Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жомарт жандарға құрмет

0 354

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан «Жомарт жүрек» байқауының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Суретті түсірген Юрий КИМ

Салтанатты шараны облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы ашып, жобаның маңыздылығына тоқталды. – Ежелден жомарттығымен танылған ұлтымыздың ұрпағы да ата дәстүрді жалғастырып, тұрмысы төмен отбасыларын, мұқтаж жандарды қолдап келеді. Биыл 77 жомарт жанның арқасында 900 миллионға жуық қаржыға жұмыс атқарылыпты. Жалпы ағымдағы жылы байқауға екі мың номинант қатысқан. Соның ішінде бесеуі ерекше жүлдегер болып отыр. Жыл сайын осындай жомарт жандар көбейе берсін. Азаматтарымыз сіздерден үлгі ала берсін! – деді Сұлушаш Сәтбекқызы.
«Жомарт жүрек» сыйлығы 5 номинация бойынша табысталды. Оның алғашқысы – «Жыл меценаты» аталымы. Оған туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларға қолдау білдіріп, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсеткені үшін «Арайстроймаркет – 2003» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Арман Еділбаев лайық деп танылды. Арман Захарыпұлы 2015 жылдан бері қарттар үйі мен балалар үйіне қаржылай көмек көрсетіп келеді. Ағымдағы жылы қайта жаңғыртудан өткен «Жастар» аллеясының құрылыс жұмыстарына 224 миллион теңге бөлді. Мұнымен қоса қайырымды жан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға 12 миллион теңгеге 2 бөлмелі пәтер сыйлады.

«Туған өлке» аталымы бойынша қордайлық кәсіпкер, «СССР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Сәрсебек Салыбаев марапатталды. Серіктестік директоры 2017-2018 жылдары Қордай ауылының аз қамтылған отбасыларына 26,9 миллион теңгеге тұрғын үй салып берсе, биыл 15 миллион теңгеге 3 тұрғын үйдің құрылысын аяқтады. 2020 жылы 4 отбасыға тұрғын үй салып беруді жоспарлап отыр. Меценат мұнымен қоса өзінің ауылдастарына 17 баспана алуға қаржылай көмектесіп, 10 отбасыға 1 миллион теңгеге және үйі өртенген жалғызбасты анаға 5000 дана кірпіш пен құрылыс заттарын алуға жәрдемдесті.
Спорттық мансабында 12 рет әлем рекордын жаңғыртқан даңқты спортшы, Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллинаға «Жыл тұлғасы» атағы берілді. Зульфия Раухатқызы осы уақытқа дейін өз қаражаты есебінен көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға үнемі қол ұшын созып, көмектесіп келеді. Ағымдағы жылы «Туған жер» жобасы аясында Тараз қаласы «Жансая» ықшам ауданында 6х20 м баскетбол, кіші футбол және басқа да спорт түрлерімен айналысатын алаңды соғып, балалар әткеншектерін сыйға тартты.
Бұл жолы «Жылдың үздік ұйымы» аталымы құрылғанына 20 жыл уақыт болған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бұйырды. Өз өнімін әлемнің 27 еліне экспорттайтын серіктестік соңғы жылдары қайырымдылыққа 46 миллион теңге жұмсаған. Әлеуметтік маңызы бар үздік жобаларды жүзеге асырғандарға ғана табыс етілетін «Ерен еріктілік» атағы Құмшағал, Шөлдала тұрғындарына көмек қолын созып жүрген «ӨРКЕН-НИЕТ» қайырымдылық қорының төрағасы Сағдат Айнабековке бұйырды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.