Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген алқаптар тиімді игерілуге тиіс

0 313

Бюджеттің қаржысы тиімді, үнемді әрі мақсатты жұмсалуы керек. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кезекті аппараттық кеңесте осылай деп, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Басқосуда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған алқаптардың игерілуі және жол саласының мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі алғаш мәселе бойынша баяндама жасаған құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков ағымдағы жылы жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегіне тіркелген азаматтарға 14 жаңа алқапта 20 инженерлік-инфрақұрылым жобаларының құрылысы жоспарланғанын атап өтті. Бұл бағытта  бюджеттен 5,4 миллиард теңге бөлінген.

Оның айтуынша, жыл қорытындысымен 2 жаңа алқапта – Жамбыл ауданы, Аса ауылында 811 жер телімі, Жаңатас қаласы Құрылысшы алқабында 58 жер телімі таратуға дайындалуда. Алты алқаптағы жерлер 2024-2025 жылдары таратуға әзірленеді (Таразда 2 алқап, Меркі ауданында 4 алқап).

Жер қатынастары басқармасының ақпаратына сәйкес, облыс бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жер алуға 240 463 азамат өтініш білдірген. Жерге кезекке тұру өткен жылдың басында электрондық нұсқаға көшуіне байланысты бір жылда кезекке 108 121 азамат тіркелген.

Облыс әкімі 21 алқапта 7445 жер телімі таратылып, оның 954-інде ғана тұрғын үй құрылысы басталғандығын назарға алып, жауапты тұлғаларға тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру шараларын жүргізу керектігін ескертті.

– Жоспарлау кезінде кезекте тұрған тұрғындар арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Заң талаптарында көрсетілгендей үш жыл өтсе де, әлі күнге дейін үй құрылысы басталмаған жерлер бар. Ол алқаптарға қомақты қаржыға қажетті инфрақұрылымдар тартылған. Дегенмен, сол инфрақұрылым жабдықтарының қолды болуына қатысты да ақпараттар жоқ емес. Бюджет қаражатын тиімді жұмсау – маңызды. Әлбетте, бүгінгі таңда азаматтарды баспанамен қамту – өзекті мәселелердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Дегенмен, осы ретте үйлестіру шараларын дұрыс ұйымдастыру қажет, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев бірқатар аудан әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алып, бұл мәселе жыл қорытындысымен қайта қаралып, тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Аппараттық кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов баяндама жасап, жол саласында атқырылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Басқарма басшысы ағымдағы жылы облыстың жол саласына жалпы 24,9 миллиард теңге бөлінгендігін, соның есебінен 5,5 шақырым көше жолдарын құрылыспен, 9,6 шақырым жолды қайта жаңғыртумен және 794,4 шақырым жолдарды орта жөндеумен қамту жоспарланғандығын айтты. Жалпы, биыл 500 жол жөндеу жобасын іске асыру көзделсе, оның сегізі келер жылға өтпелі.

Облыс әкімі жол құрылыстарының сапасы мен мерзімінен кешігуіне қатысты және жүк көліктерінің тиісті талаптарды жиі бұзуы жөнінде шағымдардың аз еместігін сынға алып, бұл тұрғыдағы жұмыстарды қатаң қадағалауда ұстауды тапсырды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жол қауіпсіздігін сақтау, жол-көлік оқиғаларын азайту бойынша алдын алу шараларын айрықша  назарға алу үшін жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.