Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда жалған мәлімет бергендер жазаға тартыла ма?

0 692

Осы аптада өткен Үкімет отырысында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде игерілген жалпы егістік көлемі мен су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша сәйкессіздіктер анықталғаны туралы айтты.

— Ауылшаруашылығы саласындағы деректерді нөлге келтіру туралы тапсырмаға сәйкес арнайы жұмыс топтары құрылып, өткен жылы игерілген жалпы егістік көлемі және су үнемдеу технологияларын пайдалану алаңдары бойынша сәйкессіздіктер анықталып, қазір түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді бұл жөнінде Ербол Шырақпайұлы. — Облыс аумағында 2023 жылы ауылшаруашылығы дақылдары 762,5 мың гектардың орнына 620 мың гектар шамасында орналастырылғаны, су үнемдеу технологияларын қолданған егіс алаңдарының нақты көлемі 40 мың гектар болғаны анықталды. Нақты егіліп келе жатқан алқапты есепке алып, сондай-ақ қосымша мүмкіндіктерді ескере отырып, биыл облыста 644,5 мың гектар алқапқа ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылатын болады. Бұл көрсеткіш былтырғы статистикалық мәліметтерге қарағанда 118 мың гектарға кеміп отыр. Сондықтан Ауылшаруашылығы министрлігі тарапынан 2024-2028 жылдарға бекітілген индикаторларды қайта қарауды сұранамын.

Бұдан кейін Үкімет отырысында көктемгі егіс туралы мәлімет берген Қызылорда және Ақмола облыстары әкімдерінің қысқаша баяндамаларында сәйкессіздік анықталғаны туралы ешқандай деректер келтірілген жоқ.

Жиынды қорытқан премьер-министр Олжас Бектенов шынында елімізде егіс алқаптары мен статистиканың нақтылығына қатысты мәселелер бар екенін айтты. «Осыған байланысты егіс алқаптарын әртараптандыру мен қажетті статистикалық деректерді жаңарту индикаторлары әр өңірге жеткізілді. Бұл бағыттағы жұмыс ай сайын Үкіметте қаралатын болады. Ауылшаруашылығы министрлігі мен Ұлттық статистика бюросы әкімдіктермен бірлесіп, бұған айырықша назар аударғаны жөн» деді Олжас Бектенов.

Жамбыл облысының егістік алаңдарын нақтылау барысында сәйкессіздіктер анықталғаны туралы деректерді ең алдымен облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек айтқан болатын.

Осы аптадағы Үкімет отырысынан кейін Е. Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте бұл мәселе тағы әңгіме болды.

— Қазір статистикалық мәліметтерді нақтылау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, — деп Әбілхайыр Тамабек облыс басшысына бірқатар ұсыныстар айтып, нақты тапсырма беруді сұрады. — Биыл егістік көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 118 мың гектарға аз болып отыр. Енді аудан әкімдеріне бұдан былай өтірік ақпарат беруді тоқтату туралы тапсырма болса… Бұл су үнемдеу мәселелерінде де орын алды. Яғни, былтырғы жылы 17 мың гектарға асыра көрсетілген. Тағы бір мәселе, әлі де аудан әкімдіктері сезінбей жүрген сияқты… Облыс аумағында 300-ден аса насостар қойылады. Су тарту құрылғылары… Аудан әкімдіктеріне бірнеше рет тапсырылған. Бастарыңызбен жауап бересіздер деп… Бізге жеткен ақпарат бойынша насос қою жұмыстары жүргізіліп жатыр, дегенмен аудан әкімдіктеріне осы істі шегелеп тапсырсаңыз. Сондай-ақ, «ҚазАгроҚаржы»-мен ауылшаруашылығы мақсатындағы техникаларды алу бойынша келісілді. Ешқандай бастапқы жарна жоқ. Яғни, қараша айына дейін «ҚазАгроҚаржы» бастапқы жарнасыз техника беруге дайын. Аудан әкімдіктері осы мәселені шаруаларға жеткізсе.

Әл-әзірге бұл мәселе бойынша қай аудандар жалған ақпарат берді, қаншама жылдан бері осылай жалған мәліметтер беріп келеді және кінәлілер жазаға тартыла ма, жоқ па, бұл туралы ешқандай әңгіме айтылған жоқ.

jasyn.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.