Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жастар орталығы жарқын жетістіктер жолында

0 605

Адамзат алдында тұратын ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты, саналы, рухани бай және ақыл-парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі озық азамат тәрбиелеу. Бұл – біздің қоғам алдындағы борышымыз. Бүгінгі әлемдегі елдер мен халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білім мен тәрбиеге ғана тән. Ал сол екеуі жастардың бойында ұштасса, болашағымыз баянды болмақ.

Жастар – ұлт үмітін арқалаған ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау – осы буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен модернизациялануы, жалпы бүгіні мен ертеңі де жастарға байланысты. Жастар қай заманда, қай елде болмасын, асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған.
Расында, еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Жастар да ұдайы алдынғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеуде. Олар бүгінде бүгінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне барынша үлес қосып келеді.
Жасампаз жолға қадам басқан Қазақстан үшін де жастар мәселесі – ең маңызды саясаттың бірі. Сол себепті елімізде жастар саясаты оң бағытқа қойылып, ел болашағы саналатын азаматтарға қолдау беріліп келеді. Елімізде жастар үшін атқарылып жатқан ірі жобалар мен бағдарламалар – жарқын болашағымыз үшін жасалып жатқан игілік. Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыспен қамту, сапалы білім мәселесі жыл сайын мемлекет назарынан тыс қалған емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын.
Жастар саясатын қалыптастырудың рухани факторлары бос уақытты дұрыс ұйымдастырумен байланысты. Жастар саясатының негізгі бағыттарының бipi – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жастарға тәрбие беру саласындағы мәселелерді шешу.
2012 жылдан бастап жастардың ортақ мәселелерін жергілікті, республикалық дәрежеде қолға алу үшін Жастар ресурстық орталықтары құрыла бастады. Сол жылы қаламыздағы орталық та өз жұмысын бастады. Орталықтың негізгі мақсатына жергілікті ұйымға қарасты жастарды жұмысқа тұруға көмектесу, цифрлық сауаттылығын арттыру, жастар ортасында волонтерлық қызметті дамыту, жас отбасылармен жұмыс істеу, жастарға қатысты мәселелерді анықтау, мемлекеттік бағдарламаларды жастарға түсіндіру, жұмыс мәселесіне қатысты жәрмеңкелер, әлеуметтік желілерде ақпараттандыру, түрлі мәдени шаралар ұйымдастыру, әлеуметтік зерттеулер, талдамалық жұмыстар жүргізу сынды маңызды бағыттар кіреді. Ал оның басты міндеттері – жастарды жұмысқа тұруға дайындауға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдемдесу, бейресми білім беру арқылы жастардың өмірлік маңызды дағдыларын, компетенцияларын және дербестігін дамыту, психологиялық, консультативтік және заң көмегін көрсету, жастар ортасында волонтерлық қызметті дамыту, жас отбасылармен жұмыс жүргізу, әртүрлі бағыт бойынша және жастардың мүдделері мен қажеттіліктері негізінде жобалар мен бағдарламаларды іске асыру және жастар ұйымдары мен қозғалыстарын, өзін-өзі басқару органдарын дамытуға қолдау көрсету.
Қазіргі уақытта Тараз қаласының жалпы тұрғындар саны 430 018 адамды құраса, оның 120 902-сі 14 пен 35 аралығындағы жастар. Яғни қала халқының 28,13 пайызы жастар. Алайда олардың бәрін түгелдей қамтуға ресурс жетпейтіні белгілі. Бүгінде орталық қызметкерлері қала жастарымен, соның ішінде жоғары оқу орындары және арнаулы оқу орындарымен бірлесіп меморандумға отырып, белсене жұмыс істеуде. Мәселен, орталық тарапынан 2024 жыл мәдени шығармашылық, рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, спорттық, психологиялық-танымдық, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру алаңы, әскери-патриоттық, діни, этносаралық келісім бағытында, экологиялық сенбілік сынды 11 бағыт бойынша 1 мыңнан аса іс-шара ұйымдастыру жоспарлануда. Айталық, былтыр 951 іс-шара өтіп, оған 43 266 адам қамтылған болатын.
Атап айтқанда, қала жастары, мекеме қызметкерлері мен оқу орындары студенттерінің білімге деген құштарлығын арттыру, жастардың бос уақытын қызықты әрі пайдалы өткізу, топпен жұмыс істеу, мəселені талқылау қабілетін дамыту мақсатында «JarIQ» интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Аталған ойын 6 кезеңнен, 36 сұрақтан тұрды. Ойынның жүлдегерлері қазылар алқасының шешімі бойынша I, II, III дәрежелі сертификаттарымен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар өткен жылы өңірдегі 14 пен 35 жас аралығындағы үздік жастарды ынталандыру, қала жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда белсенділік танытып, азаматтық ұстанымы қалыптасқан, әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында «Taraz Awards» Тараз қаласы әкімінің жастар сыйлығы табысталды. Аталған сыйлық 15 номинация бойынша үздік деп танылған жастарға берілді.
Бұдан бөлек, 2023 жылы 19 мамыр, 14 маусым, 12 шілде, 29 тамыз, 16 қазан, 27 қараша күндері «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Есірткісіз болашақ» акциясы өтті. Акция барысында қалалық мәслихаттың депутаттары, жастар мен волонтерлар тұрғын үйлердің қабырғаларындағы есірткі құралдарын жарнамалайтын сайттардың сілтемелерін анықтап, 253 граффити өшірілді.
Ағымдағы жылы да орталық тарапынан «Taraz Awards» жастар сыйлығы, Жастар арасында инновациялық жобалар байқауы, «JarIQ» интеллектуалды жобасы, еріктілер қозғалысының жастарымен түрлі іс-шаралар ұйымдастыру, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай форум ұйымдастыру көзделуде.
Жастардың жағдайы мен көңіл-күйіне бірінші кезекте еңбек нарығында жұмыс орындарының жетіспеушілігі әсер етеді. Осы орайда 2023 жылы орталықта арнайы «NEET және жас отбасылармен жұмыс» бөлімі ашылып, жоспарлы шаралар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. NEET санатындағы жастар дегеніміз – оқымаған, жұмыссыз жастар. Атап айқанда, Тараз қаласында 11 183 жұмыссыз және NEET санатындағы жастар бар екені анықталып, бүгінгі таңда 6 044 адамның мәліметтері өзектендірілді. Аталған санаттағы жастарға кәсіптік бағдар беру туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу шеңберінде мамандық таңдау, түлектерге арналған гранттар, қысқа мерзімді оқыту курстары және жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жайлы кеңінен түсіндіріліп, өткен жылы 42 кеңес беру алаңы, 12 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
Сонымен қатар қала жастарын жұмыспен қамту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында өткен жылы «Жасыл ел» еңбек жасақтарының жұмысына 458 жас тартылып, қаладағы саябақтар мен көшелердің күл-қоқыстарын тазалаумен қатар, шаһар өмірінің гүлденіп, дамуына өз үлестерін қосты. Атап айтқанда, Қ.Рысқұлбеков, Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябақтары, «Жастар» аллеясы, «Әулиебастау», «Қарасу-2» каналдарының жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ «Таза қала – таза жағалау», «Табиғатым – махаббатым», «Жастар және таза әлем», «Киелі табиғат», «World clean up Day», «Жана Қазақстан – таза табиғат» атты экологиялық акциялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ орталық қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар, жастарға арналған мүмкіндіктер және қалада жүргізіліп жатқан реформалар, жас отбасылар арасында ажырасудың алдын алу, NEET санатындағы жастармен жұмыс, жастарға анонимды психологиялық жәрдем беру, жастар мен жастар ұйымдарына құқықтық, әдістемелік көмек көрсету бойынша кеңестер береді.
Бүгінде Жастар ресурстық орталығы 11 бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Яғни жастарға қызмет көрсету, талантты жастарды қолдау, жұмысқа орналасуға көмектесу, құқықтық, психологиялық кеңес беру және өзге де бағыттар негізінде жастар саясатын жүзеге асыру бойынша орталықтың жылдық жоспары бекітіліп, алдағы міндеттер айқындалған. Қазіргі қоғам дертіне айналған, әсіресе жастарды шырмаған ойынқұмарлықтың алдын алу, лудоманиямен күрес те орталықтың жұмыс жоспарына енгізілді.
Жастар өмірінің түрлі салаларында 12 индикаторға қол жеткізуді көздейтін Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданған болатын. Аталған құжатқа сәйкес, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, олардың рухани дамуы, еңбек, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы жастардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерінің жеке жүзеге асырылуына қолайлы жағдай жасау, интеллектуалдық дамуына жағдай жасау, жастардың бастамаларын қолдау мен оларды ынталандыру, қазақстандық жастарды халықаралық мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру процестеріне тарту бойынша жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Орталыққа қарасты қала аумағында және шалғай аудандарда тұратын жастарға арналған аула клубтарында түрлі үйірмелер мен қосымша сабақтар өткізілуде. Аула клубтары жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға арналған ойын құралдарымен, кітаптармен, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
2023 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы депутаттық сауал жолдаған болатын. Халық қалаулысы өз сауалында еліміздің ертеңі үшін жанын салып қызмет қылып, айлығы шайлығына жетпей, тұрмыстық тауқымет тартса да тартынып қалмайтын жастардың мұң-мұқтажы, еліміздегі Жастар ресурстық орталығында қызмет ететін жастардың проблемаларын қозғады. Осы тақырып аясында түрлі пікірлер, мақалалар жарияланып, талқыға түсті. Жастар саясатында жұмыс атқарып, қала жастарын бір ортаға тоғыстырып, оларға қолдау білдіріп жүрген азамат ретінде кем-кетіктер мен шешілуге тиіс мәселелердің бар екені жасырын емес. Қазір елімізде 6 миллионнан астам жас бар. NEET жастардың саны 422 мыңға жетті. Ресми статистикаға сәйкес, 2022 жылы Оңтүстік Корея мемлекетіне – 9 600 жас азамат, одан бөлек, АҚШ-та, Еуропада мыңдаған жас азаматымыз жұмыс істеп жүргені белгілі. Бұл ресми ақпарат. Ал бейресми, заңсыз жүрген жастар қаншама! Барлық жастарды жүйелі арнаға тартып, негізгі мәселелерді көтергенмен, мәселенің түйіні шешілмей тұрғаны өкінішті. Жастар, керісінше, өзге елде білім алып, алған тәжірибесін өз елімізде жүзеге асырса деген тілек бар. Бүгінгі жастар ақпарат мүмкіндіктеріне ие, әлемдегі үдерістерден, жаңалықтардан хабардар. Білімді ұрпақ өсіру үшін әуелі өзіміз білімді, парасатты, білікті болуымыз қажет. Сондықтан әрбір жас жеке қабілетіне сай қоғамда өз орнын табу үшін оларды қолдап, дұрыс бағдар беру маңызды деп ойлай- мын.
Мемлекет басшысының: «Абайдың өсие-ті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазы-ғы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Ұлы ойшыл жастарымызды білім мен ғылым игеруге, өнер мен тіл үйренуге, адал еңбек етуге шақырды. Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Мұның бәрі интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет», – деген сөзінің тағылымы терең, тәлімі мол.
Талантты жастарды мемлекет те әрдайым қолдауға дайын. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Демек, жастар алмайтын қамал, бағындырмас биік жоқ. Ал сол жастарды білім жолына бағыттап, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Келешектің іргетасын қалау үшін алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек. Еліміздің қарыштап дамуы мен гүлденуіне жастардың қосатын үлесі көп екендігін және болашақ білімді ұрпақтың қолында екенін айқындап көрсетті. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Бұған Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы да қомақты үлес қосып, осы бағыттағы ілкімді істерді әрі қарай да жалғастыра береді.

Абзал ЕСІРКЕПОВ,
Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.