Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ поэзиясының мұзбалағы

0 375

Мұқағали. Бұл есім әрбір қазақтың жүрегіне мөлдір сезім мен терең философияның жыршысы ретінде орнықты. Мұқағали өлеңдері – ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгенін, жаппай европоцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскенінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанып, оны түрлендіре байытты. Сөйтіп, қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқырманының жүрегіне жол тауып қана қоймай, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың қазаққа рух сыйлады.

Мұқағалиға дейінгі қазақ жазба поэзиясын Абай, Қасым, Мағжан дәуірі деп бөлсе де, Абайдан кейінгі поэзияның құлашты кеңістігін, тамырлы табиғатын, ғажап шыңын даусыз Мұқағали қалыптастырды дегенге ешкім күмән келтірмес. Мұзбалақ ақынның өмірге келген күні осы заманғы қазақ поэзиясының өмір есігін ашқан күні іспетті. Себебі одан кейін бүкіл Алаш баласы жатқа оқитын, барша қазақтың өмірі мен тағдырына сіңіп кеткен ғұмырлы поэзия әлі туа қоймағандай.
Бүгінде ақын өмірге келген 9 ақпан қазақ халқының айтулы мерекесінің біріне айналып үлгерді. Бұл да болса ақиық ақынның өзіне, оның өміршең жырларына деген үлкен құрметтің белгісі екені даусыз.
Бұл мерекеден тараздықтар да шет қалмады. Соның бір мысалы – облыс орталығындағы М.Мақатаев атындағы №14 мектепте 7-11 сынып оқушылары арасында өткен қалалық «Мұқағали оқулары» байқауы. Шара «Айтып өткен ақында арман бар ма?», «Жыр эстафетасы» және «Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» атты кезеңдерден тұрды. Алғашқы бөлімде қатысушылар ақынның өлеңдерін, екінші кезеңде поэмаларын мәнерлеп жатқа оқыды. Ал үшінші кезеңде үміткерлер ақын туралы жазылған жүрекжарды арнау жырларын паш етті.
Қазылар алқасының ұйғарымымен №3 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Әлия Көбен, №47 орта мектептің 10-сынып оқушысы Мәулен Ахметов, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аида Молдашева үздік атанып, облыстық сайысқа жолдама алды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.