Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылдармен жолымыз бір…

0 276

«Jambyl-Taraz» газетінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында тарих қойнауының қатпарына енген қалалық басылымның 1999, 2000, 2001 жылдары жарық көрген мақалаларын бағамдап, шолу жасауды жөн санадық.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

1999 жыл

Газеттің 1999-шы жаңа жылдық №1 алғашқы нөмірін қолыма алдым. Сан жылдардың тізбегінде сарғыш тартып, көнерген қағазынан кешеден бүгінге жолданған сағыныштың сәлеміндей иіс жеңіл желпіп өтті. Өткен күннің белгісіндей салған ізі сайрап, көш түзеген журналистер керуенінің айқын таңбасындай болып сан алуан мақалалар менмұндалап, тереңнен сыр шертіп тұр. 1999-шы жылдың жаңа саны 6 қаңтар күні оқырманына жол тартып, жарыққа шығыпты. «Қалалық апталық үнқағаз» деп жазылған газет ақ пен қара түстен құралған. Ал жаңа жылдық алғашқы саны түрлі-түсті реңкпен бастырылғандықтан, расында, мерекелік нышанның лебі есіп, көңілге қуаныш сыйлады.

Орыс және қазақ, яғни аралас тілде шығатын газеттің маңдайында «Мы желаем счастья вам, счастья в этом мире большом!» деген тілек-тақырып пен Аяз атаның жылы жымиған суреті жарияланыпты. Оң қапталында Тараз қаласының әкімі Сейіт Сартбаевтың Жаңа жыл мерекесімен құттықтауы да жанға жылылық ұялатып тұр.
Дәл осы бірінші бетте «Лайықты өмір үшін» деген атаумен Қазақстанның халық әртісі Мәкен Рақымжанованың 10 қаңтар – Президент сайлауына арналған мақаласы бой түзепті. Одан кейінгі беттерде де Жаңа жылдың құрметіне арналған «Қоян жылынан не күтуге болады?», «Жаңа жылды қай ел, қалай қарсы алады?» деген қызықты деректерге толы материалдармен қатар, апталық жұлдызнама да оқырмандар назарына жолданған екен. Бір байқағаным, қай заман, қай тұс болмасын, алған бетінен жаңылмай, ақиқатқа арды серік еткен ұжым аймақтың тыныс-тіршілігін қала тұрғындарына жедел жеткізуде алдына жан салмағаны анық сезіледі.

Иә, заман көші алға жылжып, адамдар алмасып, өзекті тақырыптар өзгеріп отырғанымен, әр кезеңнің өз заманауи қызығы, өз хоббиі һәм ерекше тақырыбы болары сөзсіз. Мұндай қызықтан, әсіресе, жастар құр қалмайды. Олар қашанда жаңалықтың жаршысындай өздеріне ермек тауып ала қояды. Газеттің хабарландыру мен жарнама беру стилі айтарлықтай ерекше болғаны қызықтырды. Айтпағым, қазіргі таңда компьютер немесе смартфон арқылы жолданатын әлеуметтік желідегі посттар мен жолдаулар, sms-тер «Jambyl-Taraz» газетінің жарнама беттерінде көрініс тауыпты. Қазіргі таңда желіде аккаунт, ник деп аталатын атаулар ол кезде де болған. Бірақ олар тетікті басу арқылы бір секундта әлдекімнің mail.ru поштасына немесе жекесіне емес, арнайы Қазпоштаға хат арқылы жолданып және газеттің келесі санына дейін күтілген. Оған «Хабарлама» бетіндегі «Послания» деген бөлімінде Черный волк, Апельсин, Karlito, Карамелька сынды сан алуан қызықты атау, псевдонимдермен бір-біріне хат жолдап, жағдай сұрасып қана қоймай, танысып-біліскен жастардың хаттары куә. Дәл қазіргі кезеңде әлеуметтік желідегі «Вконтакте», «Facebook»-тегі жазбалар немесе танысу сайтындағы посттар сынды жазбаларды газетке өткізгені қандай қызық десеңізші. Қыз бен жігіттер бір-бірімен газет арқылы танысып қана қоймай, қалай сағынғандықтарын, жақсы көретіндіктерін де басылым бетінде жеткізіпті. Соған қарағанда бұл үрдіс кеудеге қуаныш сыйлай білгені сөзсіз. Түрлі цитаталар арасынан: «Бәріңізге жалынды сәлем! Қыздар, жігіттер, танысып отырайық. Газеттің келесі санында қыздар маған хат жолдаңдар! Кездесейік. Өткенде Зайчиктің маған арнап жазған хатын оқып, риза болдым. Зайчик, рақмет саған! Заман өтер. Адам алмасар. Үнқағаздар тарих төрінен орын алып, кейінгі жастар парақтаған кезде біздің есіміміз сайрап тұратын шығар. Сәлемнен, Студент», – деп жазған хат көңілімді толқытты. Бұл хаттар бүгінде тарих қойнауына енді. Сол кездегі уыз жастар ақыл тоқтатар қырықтың қырқасына шыққан қырма сақал болар жаста. Ал олар жазған хаттар әлі де дәл сол баяғыдай жап-жас, әлемді құшағына сыйдырып, әлі де сағынышқа тұнып тұр…

11.11.1999 жылдың №45 санында 1997 жылы қазан айында Жаңатас қаласында дәрігерлердің қателігінен орын алған паротит дертіне қарсы вакцинаның орнына туберкулездің екпесін егіп жіберген қателігі туралы көлемді мақаланы Владимир Стебелев жазыпты. Балалар бұл екпеден соң көздері нашар көріп, есту қабілеттері бәсеңдеп, тәбеті төмендеп, бастары ауырып, бүйрек пен бауыры істен шығып, тіпті кейбір балдырғандардың аузы мен мұрнынан қан аққаны туралы жантүршігерлік жағдай «Дело врачей» из Жанатаса» тақырыбымен оқырман назарына ұсынылыпты. Шынында да, оқырмандардан газетке медицина қызметкерлерінен, айлап жалақыларын ала алмаған білім қызметкерлерінен көптеген өтініштер келіп түседі. Мұны «Дәрігерлер ісі» атты материал растайды. Онда Жаңатастан төрт күнде жаяу облыс орталығына жеткендегі оқиғалар суреттелген. Олардың ойында тек бірнеше жылдан бері еңбекпен тапқан ақшаларын алу ғана еді. Әкімдіктегі әңгіме нәтиже бермеген соң, олар кері қайтып келе жатып, экстремалды қадам жасап, теміржолды жауып тастап, осылайша 13 жолаушы мен жүк пойыздарының қозғалысын тоқтатты. Бұл іс сол уақытта айтарлықтай резонанс тудырды.

Және де осы жылы Қазақстанда теңгенің өзгермелі айырбастау режимі енгізіледі де, нәтижесінде доллар бірден 90 теңгеден 160-қа көтеріліп кетеді. Бұл азық-түлік тауарларының бағасына да әсер етті. Сонымен, сол кезеңдегі газет мәліметтеріне сүйене отырып, 1999 жылдың 13 сәуірінде қаланың орталық базарында азық-түлік бағасы бірнеше күн ішінде сиыр еті – келісіне 150 теңге, қозы еті – 170 теңге, тауық еті – 160 теңге, қант – 60 теңгеге, ұн – 20 теңгеге, пайызбен есептегенде орта есеппен 30 пайызға дерлік өскені белгілі болды.

Пәтер иелену, қоныс аудару, бас-пана алу барысында да проблемалар аз болмаған сыңайлы. Көптеген үйлер иесіз болғанын, ал ғимараттар күрделі жөндеуді қажет еткенін Елена Ефимованың «Полицияға 100 пәтер» мақаласынан айқын байқауға болады. Мақала былай басталады: «Иесіз пәтерлер мәселесі қаламыздағы ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Бір жағынан, қараусыз қалған пәтерлердің артқаны күмілжітсе, екінші жағынан, тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың санының көптігі де ойландырады. Бос тұрғын үйді алып қою заңмен жазаланады. Енді, мұз жарылды! Педагогикалық институттың бұрынғы жатақханасындағы қараусыз қалған жүз пәтер облыстық полиция департаментінің полиция қызметкерлеріне берілді. Енді қуаныштысы сол, адамдар өз шаңырағында өмір сүріп, қараусыз қалған пәтерлердің саны азаятын болды», – дейді ол өз мақаласында. Осы жылы Атлантада өткен Олимпиададағы күміс медаль иегері, тараздық Болат Жұмаділов Хьюстон қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Бұл туралы Владимир Стебелев «Хьюстоннан алтынмен» мақаласында жазыпты.

2000 жыл

Заман алға озып, 2000 жыл табалдырық аттаған тұста, бір қуанарлығы, бірінші беттегі газеттің тақырыбы екі тілде шығыпты. Алдымен қазақ тілінде «2000-шы жыл құтты болсын!» деп берілсе, келесі кезекте орыс тілінде «Здравствуй, новый век, нам с тобой по пути!» деп Тараз қаласының әкімі Болат Сауранбаевтың екі тілде жазылған құттықтауымен бірге жолданыпты.

Басылымда түрлі тақырыптарда мәселе көтерген қазақ тілшілерінің жазбалары тұс-тұстан там-тұмдап бой көтере бастағаны байқалады. Шетелде оқып жүрген қазақ жастарымен қатар, медицина саласы да кенже қалмаған. Сонымен қатар тарих төңірегіндегі жазбалар да көптеп кездеседі. «Жансарай» айдарында поэзия мен прозаға кеңінен басымдық беріп отырған басылым ақындар Серік Томанов пен Әзімбек Жанқұлиевтің өлеңдерін үнемі жарқырата жариялаған екен. Аузымен от орған орақ тілді қос ақын да бүгінде арамызда жоқ. Бірақ газет бетіндегі өлеңдері мен сарғайған суреттерде жанарлары жарқылдап, өткен күннің еншісінде мәңгі сақталып қалыпты.

Қараша айының 3 жұлдызындағы №45 санында «Адам. Қоғам. Заң» айдарымен біраз түйткілді мәселенің түйіні тарқатылыпты. «Қағынса қызың жөргектен, артарсың кімге кінә сен?» деген тақырыпта қыздар қылмысы туралы айтылған. Онда жастары әлі кәмелетке жетпеген қыздардың аты аталып, түсі түстеліп, ашық тонаумен айналысқандары және бұл мақаладан қылмысқа барған қазақ қыздарының істі болып, соңыра темір торға тоғытылған тағдырына автор тарапынан алаңдаушылық байқалады. Сонымен қатар кәмелет жасына жетпеген жасөспірімдердің, оның ішінде тіпті баласы анасын жауыздықпен өлтірілгені, бір мектепте білім алған достардың бір-біріне жасаған қасақана қылмыстары ашық жарияланған.

«Қазақстан неліктен Диқанбай әліпбиіне көшу керек?» тақырыбында Нәзипа мен Әлия Диқанбаевалардың мақаласы бүгінгі таңда да өзекті болып отыр. Материалдан шағын үзінді: «Диқанбай әліпбиіне көшкенде, іс-қағаздарды жүргізу қалай болмақ? Барлық іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу үлгілерін дайындау керек. Іс-қағаздарын Диқанбай әліпбиінде жүргізу оңай болады, себебі іс-қағаз үлгілерін компьютермен дайындау жеңілдей түседі», – дей келіп: «Қазақстан кеш бастаса да барлық жағдайды ескеріп, жоғарғы дайындықпен, саналы түрде жаңа әліпбиге көшеді деп санаймыз. Қазақстан да, қазақ тілі де, еңбек етсек, әлем төрінен өз орнын алады», – депті апалы-сіңілі қыздар өз мақаласында.

2001 жыл

2001 жылғы шығарылған газетке кеңінен тоқталып өтер болсам, дәл бүгінгі күннің өзекті мәселесі сол уақытта да актуалды болған. Оған дәлел 1999, 2000, 2001 жылдардың қозғаған басты һәм ортақ тақырыбы – тіл, медицина, білім, бала тәрбиесі, баспана, мәдениет, қылмыс және тағы басқа да мәселелер. Дегенмен жылдан-жылға газет көтерген мәселелер жаңарып, жасарып, оң нәтиже де беріп отырған. Мәселен, «дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы аз әрі осы мамандықтардың беделі төмендеп барады» деген әңгіме ол кезде де айтылған екен. Ал күні бүгін бұл мәселелер оң шешімін тапқаны мәлім.

№16 санында «Қазақстан Халықтық банкі» ААҚ Жамбыл облыстық филиалы банк карточкаларын дамыту бөлімінің жетекші менеджері «Сіздің сенімді электрондық әмияныңыз» атты мақаласын жарыққа шығарған. «Төлем карточкасы ақшаның еркін қозғалысына, оны икемді, тиімді пайдалануға қажетті жағдай туғызады» деп анықтама беріпті. Міне, сонау 2000 жылдары бұл ұсыныс енді басталған болса, араға 21 жыл салып қазіргі таңда бұл үрдіс дамып, жетіле келіп, тұтынушылар төлем карточкасына көшті.

Жалпы 2000 жылы экономикалық жағдай тұрақталғаны байқалады. Баяғыдай кәсіпорындар мен ұйымдар жалақыны айлап кешіктіруді қойған. Дегенмен тұрғындардың қарызы болғандықтан, газ бен жарықты өшіру бұл жылдары әлі де көрініс тапқан екен. Бұл мәселе «Как долго жить нам при свечах» мақаласында айтылған.

Қашан, қай кезең, қай ғасыр болмасын, ең басты фактор адам денсаулығы, ұлттар достығы, отбасын сақтап қалу мен балалар тәрбиесі және қылмыстың алдын алу мен болдырмау сынды қағидалар үнемі бас тақырып болған. Наркология, алкоголь де қашанғы хас дұшпанымыз екенін газетті оқу барысында көз жеткіздік.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.