Халықаралық антиядролық қозғалыстың 30 жылдығына орай ТарМПУ қабырғасында «Бейбітшілік эстафетасы– жастарға» атты форум ұйымдастырылды.

Арайлы Жақсылық

Форумның мақсаты – ядролық қарусыз әлем құру саясатын насихаттау және одан бас тартуға шақыру. Тарих беттерінен «Невада-Семей» аталатын антиядролық қозғалыс құру туралы үндеуді 1989 жылы 28 ақпанда КСРО депутаттарының I съезіне қатысқан Олжас Сүлейменов тастағаны белгілі. Нәтижесінде 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен Семейдегі полигон жабылып, қозғалыстың алға қойған бар мақсаты орындалды. Сондай-ақ 29 тамыз – Халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітіліп, Қазақстан толықтай ядролық қарудан бас тартты.
Жиын барысында ТарМПУ-дың тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова баяндама жасады.
– Біздің халқымыздың қалауымен, Елбасының бастамасымен бұдан 30 жыл бұрын жүзеге асқан бұл тарихи актінің болашақ үшін зор мәні бар. Бұл қырық жылдан астам уақыт бойы біздің Жер анамызды тітіркенткен қатал да қайталанбас зұлмат болатын. Мәліметтер бойынша, Семей полигонында 1949-1989 жылдар аралығында 468 рет ядролық бомба сынақтан өткізілген. Алапат зауал бір жарым миллионнан астам отандасымыздың тағдырын тәлкекке салып, денсаулықтарына зиянын тигізді. Оның зардабы әлі күнге сезіліп келеді, – деді Орынқыз Жолдасова.
Сонымен қатар форумға «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысының Жамбыл облыстық филиалының жетекшісі Раиса Рысқұлбекова, «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Мылтықбайұлы, «Қызыл ай» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры Оразкүл Тастемірова, облыстық «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Уәлихан Болатбек, облыстық жастар орталығының директоры Бауыржан Мурбеков қатысып, ядролық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған