Қалалық қоғамдық-саяси газет

Арманға құлаш серметкен

0 556

Білімнің кілтіндей әліппе ұстатқан алтын ұя мектебіне деген риясыз алғыс әр түлектің жүрегінде көктейді. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан білім ордасына деген сүйіспеншілік кешегі оқушының мектепке деген сағынышын жыл жаңарған сайын үдетпесе, бір мысқал кемітпейді.

Құралай ІЗЕТБАЕВА

Қайрат Жанисбаев Тараз қаласындағы №55 орта мектепте білім алған. Ол 1-ші сыныпқа 1993 жылы аяқ басса, 2004 жылы алтын ұя мектебімен қош айтысты. Оның білімге деген құштарлығы өмірге бет алған бағыт-бағдарынан байқалатын. Жақсы оқыды. Ұстаздарын құрметтеп, әр сыныптасын ардақ тұтты. Тәрбие-тәлімі де ата-ана мен ұстаздарын жерге қаратқан емес.

Қайрат бала күнінде ұшқыш болуды арман етті. Алайда есейе келе медицинаға деген ерекше ықыласы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің «Емдеу ісі» мамандығына алып келеді. Бүгінде Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында балалар травматолог-ортопеді болып қызмет атқарады.
Қайрат Тұрсынұлы білім алған мектептің директоры Гүлмира Садибекова мен сынып жетекшісі Виктория Викторовнаға алғысы шексіз. Өмірде өзгенің ала жібін аттамай, адам болып қалыптасуды, қандай да бір жетістікке жетер жолда қиындыққа мойымай, адалдық танытудың асыл қасиеттерін ұстаздарынан сіңіргенін мақтанышпен айтады. Қайрат Жанисбаев өзі білім алған мектебіне деген шексіз құрметінің белгісі ретінде музыкалық орталық сыйға тартыпты.
– Мен оқыған алтын ұя мектебімнің іргесі берік болуына иненің жасуындай болса да жақсылық жасағым келеді. Алдағы уақытта да жанашырлық танытып, өзім білім алған мектептің керек-жарағына көмектесуге атсалысып, әлі талай қамқорлығымды жасаймын деген ізгі ниетім бар. Адам ретінде әлдекімге жақсылық жасасам да, маман ретінде науқастарымды емдеп жазып, медициналық көмек көрсетуімнің арқасында әлдекімге дәрігер ретінде шипа жасап, оңалуына септігім тисе, ол алтын ұя мектебімнен алған ілімімнің арқасы деп білемін. Білімімнің қабырғасы қаланып, адам болып қалыптасуыма ықпал еткен мектебіме деген ризалығымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын, сірә, – деді Қайрат Тұрсынұлы.

Иә, білім кеңістігінде көктеп, қанатын кеңге жайған әрбір адам алдымен өз алтын ұясының алдында қарыздар. Мейірім-шапағатымен тербетіп, алыс арманға құлашын серметкен мектебінің, ұстаздарының алдында әр тұлға шәкірт болып қала бермек.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.