Городская общественно-политическая газета

Жанашыр

0 224

Тұмаржан бес жасқа толғалы, әжесі мен атасының қасынан шықпайтын болды. Ол Аяжан анасына:
– Мен енді үлкен болдым. Мен атам мен әжемді күтемін, – деп, тәмпіш мұрнын шүйіріп, оймақтай ернін үйіріп, мәз болды.
– Садағаң болайың, Тұмаржаным бізді ажалдан да қорғайды, – деп, Әсем әженің аппақ жүзі нұрланып, немересін құшырлана сүйді.
Тұмаржанның әжесі анада қаладағы қайнысының үйіне кеткен. Сонда Тұмаржан түнімен ұйықтай алмады.
Ол бірде:
– Әже, олай жүрмеңіз! – деп, шошып оянды.
– Ол не, ботам? – деп атасы оны құшып, маңдайынан иіскеді.
– Әжем көше тәртібін бұзып, айғайласам да болмай, қызыл шамға қарсы бара жатыр, – деп Тұмаржан өксіп, жылап жіберді.
– Уайымдама, ботам! Әжең көше тәртібін біледі, – деп, атасы оны жұбатып, құшағына алып, елжірей құшты.
– Ата, әжем қала көшелерінен адасып кетпей ме?
– Қорықпа, ботам! Әжең адаспайды, – деп атасы оны жұбатты.
– Ата, сіз де қорықпаңыз. Мен қасыңыздамын ғой, – деп, ол да атасына демеу айтты.
– Сен қасымда болсаң, мен ажалдан да қорықпаймын! – деп, жүрегі елжіреген атаның көзі жасаурады.
Атасы: «Ее, Алла! Кішкентай ботама денсаулық, амандық бер!» – деп күбірледі.
Тұмаржанның әжесі қаладан келгенде үйлерінде үлкен той болды.
Әжесі Тұмаржанға:
– Мынау суретті кітапшаларды Бақ көкең сәлемдемеге беріп жіберді. Мынау масаты көйлекті Әсия жеңешең саған арнап тігіпті. Мына кестелі кеудешені өзім саған базарлыққа әкелдім, – деп сыйлықтарын ұсынды.
– Тұмаржаным әжесі жоқта маған сенімді серік болды, – деп атасы риза болып, немере қызын масаттана мақтады.
Әсем әже: «Аллаға шүкір! Жанашырымыз Тұмаржан аман болсын!» – деп, Аллаға сыйынды.

Әдібай Табылды, ақын, драматург

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.