Қалалық қоғамдық-саяси газет

Желідегі «жеңілтек» қыздарды қалай «жүгендейміз»?

0 3  921

Заман көші ілгерілеп, ұялы телефон қолданысқа енгелі адам баласы әлеуметтік желіде желдей есіп, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып қана қоймай, талантын танытып, алты алашқа атын әйгілі етуге үлкен мүмкіндік алды.

Әлеуметтік желінің дәурені жүргелі бірі өз еңбегімен еленсе, бірі маңдай терімен жетістікке жеткен жолдарымен бөлісіп әлек. Енді бірі ақылына жүгініп, ілім-білім ізденіп, игерсем, көрсем-білсем деген ниетпен көздеген мақсатына жетті. Сөйтіп, әркім өз хал-қадірінше атақты болудың амалын тапты. Олардың ішінде көз тоймас табиғи көркіне «көрімдік» сұрап, ғаламтордан нәпақа табуды кәсіп санап жүргендер де баршылық. Ал, ең аяныштысы, арсыздыққа салынамын деп ақылынан адасып, еліктеймін деп ебедейсіз қылық танытып, оспадарлықпен ой саламын деп омақаса құлап, оңбай жүргендер де аз емес. Олардың ерсі қылығы өздеріне ғана емес, барша қоғамға қауіпті.
Несімен қауіпті дерсіз? Себебі ғаламтордың есігі кімге болсын айқара ашық. Мұнда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін емін-еркін, аралас-құралас. Өзге елдің тілін білмеген соң, ана тілінде контент қарайтыны анық. Ал қаны бұзық, қаныпезерлердің қылығы көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұр. Сонда сол ел ертеңі деп үміт артып отырған балдырғандардың көзін ашып көргені былапыт сөз, бейәдеп қылық болса, таным көкжиегі бұлыңғырланып, ертеңі ергежейлі болмасына кім кепіл?!
Ғаламтор – әлемнің көзі һәм құлағы, айнасы. Бұрын бабаларымыздың бұрымынан иіскетпей, білегінен ұстатпай өсірген қаракөздері бүгінде бөксесін бұлтыңдатып, жалаңаш бейнелерін жарнамалап, ғаламторда санын шапақтап шауып жүр. Олардың ішінде Айжан Байзақова алғашқылардың бірі болып көш бастап тұр. Айжанның әкесі тараздық болса, анасы шымкенттік. Алты жасынан бері спортпен шұғылданған қыз спорт шеберлігінен үміткер, таэквондодан қара белбеу иегері. Актриса болып, бірнеше фильмде бақ та сынап үлгерді. Кейін бет-әлпетіне ота жасап, омырауын үлкейтіп, ажарлана түсті. Кескін-келбетін келістіріп алған бойжеткен енді қыздардың намысын аяққа таптайтын арсыздыққа жол берді. Ол ащы суды жақсы көретінін жасырмайды. Жігіттермен бірге өрескел қылық танытып, онысын да ғаламторға жариялайды. Одан бөлек, мейрамханаларда шешініп билеп, ішімдікті насихаттап жүріп, тәртіп сақшыларына бірнеше рет ұсталып, үш күндік темір торға тоғытылып, айыппұл да салынды. Оң босағада отырып, бала да тапты. Айжанның ата-анасы, бауырлары да бар. Алайда олар қыздың мұндай қылығына көндіккен.
Одан кейін Айжанның орнын басып, Шырын Нарчаева есімді бойжеткен танылды. Ол жалаңаш денесіне сәукеле киіп желіні «жарды». Тараздық қыздың бұл қылығы бүкіл бір ұлттың ар-намысын таптады. Бірақ «Әй дейтін әже, қой дейтін қожасы жоқ» ол туған анасының қызының қылығына қарсы еместігін айтып ақталды. Шынашақтай ғана жас қызын желіге желпілдетіп жіберіп қойған анасы базарда сауда жасайды. Анасы өз ортасында, расында, қызының қылығына араласпайтынын, ол не істесе де өз еркі екенін айтатын көрінеді. Бетінен қақпай өсірген бойжеткеннің де бүгінде іліп алар қылығы жоқ. Бұл қыз да әлі күнге желіде желдей есіп, жеңілтектігінен арылған жоқ. Қайта күннен-күнге қаралымын көбейту үшін түрлі «трюктар» ойлап тауып жүр.
Ал бұрынырақ «Қара қатын», «Қолтықшаш», бүгінде «Ұлы дала қатыны» аккаунтымен атағы шыққан бейпіл ауыз бойжеткен тіпті қазақша контенттің ішінде топ жарып жүр. Себебі Айжан мен Шырын орыс тілді болса, «Ұлы дала қатыны» болып танылған келіншек қазақи ортада тәрбиеленген. Ол бүгінде өзінің не істеп жүргенінен бейхабар, ақыл-есі кембағал жандарды сомдап жүргендей өмір сүреді. Бірде даладағы дәретханада отырғанын түсіріп, желіге жүктесе, енді бірде жарасымсыз би билеп әлек. Ал ең сорақысы – бұт киімін ашып, түрлі еркектің атын атап, «шық менің қара орманымнан» деп айқайлайтыны. Онысымен қоймай, осындай видеолары үшін ақы сұрайды. Ең қызығы, бұл қыздар өздерінің ел ішінде сүйкімі жоқ екенін біледі. Сөйтіп, «халық үшін арнайы кешірім видеосын түсірдік» деп жарияға жар салады. Бірақ басында ағыл-тегіл жылап, жұрттан кешірім сұрап бастаған видеосының соңы ортан саусағын көрсетіп, қарқ-қарқ кекесінді күлкілерімен тынады.
Бұл үш жеңілтек қыз да тараздық. Жерлес. Ер азаматтарды былай қойғанда, қазақтың қаракөз қыздарының осылай бетімен кеткені жанға батады. Қазақ қоғамы үшін мұндай арсыздар өте қауіпті. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетер нәзікжандыларды «нәзік жындыға» айналдырмай, тоқтатуға не кедергі? Ол үшін қандай да бір алқа билер отырысы немесе асқан ақыл қажет емес шығар? Қазақша контент іздеп, ғаламторды тінте қалсаң, атып шығатын шырақтарға тосқауылды қалай қойса болады? Жөн-жосықсыз, бетімен кеткендердің бетін қалай қайтарамыз? «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген сөз бар. Ақылының таяздығынан желіні шайқап жүрген қыздардың беті қашан бері қарайды? Сіз не дейсіз, оқырман?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.