы мүмкін ошақтарын анықтау бойынша жұмыстарды қолға алу жайын көтерсе, Мария Айтбекова «Шөлдала» алқабындағы саяжайларды ауызсумен, суармалы сумен қамтуға, Елдос Далабай мердігердің «жосықсыз» деп танылуына байланысты «Жансая» шағынауданындағы №37, 39 үйлердің ауласын асфалттау жұмыстарының тоқтап қалуынақатысты сұрақтарын қойды. Ал Нұрлан Саурықов жылу желілерін жаңғырту жұмыстарына орай Төле би көшесінің бірқатар бөліктерінің жабылуына байланысты өзге шағын көшелерде кептелістер туындап, апаттық жағдайлар орын алып жатқанын айтып, қала әкіміне аталған жайтты полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып шешуге септігін тигізуді сұрады. Халық қалаулыларының сауалдарын мұқият тыңдап шыққан Бақытжан Әмірбекұлы олардың әрқайсысына нақты жауаптарын беріп, ұсыныстардың назарға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар депутаттарды шаһарды дамыту бағытында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.