Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жан-жақты жоспар жүйелі жұмысқа жол ашады

0 298

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің қатысуымен «Таразтрансэнерго» мекемесінің 2023 жылы атқарған жұмыстарының нәтижесі мен алға қойған жоспарлары бойынша кеңес өтті.

Әуелі мекеме директорының міндетін атқарушы Арман Бектібаев өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы межелі міндеттер жөнінде баяндады.
– Кәсіпорын 208 шақырым жылу желілерін, оның ішінде 49 шақырым магистральдық және 159 шақырым ішкікварталдық жылу желілерін пайдаланады. 2024 жылдың басында жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайызды құрады. Кәсіпорынның теңгерімінде 14 локалды қазандық қызмет көрсетеді. Мекеме қызметкерлерінің жалақысы да жыл сайын артып келеді. Айталық, Президенттің Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында 2023 жылғы шілдеден бастап жалақы деңгейі 20 пайызға, ал биылғы қаңтардан бастап тағы 15 пайызға көбейді, – деді Арман Ақылбекұлы.
Шаһар басшысы өз кезегінде мекеменің жұмысын жүйелеу керектігін баса айтты.
– «Таразтрансэнерго» тарапынан өткен жылы бірқатар жұмыстар атқарылғаны көрініп тұр. Бұл мекеме – қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір кәсіпорын. Сондықтан оның жұмысын жүйелеп, алдағы бағыт-бағдарын айқындап алу аса маңызды. Биылғы қыс біраз әбігерге салғаны баршаға белгілі. Әне-міне дегенше жылу беру маусымы да аяқталады. Осы маусым мәресіне жете салысымен кемшіліктерді түзетіп, келер жылғы қыстың қамына кірісуіміз қажет, – деген қала әкімі сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.