Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылдағы жүйелі жұмыстар жан жадыратады

0 1  507

Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға ерекше екпін түсірілуде. Әсіресе шалғай елді мекендердегі жол, ауыз су, жарықтандыру мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бір кездері қаңырап бос қалған ауылдар бүгінде адам танымастай өзгерген. Мұның барлығы жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені айқын.

Осыған орай өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуді көздейтін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобасы қабылданған еді. 2025 жылға дейін іске асырылатын Ұлттық жоба базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және көліктік-транзиттік әлеуетті жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруды көздейді.
Жалпыұлттық жобаны жүзеге асырудың азаматтар үшін ең айқын әсері өмір сүру жайлылығының артуы болмақ. Бұл негізінен көліктік, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымына бағытталған. 2025 жылға қарай қол жеткізетін маңызды нәтижелердің бірі – қалалар мен ауылдарды сумен жабдықтау қызметтеріне 100 пайыз қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде тиімдірек болады. Өйткені қазір «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымның барлық түрлерін жаңғыртуға қомақты инвестициялар бағытталуда. Жалпы елімізде инфрақұрылымның жағдайы жақсырақ. Дегенмен ірі шаһарлардағы нөсерлі кәріз құбырларын қайта құру, «ескі орамдарды» жөндеу және апатты тұрғын үйлерді бұзу секілді өзекті мәселелер әлі де аз емес. Жобаның бірінші бағыты – инфрақұрылымды кешенді дамытып, сапалы әрі жайлы тұрғын үйлердің қолжетімділігін арттыру. Бұл бағытта Жамбыл облысында жан жадырататын жарқын істер жетерлік.

Көгілдір отын – көптен күткен игілік

Соңғы уақытта елімізде елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұрындары от жағып, күл шығарып жүрген шалғайдағы ауылдар біртіндеп көгілдір отынға қол жеткізіп келеді. Жамбылдық әлеуметтің әлеуетін жақсарту жолында облысқа қарасты елді мекен жұртшылығын көгілдір отынмен қамтамасыз ету де басты мәселелердің біріне айналуда. Сондықтан да ауыл-аймақтарды газдандыру жұмыстарына аймақ басшылығы айрықша назар аударып, халықтың көгілдір отынмен қамтамасыз етілуіне ерекше екпін түсірілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әр Жолдау сайын халықтың табиғи газға қол жеткізуін шегелеп тапсыруда.
Бүгінгі Жамбыл облысында 371 елді мекенде 1 217 955 адам тұрады. Оның ішінде 274 елді мекен немесе 1 099 202 адам, яғни 90,2 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Айталық, былтырдың өзінде 257 елді мекен көгілдір отынның қызығын көрген. Ағымдағы жағдайда облыстағы 97 елді мекен газдандырылмаған болса, оның ішінде 36 ауылда жеткізуші немесе ауылішілік газ құбырларының құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ, Жуалы ауданында – 1, Қордайда – 6, Т.Рысқұловта – 1, Меркіде – 2, Сарысу- да – 15, Таласта – 3, Шуда 8 елді мекен таяу арада табиғи газбен қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар Жамбыл ауданындағы – 3, Жуалыдағы – 4, Мойынқұмдағы – 13, Таластағы – 6, жалпы саны 26 ауылға құны шамамен 38,7 миллиард теңгені құрайтын жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Осының нәтижесінде осы жылдың қорытындысымен табиғи газбен қамтылған елді мекендердің үлесі 92 пайызға жетіп, 18 елді мекендегі 19,6 мың халық табиғи газдан тапшылық көрмейді. Қалған 18 ауылдағы құрылыс жұмыстары 2024 жылға өтпелі. Осы орайда жалпы облыс елді мекендерін 2025 жылға дейін табиғи газбен қамтудың жоспары бекітіліп, соған сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айта кеткен жөн.

Тіршілік нәрінен таршылық жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Президент жүктеген тапсырма облысымызда кезең-кезеңімен орындалып келеді.
Қазіргі таңда облыстағы қалаларда сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу көрсеткіші – 425,3 мың, ауылдарда 635 мың адамды құрады. Осы орайда ағымдағы жыл қорытындысымен сумен жабдықтау көрсеткіші қалалар-да – 425,4 мың адам, яғни 97,5 пайызға, ауылдық елді мекендерде – 651,8 мың адам, яғни 96,5 пайызға жеткізілмек. Осы бағытта өңірдегі елді мекендерді толық ауыз сумен қамтудың жол картасы әзірленіп, 2025 жылы ауыл және қала тұрғындарын 100 пайыз таза ауыз сумен қамту көзделіп отыр.
Бүгінгі күні ауылдық елді мекендерде ауыз сумен қамтылмай отырған 82 ауылдық елді мекен бар. Онда 54,9 мың адам тұрады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 51,1 мың адам тұратын 56 ауылдық елді мекенге су жүйелерінің құрылысын жүргізу жоспарланса, халық саны 200-ге дейінгі 26 ауылдық жерге суды тазартудың кешенді блок-модульдерін 2023-2024 жылдары орнатып, аяқтау жоспарлануда. Айталық, ағымдағы жылы 32 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Нәтижесінде, ауыз сумен жабдықтау қызметтеріне қалаларда 2023 жылы – 97,5, 2024 жылы – 98,5, 2025 жылы – 100, ауылдық елді мекендерде 2023 жылы – 96,5, 2024 жылы – 98,0, 2025 жылы 100 пайыз қол жеткізіледі.

Жылу желілері жаңғыртылуда

Қытымыр қыс жақындаған сайын жылу желілерін жаңғырту кезек күттірмейтін мәселеге айналады. Себебі ерте қамданып, қыс шанаңды жазда сайламасаң қапы қалатының айдан анық. Былтыр еліміздің солтүстік аймақтарында орын алған апаттар осыны айқын аңғартты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жалпы еліміз бойынша көптеген облыстарда жылу құбырлары апатты жағдайда тұр. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымы- на мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – атқаратын басты міндет, себебі мұны созбалаңға салуға болмайды», – деп бірқатар тапсырма жүктеген еді. Бұл бойынша Жамбылда тындырылған тірлік аз емес.
Жалпы облыс бойынша 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандықтармен 1 744 әлеуметтік нысан мен 1 646 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда облыстағы 350,7 шақырымды құрайтын жылу желілері толық гидравликалық сынақтан өткізілді. Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Тараз қаласына ыстық су қайта берілуде.
Алдағы жылу маусымына дайындық барысында жоспарлы 10,9 шақы-рым жылу желілерінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Тараз қаласында – 3,2, Қаратау қаласында – 4,1, Шу қаласында – 3,1 шақырым, Жаңатас қаласында 570 метр жылу желілері жөндеуден өтуде. Нәтижесінде, жыл соңына дейін жылу желілерінің тозу деңгейін 55,5 пайызға дейін төмендету күтілуде. Бүгінгі күнге 4,8 шақырым жылу желілері ауыстырылған.

Көшелер самаладай жарқырауда

Жарқыраған көше жанға жылу сыйлайды. Әрі бұл – тұрғындар қауіпсіздігінің де кепілі. Сондықтан шаһар көшелерін жарықтандыруға айрықша көңіл бөлінуде. Бұл бағытта Таразда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық, 2022 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 6 жоба іске асырылып, 6 кәсіпкерлік нысанға электр желісі тартылды. Оның ішінде 2 жоба 2023 жылға өтпелі. Сондай-ақ 2023 жылға 9 жобаны іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ «Тараз қаласының тұрғын алқаптары үшін жоғары вольтты желілер мен қосалқы станцияларды салу» жобасы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан ағымдағы жылға қосалқы станциялардың құрылысын бастау үшін қаржы қарастыруда. Айталық, 2023 жылы «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС инвестициялық бағдарламасы аясында 9 414,6 шақырым желіге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2157,2 шақырым күрделі, 7 257,3 шақырым ағымдығы жөндеу жұмыстары. Мәселен, былтыр 2022 Тараз қаласының 50 көшесі жарықтандырылса, биылға 68 көшені жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Тұрғын үйлер жаңаша кейіпке енуде

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда кондоминиум мәселелерін шешу, коммуналдық жүйелерді жаңғырту мен дамытудың маңыздылығы айрықша атап көрсетілген. Сондықтан да қалалық жерді мекен ететін тұрғындар тиісті мекемелер тарапынан жоғары сапада ұсынылатын коммуналдық қызметтерді алғысы келеді. Әйтпегенде ше? Тұрғын үйден шығатын кәріз жүйесі ескірсе, тұрғын үйге дейінгі жылу, ауыз су құбыры тәуелсіздік алғалы ауыстырылмаса, тозығы жетсе де нысанға күрделі жөндеу жүргізілмесе, онда біздің тіршілігімізді қала мәдениетіне сай деп кім айта алады? Тек қала ғана емес, ауылдық елді мекендердің де ажары ашылып, жаңарып, жасара түскен. Келбеті келіскен өңірлер Жамбылда да баршылық. Әсіресе тұрғын үйлерді жаңғыртуға барынша ден қойылуда.
Бүгінде облыс көлемінде барлығы 2 128 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның ішінде кондоминиум объектісі ретінде тіркелген үйлер саны – 1 574. Сондай-ақ облыстағы 4 қалада 2011-2022 жылдары, атап айтсақ, Тараз – 478 үй, Жаңатас – 11 үй, Қаратау – 33 үй, Шу – 35 үй, жалпы саны 557 үй жөндеуден өтті. Жалпы республика бойынша біздің облыс көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеуден алдыңғы қатарда. Осы ретте күрделі жөндеуден өткен көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 58 пайыздан 32,4 пайызға түсіп отыр. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табуда.
Сонымен қатар тұрғын үй қатынастары саласындағы соңғы өзгерістерге сәйкес, қазіргі уақытта елді мекенге бірыңғай келбет беруге мақсатында көппәтерлі үйлердің шатыры мен қасбетін ЖБ есебінен қайтарымсыз қаражат бөлуге мүмкіндік берілді. Одан бөлек, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформасы шеңберінде 2021 жылы облыстың 4 қаласында тұрғын үйді реновациялау бағдарламасы қабылданды. Бұған қоса Тараз қаласында тозығы жеткен 5 үйді (40 пәтер) бекітілген Жол картаға сәйкес, 2025-2026 жылдары бұзу қарастырылуда. Оның орнына 45 пәтерлі 2 үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Сонымен қатар облыстың елді мекендерін көркейту мақсатында жыл сайын көктемгі және күзгі екі айлық абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлығы өткізілуде.
2023 жылғы көктемгі екі айлық қорытындысы бойынша облыста жалпы 32 742 дана тал ағаштар отырғызылса, 7 531,3 тонна күл-қоқыс орындары тазаланған. Сондай-ақ облыс бойынша ағымдағы жылы жалпы 42 көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларына балалар ойын алаңшаларын орнату жоспарлануда. Оның ішінде Тараз қаласында – 27, Қаратау қаласында – 5, Шу қаласын- да – 4, Жаңатас қаласында – 4, Мойынқұм ауданында 2 аула бар.
Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында облыста атқарылған оңды істердің бір парасы ғана. Алдымызда атқарылар жұмыс ауқымды, жоспар жұмыр. Бастысы, елді мекендердің тынысын кеңейту жолындағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса бермек.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.