Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жеңіс күні жадымыздан өшпейді

0 283

Сәндібек ПІРЕНОВ Шапағат ӘБДІРҰЛЫ

Карантиндік шектеулерге байланысты қалада Жеңіс күні ерекше форматта аталып өтті. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары ардагерлерді мерекемен арнайы құттықтап барды.

Жеңіс күніне орай қала әкімі Ержан Жылқыбаев 1942 жылы Кеңес әскерінің қатарына алынған соғыс ардагері Әшірбек Сәрсенбаевтың үйіне барды. Майдангер Запорожье қаласын азат етуге қатысып, жеңісті Берлинде қарсы алған. Соғыстан кейінгі жылдары ауыл шаруашылығына араласып, атқару мекемелерінде қызмет еткен. Еңбегі еленіп, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен марапатталған. Бұдан бөлек орден-медальдері баршылық. Әшірбек Сәрсенбаев соғыс салған жараның ешқашан өшпейтінін айтып, тарихи күнде құттықтап келген қала басшылығына алғыс білдірді. Осындай тағылымы мол шараның бірі Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полиция подполковнигі Иван Макеевтің үйінде жалғасты. Майдангерді құттықтауға ішкі істер органдарының ардагері Рахымберді Жаңабаев пен Тараз стансасындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері барды. Иван Макеев 1944 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, 1951 жылға дейін Жапон импералистеріне қарсы шайқаста Харбин, Мукден қалаларын азат етуге қатысқан. Соғыстан кейінгі жылдары Жамбыл стансасы желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс істеген. Қонақтарды қарсы алған Иван Макеев стансадағы жұмыстың барысын сұрап, қызмет бабындағы күндерді сағынышпен еске алды. Сондай-ақ дүниені дүрбелеңге түсірген соғыстың тауқыметі жайында әңгіме бастап, жастарға ақыл-кеңесін айтты.

– Соғыстан қауіпті қасірет жоқ. Ұлы Отан соғысындағы жеңісті жастар жадында сақтауы керек. Отанға адал қызмет ету – әрбір азаматтың парызы. Бейбіт күнде ең бірінші кезекте полиция қызметкерлері антына адал болуы керек, – деді Иван Макеев.

Кездесу соңында желілік полиция қызметкерлері Иван Макеевке Ішкі істер министрінің Алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады.

Мерекелік шаралардың алғашқы күндері қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі шалғай аудандарда «Соғыстың соңғы көктемі» атты ART-керуенін ұйымдастырды. Талантты жастардың басын қосқан өнер керуені ең бірінші «Шалғай Қарасу» алқабына барды. Өнерпаздар «Дәмді себет» дүкендер желісінің алдында патриоттық әндер шырқап, тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады.

– Ұлы Жеңістің 76 жылдығына арналған жоспарлы іс-шаралардың барлығында карантин ережелері ескерілді. Себебі ең бірінші мәселе – халық саулығы. Бұл күннің тек ардагерлерге ғана емес, жалпы ел тұрғындары үшін маңызы жоғары. Себебі сұрапыл соғыста құрбан болған майдангерлердің бүгінгі ұрпағы бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл ең әуелі кешегі батыр бабалардың арқасы деп білеміз. Бүгін өнерлі жастар соғыс жылдарындағы әндерді шырқап қана қоймай, түрлі ойындар ұйымдастырды. Сондай-ақ концерт барысында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ендігі кезекте ART-керуен қаланың басқа да шалғай аудандарына жол тартпақ, – деді мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаева.

Мамырдың 6-8 аралығында ART-керуен «Қамұқат», «Қант зауыты» алқабы, «Құмшағал» шағын ауданына бағыт бұрды. Байқағанымыздай, елде сақтық шаралары күшейген тұста шеткі аудандарға шыққан керуеннің маңызы жоғары болды. Тұрғындар мерекелік концерт тамашалап, бөлім қызметкерлері өткізген түрлі ойындарға белсене қатысты.

Жеңіс күніне орай қала көшелерінде «Ұлы Жеңіс жаңғырығы» мерекелік акциясы аясында соғыс жылдарындағы әндер шырқалды. Жеңіс экипажының құрамы майдан туралы көпке белгілі әндерді орындап, автокөліктермен облыс орталығының шағын аудандары мен орталық көшелерінен, Жалпақтөбе ауылы, «Құмшағал» тұрғын алқабы, «Қант зауыты» аумағынан жүріп өтті. Бұдан бөлек, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Онда өңір өнерпаздары «Ах, Самара, городок», «Кестелі орамал», «Ана туралы баллада», «Жас қазақ», «Әлия», «Катюша», «День победы», «Три танкиста», «Синий платочек», «Смуглянка», «Ах, эти тучи в голубом» және тағы басқа әндерді нақышына келтіре шырқады. Сондай-ақ экипажда Жамбыл Жабаев, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың бейнесін сомдаған өнерпаздар шараның маңызын арттыра түсті.
* * *
Ұлы Жеңістің 76 жылдығына орай Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін тұрғылықты мекенжайларына барып құттықтады. Іс-шара барысында ардагерлер үйінің аулаларында №85395 әскери бөлімі оркестрінің шеруі өткізілді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деп қазақ бекер айтпағанын соғыстың солдаты болған көзі тірі аталарымыз дәлелдеп тұрғандай. Міне, бүгінгі ұрпақ кешегі оттан да, оқтан да қорықпаған жауынгерлердің ерлігі алдында ізет-құрметін көрсетіп, соғыс жылдарындағы әуендер орындалғанда, аталарымыз сол бір алапат жылдарды есіне алғандай бәйтеректей теңселіп, екі етегін жел соғып ұзақ қарап тұрды. Кейде майдан шебінде жүрген кездері есіне түскендей қаршығадай қомданып, қаһарланып, өздерін әлі де ен далада жүргендей тік ұстап, айдарларынан жауынгерлік рух есіп тұрды. Осы тұста көпқабатты тұрғын үйде тұратын ардагерлерге «Темірқазық» волонтерлік қозғалысының еріктілері арнайы кранмен көтеріліп, гүл шоқтарын ұсынды.

Былтыр бастау алған мұндай ерекше құттықтауды Ұлы Отан соғысының ардагерлері үлкен қуанышпен қарсы алып, іс-шара соңында алғыстарын айтты. Атап айтар болсақ, біз барған үйдегі Бердібаев Мұсахан ата 1922 жылы 15 ақпанда Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге шақырылып, Жамбыл қаласында құрылған 105-ші атты әскер полкіне алынып, соғыс өнеріне жаттыққаннан кейін, 1942 жылы соғысқа аттанған. Мәскеу, Иванов қалаларында Дон бағытында, Сталинград, Курск, Калинин бағыттарында шайқастарға қатысқан. 1945 жылы 10 қаңтарда ауыр жараланып, 5 ай госпитальде емделіп, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралған. Біз ардагерлермен кездесу барысында «Мыңға келген адамның да бір арманы болады ғой, ата. Бір ғасыр жасапсыз, сіздің де бір арманыңыз бар шығар?» дегенімізде: «Менің арманым – бала-шағам өсіп, солардың соғыс көрмей өтуі», – деді де, жастарға өзінің аталық ақылын айта келе: «Жастар – елдің болашағы, сондықтан сендер өтірікке жақын болмаңдар, шыншыл болыңдар, көпшіл болыңдар. Өйткені біз Мәскеуге барсақ, «сен Ұлы жүзсің, төрге отыр, сен Орта жүз екенсің, жерге отыр, сен Кіші жүз екенсің, есікке отыр» деп айтпайды. Барлығы бір қазақ, бір қазақ ұлтының уәкілі ретінде көреді. Сондықтан ел мен жерге бөлінбей, бірігіп жұмыс жасап, бір-біріңе бауырлас болыңдар», – деп ақ батасын да, ақ тілегін де аямады ғасыр жасаған ақсақал.

Ал енді Бегасыл Белгібаев қария 1925 жылы 1 қаңтарда Жуалы ауданы, Боралдай ауылдық кеңесі, Кеңес ауылында дүниеге келген. Кеңес 7 жылдық мектебінде 6-сынып оқып жүргенде, соғыс басталып, 1941 жылдың мамыр айынан 1942 жылдың мамыр айына дейін трактор жүргізушісі болып жұмыс істеген. 1943 жылы қаңтар айында Сайрам аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанды. Қиыр Шығыста Чита қаласында атқыштар полкінде қатардағы жауынгер болды. Қытайдың Маньчжурия аймағын Жапон басқыншыларынан азат етуге қатысты. 1948 жылы ақпан айында елге оралған екен.

Ал енді бір ардагеріміз Мүтәліп Ережепбай 1926 жылы 23 наурызда Талас ауданының Қараой ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Жеңістен соң әйгілі Брест қамалын қалпына келтіруге қатысқан. Елге 1950 жылы оралған. Соғыстың зардабын көрген аталарымыз екі сөзінің бірінде «Соғыс болмасын!» деп батасын берді.

Қарт сарбаздарға гүл шоғын ұсынған Тараз қалалық еріктілер қозғалысының президенті Азамат Намелбекұлы: «Атама гүл бергенде «соғыс болмасын, бейбітшілік болсын, осы елдің үмітін ақтар азаматы бол» деп батасын да берді. Осы орайда ардагерлеріміздің үлгі-өнегесін өз көзімен көріп, естіген азамат ретінде менің де жүрегімді қуаныш сезімі кернеді», – дейді.

Соңында аталарымыздың қол бұлғап тұрған бейнесі біздің болашағымызды шақырып тұрғандай сезімде болып тарастық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.