Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мейірімнің» мейірімі таусылды ма?

0 423

Халқымыз әлімсақтан жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Бұл – біздің бабадан жеткен асыл қасиеттеріміздің бірі. Осының жалғасы ретінде екі жылдан астам уақыт бұрын облысымызда «Мейірім» жобасы бастау алған болатын. Соның аясында сол кездегі аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған азаматтар біраз баланы қамқорлыққа алған еді. Алайда бір кезде жарнамасы жер жарған сол жоба бүгінде жүрісінен жаңылғандай. Олай дейтініміз, содан бері «Мейірімге» қатысты ақпарат бетінде жылт еткен бірде-бір жаңалықты байқаған емеспіз. Жалпы тәлімгерлер жауапкершілігіне алған міндетті орындап, балалардың есеп-шотын аударып жүр ме, әлде бұл бір реттік қана жоба болғаны ма? Біз осыған жауап іздеп көрген едік…

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, жоба бір сәтке де тоқтамай, үздіксіз жалғасып жатқан көрінеді.
– Облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 4 мекемедегі 137 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында облыстағы 96 мекеме мен жауапты тұлғалар бекітілген. Тізім бойынша «Отбасы банкінде» 137 баланың барлығына арнайы есепшоттар ашылды. Тараз қаласы мен аудандардағы отбасылық тәрбиеде жүрген 1 194 балаға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 1 012 демеушімен жұмыстар жүргізілді. Өңір әкімдерімен демеушілер бекітіліп, бүгінгі күні демеуші, баланың заңды өкілі және «Отбасы банкімен» үшжақты келісімшарт жасалуда. Сондай-ақ «Мейірім» жобасы аясында 1 331 баланың «Отбасы банкінде» ашылған шоттарына бекітілген мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар 2020 жылдан 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін 25 миллион 555 мың теңге салып, бүгінгі күні 52 миллион 300 теңгені құрап отыр. Былтырдың өзінде 27 миллион 395 мың теңге есепшотқа түсті. Жиналған қаражатты бала кәмелет жасына толғаннан кейін ғана алып, өмірлік қажеттілігіне жұмсайды. Тағы бір айта кетерлігі, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санының тұрақты ауысуына байланысты ай сайын мониторинг жүргізіліп, оларға бекітілген демеушілер нақтыланып отырады. Оларға ай сайын білім басқармасының тарапынан өздеріне бекітілген балаларға көмек көрсету туралы хаттар жолдануда. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ай сайын «Отбасы банкінен» демеушілер тарапынан салынған қаражат бойынша мәліметтер де алынып отырады, – дейді басқарманың баспасөз қызметі. Сонымен қатар олардың сөзінше, соңғы 6 жылда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 711 пәтер берілсе, соның 79-ы өткен жылға тиесілі екен. Бұл сандар, әрине, жанға жылу сыйлайды. Бірақ есепшотына қаржы аударғаннан кейін балаларды бірде-бір рет көрмеген тәлімгерлер де бар. Солардың бірі – Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров.
– Мен сол кезде екі балаға көмектескенмін. Екеуінің де тиісті қаржысын аударып бердім. Содан бері олармен ешқандай қарым-қатынасым жоқ. Бір жағынан, жұмысбасты болғаннан кейін оған да уақыт табыла бермейді. Бірақ кездесулер ұйымдастыратын болса, қалмауға тырысамын. Ал жоба 2020 жылдан кейін жалғасты ма, жоқ па, ол жағы маған беймәлім, – дейді Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Бұдан бөлек, жоба бастау алған сәтте-ақ Жамбыл облысының экс-әкімі Бердібек Машбекұлы Альбина Қадырова есімді қызды қамқорлығына алып, банктегі есепшотына 1 миллион теңге аударған болатын. Қазіргі таңда осы қыздың жағдайы қалай? Шотына құйылған қаржысын қашан ала алады? Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында тәрбиеленіп жатқан өзге балалар «Мейірім» жобасының мейірімін сезіне алды ма? Осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында орталыққа хабарласқан едік.
– Орталығымыздың 61 тәрбиеленушісіне облыстағы мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарының басшылары әлеуметтік келісімшартқа қол қойып, балаларды тұрақты жұмыспен және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында жеке есепшот ашылып, ақшалай қаражат аударылуда. Әркім өз мүмкіндігінше қаржы аударады, оларға міндеттелген сома жоқ. Қазір Альбина Тараз қаласындағы №46 мектептің 8-сыныбында оқып жатыр. Банктегі қаржысын кәмелеттік жасқа толғанда ала алады. Қыздың жағдайы жақсы. Озат оқушылардың бірі. Қазіргі облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қанатының астына алған Элона Канкан есімді тәрбиеленушіміз «125» білім беру орталығының 10-сыныбында оқиды. Нұржан Молдиярұлы да ол қызға қолдан келген көмегін аямауда, – дейді орталықтың аға са- рапшысы Жеңіскүл Есеналиева.

Әрине, жоба ешкімді қаржы аударуға мәжбүрлемейді. Алайда «Мейірімнің» мейірімі орта жолда таусылмай, барлық бала шапағатын сезінсе дейсің. Өйткені ол балғындар алақанның жылуы мен көптің демеуіне зәру. Күні кеше қала әкімі Бақытжан Орынбеков те аталған жобаны қолдап, оны әрі қарай ілгерілету керектігін баса айтқан болатын. Сондықтан келешекте «Мейірім» жобасы әрі қарай жандана түсеріне үмітіміз басым.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.