Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Желтоқсан, 86» – бодандыққа қарсы бұлқыныс

0 528

Тағдыр мықтыларды сынайды. Бұл дүниенің жазылмаған заңы. Қазақтың ғасырлар бойы өзінің тарихи жолында небір қасіреттерді өткеруі осы даналықтың ақиқаттығын айғақтап тұрғандай. Біздер, бүгінгі тәуелсіз елдің адамдары, желтоқсан бастала салысымен, жүрегімізді мұз қарып, сол 86-ның ызғарын тұла бойымыздан өткереміз. Желтоқсан бастала сала даламызда да, қаламызда да қыршын кеткен өрендеріміздің рухына құран бағышталады, тағзым етіледі.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Кейбір тарихи деректер өзгеріп, оқиғалардың даму реті мың бұрмаланса да, айнымас ақиқат біреу ғана. 1986 жылдың 16-17 желтоқсанында Алматының басты алаңында Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен кетуіне наразылық білдіріп, ҚКОК-ның бірінші хатшысы болған Колбиннің орнына қазақ азаматын тағайындауды талап ету мақсатында жиылған бейбіт шерудің соңы қанды оқиғаға ұласты. Желтоқсанның ызғары жүректерді қарып, азаматтарымыз жазықсыз таяқ жеп, үстерінен өрт сөндіргіш көлікпен су шашылып, мұзға сүрініп, бірі сотталып, енді бірі тәуелсіздік алған күнге дейін қудаланумен болды. Тарих дәптерімізде ауыр да қасіретті шақ болып жазылған осы бір Желтоқсан оқиғасына арналып бой көтерген «Желтоқсан, 86» орталығы Тараздың қақ ортасында 2018 жылдың қазанынан бері жұмыс істеп келеді.

Еліміздегі жалғыз орталық

Келешекті кемел қылу үшін, өткеннің тарам-тарам жолдарына асқан ыждағаттылықпен үңілу ел ертеңі ретінде бағаланатын ұландарға насихат етіледі. Мұндай орталық Қазақстан бойынша жалғыз Жамбыл облысында ғана бар. Тарихи оқиғаға терең мән-мағына үстеу жолында ашылған аталмыш мекемеде жүректі езгілеген сол оқиғадан ақпар беретін түрлі деректер, тарихи фотолар, желтоқсаншылардан алынған жәдігерлер, құжаттар мен хаттар, кітаптар жиналған. Әсіресе, желтоқсан айында келушілердің қарасы қалыңдап, өткенге үңіліп, аға-әпкелердің ерлігін санаға түюге студенттер, оқушылар, қала тұрғындары арнайы келеді. Айта кететін жайт, мұнымен қоса үш залдан тұратын орталықта қанды оқиғаға қатысқан желтоқсаншылар туралы деректер базасы жинақталған. Бүгінде орталық меңгерушісі Ләззат Қабылбекованың айтуынша, мұнда 148 желтоқсаншы тіркелген. Ал, шындығына келгенде, ресми тіркелмеген желтоқсаншылардың саны қала бойынша 200-ден асып жығылады. Орталыққа бас сұқсаңыз, алғашқы залда оқиғаға жалпы сипаттама берілген. Көзіңіз бірден «Әр халыққа өз көсемі», «Ешқандай ұлтқа артықшылық берілмесін!» деген лозунгке түседі. Бұл – сол кездегі жастар алаңға өздері жазып, қолдарына ұстап шыққан сөздер. Мұнымен қоса залда Желтоқсан оқиғасының аты аталып жүрген төрт бірдей құрбандары Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сабира Мұхамеджанованың суреті қойылған.

Тас мүсінге тіл бітсе…

Мұндағы ең ерекше жәдігер – тас мүсінші, суретші Қали Қораласбаевтың «Желтоқсан желі-86» еңбегі.
– Өміріме әсер еткен оқиға шығармашылығыма да қатты әсер етті. Сол себепті туындыларымның барлығының тақырыбы өте ауыр болып келеді. Ал Желтоқсан оқиғасына арнаған «Желтоқсан желі-86» тастан жасалған мүсіндік жұмысым Тараз қаласындағы «Желтоқсан, 86» орталығы музейінің төріне қойылды. Табиғи тастан жасалған еңбегімді 1986 жылы ел тағдыры үшін құрбан болған жастарға арнадым. 2015 жылы басталған осы мүсіндік композициямды 2018 жылы аяқтап, музейге табыстадым. Ол тас мен үшін сөйлеп тұр. Сол бір 86-ның қаһарлы ызғарын сездіріп тұр. Елдің әрбір азаматы 16-17 желтоқсанның қасіретті күн екенін жадында ұстап әрі тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуі шарт. Ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткен күн ретінде атап өтіп әрі Желтоқсан құрбандарына тағзым ете жүру де керек, – дейді мүсінші.

Қылқаламға қуат бітірген «қанды Желтоқсан»

Екінші залда Желтоқсан оқиғасына қатысқан желтоқсаншылардың тізімі мен фотосуреттері ілінген. Орталықтың осы бөлімінде суретші Қалаубек Әділханның «Желтоқсан ызғары» атты картинасы көзге оттай басылады. Бұл тағдырлы картина туралы қанды оқиғаға куә болған қылқалам шеберінің өзі асқан тебіреніспен әңгімелеп берді.
– 17 желтоқсан күнгі халқы үшін қалқан болғандар туралы көп айта аламын. Қыздардың ерліктері Тұмар патшайымның батырлығына пара-пар болды. Қол ұстасып, қасқайып, қызыл жендетке қарсы тұру үшін ұлттық рухтың жоғары болғанын дәлелдеудің қажеті шамалы болды. Осы көтерілістен соң оқудан шығып, ауылға қайтып келген соң, қазақ халқының болашағы мен тәуелсіздігін армандап, жүрек түбіндегі ұшқыр қиялымды жүзеге асыру үшін елімнің тарихына арнап, «Желтоқсан ызғары» атты картинаны салдым. Бүгінгі таңда «Желтоқсан, 86» орталығының төрінде экспонат ретінде тұрған бұл картинаның мазмұнын 3 бөлікке бөлдім. Ортаңғы бөлігі қазақ жастарының тәуелсіздікке деген ұмтылысы мен құштарлығын бейнелейді. Картинаның оң жағында сол 1986 жылғы 16-18 желтоқсан күндерін күнтізбе арқылы бейнелей отырып, бұл күндердің де болашақта тағылымы зор тарих болып қалатындығын көрсеткім келді. Картинаның сол жағында ауылда қалған ата-анамыз бен ата-әжеміздің алаңда жүрген перзенттерін уайымдап отырғанын бейнеледім. Адам қолының көкке ұмтылып тұрғанын салғандағы ойымыз – біз армандаған тәуелсіздіктің таңы атады, атып қана қоймай, төрткүл дүние мойындайтын іргелі елге айналатындығымызды сеніммен сомдау еді, – дейді Қалаубек Үшкемпірұлы.

«Қазақ деген затым бар…»

Желтоқсан дегенде ойға оралатын оғландардың бірі – Қайрат Рысқұлбеков. Осы оқиғаның басы-қасында болған, ізінше тоталитарлық жүйенің жазықсыз құрбанына айналған қазақтың қаһарман перзенті Жамбыл топырағының тумасы болатын. Орталықтан бейкүнә оққа ұшқан жерлесімізге бір бөлме арнамау елдігімізге сын болар еді. Мұнда Халық қаһарманының өзі қолданған заттары, киімдері, мектеп формасы, абақтыдан үйіне жолдаған хаттарының көшірмесі орналастырылған. Бөлмеге бас сұққан әрбір адам бұл жерден Қайраттың рухын, болмысын терең сезініп, жазықсыз құрбан болған тепсе темір үзетін, маңдайға сыймай кеткен перзентіміздің ерен ерлігін өн бойынан өткізіп шығады. Орталыққа жиі келіп, бауыры туралы естеліктерімен бөлісіп тұратын Қайрат Рысқұлбековтің әпкесі Гүлнар Рысқұлбекова бала кезінде інісінің қатарластарынан ерекше болғанын айтады.

– Қайратты ойға алсам жүрегім езіледі. 1986 жылдың желтоқсаны біздің әулетіміз үшін өте ауыр кезең болды. Ол бала кезінен өзгелерден ерекшеленіп жүретін. Алғыр, зерек, ұшқыр ойлы еді. Тағы бір ерекше қасиеті – әрқашан жақсылық жасауға асығатын. Бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын. Әлі есімде қойнында ылғи қойын кітапшасы, қаламсабы жүретін. Жазбалары мен өлеңдерін түртіп қоятын. Отбасымызда 8 бала өстік. Бірақ ол өзгеше еді. Ол кезде Қайрат інісі Талғатпен бірге Алматыдағы сәулет-құрылыс институтының студенті еді. Менің тағы бір ініммен бірге үшеуі, қасына тағы да студент жастар жиылып, алаңға барған. Ары қарай не болғанын барша қазақ біледі. Сот болғанда, Қайрат қыз балаларды ұрып жатқанда нағыз еркек шетте қарап тұрмайтынын шегелеп тұрып жеткізді. Соңғы сөздерінде ол бүгінде елдің жадында жатталған өлеңін оқып, соттан барлық жағдайды ескере отырып әділ төрелік етуді сұрады. Сол кездің өзінде ол бізбен қоштасып кеткен болатын. Аса ауыр жаза тағайындалып, кейін ол жаза жиырма жыл бас бостандығынан айыру түріне ауысқанда қатты қуандық. Біз үшін оның тірі жүргенінен артық бақыт жоқ еді. Бірақ Қайрат сол күйі туған үйге оралған жоқ. Қаншама жылдар өтсе де үмітімізден, ұлымыздан, бауырымыздан айырылған шақты көзіміздің жасымен еске аламыз. Мұндайды ешкімнің басына бермесін. Бізге әлі күнге дейін еске алу шараларына қатысу ауыр. Әлбетте, Қайратымыз халық үшін қаһарман, бірақ бізге бауырымызды ешкім қайтарып бере алмайды. Жас ұрпаққа айтар өнегем біреу ғана – өткеннің қателіктерін қайталамаңдар, еліміздің іргесін берік қалап, Отанымызды сүйіңдер, – деді Қайраттың әпкесі.

«Ей, Тәңір, менің ұлым ақын еді, Ақындар қайтіп адам өлтіреді»

Аталмыш орталықта Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековпен қатар Брежнев алаңына алшаң адымдап барып, жастар ұстанымын анық білдіріп, желтоқсаннан ілгеріде «Қара машина» өлеңі үшін қудалауға ұшыраған жуалылық ақын Бауыржан Үсеновтің суреті қатар ілініп тұр. Ақынның үзеңгілесі Амангелді Әбіл алаңға бара жатқан досының: «Бұл жүз жылда қайталанбайтын ұлы ерлік, көресің, тәуелсіздігіміздің бастауы осы күн болады», – деген сөзін әлі күнге дейін таңданыспен еске алып отырады. Барлық мағынасында да желтоқсанның ызғары өткен ақынның бірі де осы Бауыржан Үсенов еді. Жоғарыдағы тіркес ақын Қайрат Рысқұлбековке ауыр жаза тағайындалғанда асқан күңіреніс үстінде өмірге келген «Құдайға мұңын шаққан ана зары» өлеңінен үзінді. Осындай толғаныс кезінде шайыр «Желтоқсан» атты поэманы өмірге әкеледі. Бұл отты жырлар ақынның тек ақын ғана емес, күрескер азамат екенін де айғақтай түскендей. Сондай-ақ Бауыржан Үсенов ақынға тән көрегенділікпен «Түсімде ылғи бір биіктен көрінеді бөрілі байрақ» деп те қалам тербеген. Отаны бастан өткерген әрбір тарихи оқиғаны өзінің тағдырымен жыр арқылы ұштастырған ақын Желтоқсан оқиғасы кезінде қос бүйректен өткен суықтың зардабынан небәрі 31 жасында, бабалар аңсаған тәуелсіздік таңының атуына 4 ай қалғанда өмірден өтіп кетті. Соңында ұлдары мен аяулы жары қалды. Әкесін аңыз адамға балайтын Мұхаммедсалық Үсенов «Желтоқсан, 86» орталығына арнайы ат басын бұрып, әкесінің күрескерлік рухы туралы әңгімелеп берген болатын.

– Шын мәнісінде, бүгінгі азаттықтың бағасы біздің халық үшін, сол кездегі жастарымыз үшін аса ауыр болды деп есептеймін. Сол кездегі «елім» деп атой салған рухты азаматтардың қатарында менің әкем де бар. Ол – Желтоқсан оқиғасына дейін де өзінің ұлт-азаттық бағытындағы өлеңдерімен сол кездегі биліктің саясатына томпақ келетін мінез танытқан адам. Алматыдағы қанды оқиғаның да өміріне әсері зор болған. Өзі табиғатынан өршіл адам мұндайда шыдап отыра алмас еді деп ойлаймын. Рас, мен әкемді анық көрмесем де, ол туралы ел аңыз етіп айтатын әңгімелерге жастайымнан қанықпын. Сондықтан да мен үшін әкем – аңыз адам. Ал бұл орталық осындай ұлтын сүйген күрескер қаһармандардың есімін ұлықтау үшін таптырмас мекеме деп ойлаймын. Бүгін арнайы келіп, бойымда өзгеше күй пайда болды. Бір жағынан, мақтаныш, бір жағынан, сағыныш сезімі бойымды билеп тұр. Мұндай орталықтың тек Таразда ғана барына қатты таңдандым. Меніңше, жас ұрпақ үшін осындай нысандарды көбейтуіміз керек. Сонда ғана азаттық жолында жан аямаған азаматтарымыздың ерлігі жастар арасында молынан насихатталып, бойларында отансүйгіштік қасиет тереңінен қалыптасады, – дейді Мұхаммедсалық Бауыржанұлы.

Орталық меңгерушісі Ләззат Қабылбекованың айтуынша, Тараздағы бұл нүкте 86-шы жылдың желтоқсанында алаңда болған әрбір желтоқсаншының арнайы келіп, санаға сілкініс жасаған естеліктерімен бөлісіп, арман еткен азаттықты қарыс қадам жақындатқандардың жиі ат басын бұратын орнына айналған. 2019 жылдың қарашасынан бастап меңгеруші қызметіне кіріскен ол күннен-күнге желтоқсаншылар санының артып келе жатқанын айтады.
– Осы уақытқа дейін көптеген желтоқсаншылар өздерінің сол оқиғаға қатысқандарын жасыруға тырысып келді. Себебі оқудан шығарылды, қуғынға ұшырады. Азаттық арқасында арқамызды енді кеңге жайып жатырмыз ғой. Ал ертеректе қиындау болатын. 2018 жылы Асқар Мырзахметовтің тікелей басшылығымен ашылған нысанда қызмет ететінімді мақтан тұтамын. Күн сайын жастарды тәуелсіздік алу жолындағы басты оқиғамен жақынырақ таныс-тыру мақтаныш сезімін ұялатады. Қазір орталық жұмысымен жіті танысуға ниетті жандар көбейіп келеді. Мұнда келген адамдардың көздеріне жас алмай кетуі кемде-кем. Орталыққа құрбан болған желтоқсаншылардың да туыстары жиі бас сұғады. Қынжылтатыны, бізге желтоқсан айы туғанда ғана келушілердің саны күрт көбейеді. Күрескерлеріміздің рухына жыл бойы тағзым жасалса жараспай ма?! Келер ұрпақтың жадына бабалар ерлігін сіңдіру үшін біз аянып қалмақ емеспіз, – дейді Ләззат Қабылбекова.
Орталық алдында қасқайып Қайрат Рысқұлбековтің тас мүсіні тұр. Желтоқсан туғанда алды қызыл гүлге толады. Маңы саябақ. Қаланың келбетті бөлігінен орын тепкен нысан өзінің тарихи маңыздылығы жөнінде ешбір ғимараттан кем болып тұрған жоқ. Желтоқсан оқиғасының ұлт тарихындағы орны онсыз да лайықты бағасын ала алмай отырған шақта мұнда келушілердің саны артып жатқаны қуантады. Тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастарының азаттық жолындағы күресіне «ұлт-азаттық көтеріліс» деген лайықты баға берілсе деген арман-тілек көптің көкейінде. Сонда ғана осындай орталықтардың саны көбейіп, желтоқсаншыларға тағзым жыл он екі ай жасалар ма еді, кім білсін?! Бодандыққа қарсы жастардың жойқын бұлқынысын лайықты бағалау – болашаққа аманат.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.