Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жуалының көшелері самаладай жарқырайды

0 171

Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында Мемлекет басшысының жылдағы дәстүрлі халыққа арнаған Жолдауының басым бағыттары мен мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – аудан тұрғындарының көптеп көтеріп жүрген маңызды мәселе- сі – көшелерді түнгі уақытта жарықтандыру. Көше жарығы қазіргі өркениетті қоғамда басты мәселенің бірі десек артық айтқандық болмас.

Бұл бағытта аудан орталығында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Мақсұт Орымбаев айтып берді.
– Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 83 көше бар. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, бүгінде 59 көшеде тиісті жұмыстар жүргізіліп, түнгі жарықтандыру іске қосылған. Атап айтқанда, ауылдағы – Л.Сейітбеков, Б.Қойбақов, Абай бұрылысы, С.Күшанов, Ш.Үлеков, Ы.Алтынсарин, Б.Сафинов, Б.Үсенов, Бірлік, А.Оразбаева тұйығы және А.Иманов көшелеріне түнгі жарықтандыру жүргізу жұмыстарына 15 миллион теңге қаржы жұмсалып отыр. Аталған көшелердің жарықтандыру жұмыстарын мердігер мекеме «Алатау-Бәйтерек» ЖШС жүзеге асырды.
Ал биылғы жылы аудан орталығындағы көшелердегі бағаналарды қайта жаңғырту жұмыстары жалғасын табуда. Дәлірек айтқанда, елді мекендегі 11 көшеге 120 жарық бағанасы орнатылып, оған заманауи түнгі жарықтандыру шамдары қойылды. Айта кететін болсақ, түнгі жарықтандыру жұмыстары ауыл келбетін арттырып қана қоймай, жазатайым оқиғалар мен ұрлық, қарақшылық сияқты әрекеттерге де тосқауыл қоюға өзіндік септігін тигізетіні анық. Мұндай игі іске көше тұрғындары дән риза.
Алдын ала жасалған жобаға сәйкес 11 көшеге 20 миллион теңге қаржы қарастырылған. Жарияланған ашық конкурстың нәтижесінде осыншама қаржының 15 миллион теңгесіне жеңімпаз анықталды. Қазіргі таңда бұл жұмыстарды мердігер Арман Қаналбай атқарып келеді. Бүгінгі күнде 69 көше толықтай жарықтандырылған, – деді өз сөзінде Мақсұт Мұратбекұлы.
Ауданның орталығы – өңірдің айнасы. Сондықтан күндізгі уақытты айтпағанда, ауылдың түнгі мезгілде самаладай жап-жарық болып тұруы атқарылған нәтижелі жұмыстың бар екенінің айғағы.
– Биыл елді мекен аумағында түнгі жарықтандыру бойынша тиісті жөндеу жұмыстарына 3 миллион 470 мыңға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын мердігер ««Asu Stroy» ЖШС-ның басшысы Нұрғали Төлендиев өз міндетіне алып отыр. Сол бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен өз жалғасын табады, – дейді ауыл әкімінің орынбасары.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.