Қалалық қоғамдық-саяси газет

Баянды болашақтың бағдары

0 719

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Қазақстанның алдағы даму стратегиясын айқындап берген болатын. Құнды құжатта Президент денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған баянды бастамаларын жариялады.

– Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда, – деген еді Президент аталған Жолдауда.
Құнды құжатта Президент өзінің көшбасшыға тән көрегендігін тағы бір мәрте танытты. Олай дейтініміз, бұрынғы Жолдауларында Президент елді экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш салған болса, енді Қазақстан азаматтарының тұрмыс-ахуалын арттыруды көздеген әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттарды белгілеп отыр. Осының өзімен мемлекеттік саясаттағы ең басты капитал адам екеніне көзі жеткен экономикалық және саяси жетілудің шыңынан көрінеді. Жолдауда атап көрсетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде берілген – білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысын арттыру, мемлекеттік қызмет көрсетулердің жақсаруы – міне, адам капиталын инвестициялауға жасалған осы шаралардың бәрі қазақстандықтардың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Жолдауының орындалуы экономикалық тетіктермен бекітілгені, нақты жоспарлардың белгіленгені және орындалуын қадағалайтын қажетті бақылау жүйесімен астасқанын атап өтуіміз тиіс.
Мемлекет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті. Бұл мақсатқа жету үшін 5 негізгі бастама айтылды. Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев ең төменгі жалақы мөлшерін өсіруге тапсырма берді. Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін жеткізді. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді жүктеді. Яғни жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі. Ал, үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және макро кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.
Сонымен қатар, төртіншіден, Президент 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді. Ал соңғы бағыт бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керектігін қадап айтты. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді. Мұның да игілігін көрген отандастарымыз баршылық. Президент бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне де ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет.
Президент өз сөзінде мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін де еске салды.
– Мемлекет басшысының саясатына күмәнмен қарайтындар, жұмысын атқара алмайтындар, уақыт өткізіп босқа отыратындар мен Президенттің тапсырмаларын орындаудан жалтаратындар болса, қызмет орындарын босатулары керек. Біз қазір дамуымыздың шешуші кезеңіне қадам бастық. Мемлекеттік аппарат біртұтас механизмдей жұмылып жұмыс істеуге міндетті. Тек сонда ғана біз мақсатымызға жете аламыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президенттің халыққа жыл сайынғы Жолдауы – таяу және орта мерзімді перспективада мемлекеттік саясатты қалыптастырудың тиімді тетігі. Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамындағы өмірдің барлық салаларын одан әрі реформалау құжатын ұсына отырып, нақты міндеттер қойды. Олардың шешілуі одан әрі экономикалық өсуге, ел азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мемлекеттік басқару, экономикалық және аумақтық даму, әлеуметтік әл-ауқат, ауыл шаруашылығы және шағын кәсіпкерлік, сондай-ақ құқық қорғау жүйесін жаңғырту мәселелері түбегейлі маңызды.
Президент қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі басты мақсатына қол жеткізу үшін бес негізгі бастаманы атап көрсетті.
– Дүние жүзі өнеркәсіп пен экономиканы экологиялық тазартуға бет бұрды. Қазір бұл – әншейін сөз емес, салық, баж және техникалық реттеу шаралары сияқты нақты шешімдер. Біз одан тыс қала алмаймыз. Мұндай шешімдер экспорт, инвестиция және технология трансферті арқылы елімізге тікелей әсер етеді. Шын мәнінде, бұл – Қазақстанның орнықты дамуы мәселесі. Сондықтан мен 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктеп отырмын, – деп атап көрсетті құнды құжатта Президент.
Қазақ елінің экономикасын осы аталған қағидаттар негізінде дамытудың келешегі зор болары анық. Мемлекет басшысының қазақстандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу, жас, білімді әрі ынталы мамандар әзірлеу, цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажеттігі, цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жеткізу жөніндегі міндеттері ерекше назар аудартады.
Президент білім саласына да ерекше тоқталып, мұғалімдердің жалақысы өсетінін, сондай-ақ толыққанды білім үдерісі үшін қажетті барлық функциясы бар бір онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет екенін айтты. Расында, мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қашанда жоғары болуы керек. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мектептің басты міндеті – оқушыны оқуға, ойлануға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне рухани жағынан, заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сондықтан да тәуелсіз Қазақстанда мұғалімге деген құрмет жыл сайын артып келеді деп сенімді айта аламын.
Тағы бір бүгінгі күннің өзекті мәселесі – тіл. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің аясы қарқынды кеңеюде. Еліміздегі мәдениет пен өнер, ғылым мен білім орыс тілінің де, мемлекеттік тілдің де қатысуынсыз толық дамымайды. Ал дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің тұғырында қашанда мемлекеттік тілі биікте тұруы қажет.
Мемлекет басшысы мектеп салу, оның ішінде ауыл мектептерін көбейтуді, кәсіптік-техникалық оқу үрдісін жандандыруды, сондай-ақ қажетті жұмысшы мамандықтарына студенттерді тегін оқытуды жүзеге асыруды тапсырды. Себебі еліміз мүлде жаңа дәуірге қадам басты. Соған сәйкес мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін ондай қадамдар өте маңызды. Сонымен қатар Президент ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін 5 жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн екенін, жалпы еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет күтіп тұрғанын баса айтты. Яғни уақыт талабына сай әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу керектігін жеткізді. Президент мемлекет пен барлық қазақстандықтар үшін көптеген маңызды мәселелерді көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экономикалық бағыттың 7 негізгі принципін атады.
Мемлекет мұғалімдерді қолдау саясатын да әрі қарай жалғастырады. Әрине, мұғалімдер де Отанымыздың игілігі мен Қазақстанның жарқын болашағы жолында әрі қарай да талмай еңбек етеді деп сенімді айта аламыз. Президенттің балалар үйірмелерін қалпына келтіру бойынша жүктеген тапсырмасы да өте орынды. Балғындарды үйірмелермен қамту арқылы үш мақсатқа жетеміз. Олар: жастарымызды ұлттық қолөнерге және шығармашылыққа баулу, құқық бұзушылықтың алдын алу және денсаулықты нығайту. Сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек.
Жолдауда көтерілген мәселелер барлық қазақстандықтарды, бірінші кезекте ұстаздар құрамын да бейжай қалдырмады. Құнды құжатта еліміздің әл-ауқатын дамыту мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарының бірі білім беру саласы екендігі баса көрсетілді. Президент Жолдауының бір бағыты осы саланың мәселелеріне арналғаны қуантады.
– Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты. Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда, қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуға тиіс. Сонымен бірге жағымды жаңалығымыз да бар. Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды. Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн. Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын. Өйткені олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс. Бұл ретте ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейді. Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Сондықтан мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін, – деген еді Президент.
Осы тұста Мемлекет басшысының «Министрлік білімді заманға бейімдеуі қажет, ол үшін білікті мамандар керек» деген тапсырмасы үлкен міндет жүктейді. Бүгінде бұл көтерілген мәселенің жай ғана сөз емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқанының куәгеріміз. Сондай-ақ Президент Үкіметке педагог мәртебесін және мұғалімдердің жалақысын арттыруды, отандық ғалымдарға ерекше назар аударуды, білім беру саласын жан-жақты қолдауды тапсырған болатын.
Жоғарыда аталған құнды құжатта ел мен қоғамның одан әрі дамуының пайымы баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық міндеттер белгіленген.
Мемлекеттің басты байлығы адам капиталы екені белгілі. Дені сау ұрпақ өсіріп, оны біліммен қаруландыра отырып, мемлекеттің дамуын дұрыс жолға қою, өркениетке ілесу – біздің қасиетті борышымыз. Мемлекет басшысы осы тұрғыда денсаулық пен білім саласына ерекше көңіл бөліп, ұстаздар мен дәрігерлерге мейлінше қолдау көрсетіп, ғылымның дамуына айрықша назар аудару керектігін тапсырды. Мемлекет басшысы жетекші ғалымдарымызға лайықты жағдай жасаудың нақты жоспарларын да ұсынды.
Ғылыми зерттеу институттарын дамыту үшін олардың сапалы да қажетті жобаларын дұрыс іріктеп, қаржыландыруды құзырлы органдарға тапсырып, бұл саланың дамуына айқын әрі ашық ережесін дайындауды жүктеді. Кез-келген өркениетті елдердің дамуы ғылымның әр саласындағы жетістіктерімен өлшенеді. Сондықтан ғылымға жол ашып, оның дамуына жағдай жасалса, еліміздің барлық бағытында оң өзгерістер болатынына еш күмәніміз болмауы керек. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тағы бір тапсырмасы – халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, еліміздің даңқын шығарып жүрген жеткіншектерге тиісті қолдау көрсету. Президент халықаралық олимпиада жеңімпаздары атанған оқушыларға арнайы мемлекеттік гранттар бөлінетінін де атап өтті. Бізді ерекше қуантқан жағымды жаңалықтырдың бірі осы болды. Бұл Жолдауда мемлекет басшысы елдің дамуына, рухани және экономикалық өсуімізге зиялы қауым өкілдерін белсенді болуға шақырып, халықтық, елдік мәселелерде ауызбіршілік пен ынтымақтастық танытып, ел дамуына адал қызмет етуде рухани күш берді.
Біздің азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау, еңбек ақысын арттыру, экономиканы дамыту, азық-түлік бағасын төмендету – еліміздің алға қойған басым бағыттары. Президенттің өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есе ұлғайту туралы ұсыныстары өте орынды әрі ол үшін өзекті экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлар номенклатурасы мен экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. 2020 жылдың қорытындысы бойынша индустрияландырудың 10 жылында алғаш рет өңдеуші өнеркәсіп жоспары экономиканы дамытуда тау-кен өндіру саласының үлесінен асып түскен. Орта мерзімді мақсат – 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есе, 24 миллиард долларға дейін, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру.
Президент әзірленіп жатқан өнеркәсіптік саясат туралы заң өңдеуші сектордың алдында тұрған сұрақтарға жауап беруі тиіс екенін атап өтті. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: «Жеке тоқталғым келетін тағы бір мәселе – әлем өнеркәсіп пен экономиканы экологияландыру жағына қарай жылжып келеді. Бүгінде бұл жай сөз емес, салықтар, баждар, техникалық реттеу шаралары түріндегі нақты шешім. Біз шетте қала алмаймыз, мұның барлығы бізге тікелей, экспорт, инвестициялар және технологиялар трансферті арқылы әсер етеді. Бұл Қазақстанның тұрақты даму мәселесі десек, асыра айтқандық емес. Сондықтан мен 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін қойдым», – деді.
Бұл ретте Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің ресурстық әлеуеті толық ашылмағанын ескеру қажет. Президент өз сөзінде ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарау қажеттігі туындағанын да атап өтті.
– Ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарау қажеттігі пісіп-жетілді деп есептеймін. Бұл, бір жағынан, аса маңызды макроиндикатор, екінші жағынан, әркімге түсінікті көрсет- кіш, – делінген құнды құжатта.
Бүгінгі таңда бұл мәселе өте өткір болғандықтан, бюджет саласы қызмет-керлерінің жалақысы өткен жылдан бастап 2025 жылға дейін жыл сайын 20 пайызға артып отырады.
Тағы бір мәселе – бүгінгі таңда IT-индустрия-ны цифрландыру және дамыту Қазақстан дамуының ажырамас құрамдас бөлігіне айналғаны анық. Президент өз Жолдауында айтқандай, ұлттық компаниялардың ІТ-қоғамдастықпен өзара іс-қимыл платформасын құру қажет. Квазимемлекеттік сектордың цифрлық қажеттіліктері мен сұраныстары отандық компаниялардың күшімен барынша қамтамасыз етілуі тиіс. Мемлекет басшысы бәсекеге қабілеттіліктің басты шарттарының бірі терең цифрландыру екенін атап өтті.
– Қазіргі әлемде бәсекеге қабілеттіліктің басты шарттарының бірі терең цифрландыру болып табылады. Қазақстан үшін қазіргі заманғы цифрлық технологиялар трансферттері, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу аса маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық әріптестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл ретте отандық ІТ-секторды өсіріп, нығайту маңызды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент цифрлық үкіметтің түбегейлі жаңа архитектурасын құру қажеттігін, мемлекеттік органдардың барлық бизнес-процестері қайта қаралып, цифрлық форматқа көшірілетін трансформация орталығы іске қосылатынын тілге тиек етті.
Мемлекет басшысы таяудағы онжылдықтың күрделі болатынын ашық айтып, алдағы міндеттерді шешу жөніндегі мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың ұзақ және қысқа мерзімді басымдықтарын белгіледі. Президенттің еліміздің әрбір азаматына тікелей қатысы бар, әр қазақстандықтың мүддесіне сөзсіз әсер ететін маңызды тапсырмалары дер кезінде айтылып отыр. Олардың қатарында, Жолдаудың экономикалық блогындағы – мемлекеттік қаржыны басқару және Ұлттық қорды дамыту тұжырымдамасы, «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын ұзарту, цифрлы үкіметтің жаңа архитектурасы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Көші-қон саясатының, қоныс аударушыларды ынталандырудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу халықты этнодемографиялық тұрғыда ұтымды орналастыруға ықпал етеді. Оның ішінде этностар жинақы қоныстанған жерлерде бірқатар әлеуметтік-экономикалық және этносаралық мәселелерді шешуге көмектесіп, өзара іс-қимылдың көптеген этноәлеуметтік аспектілерін жояды.
Мемлекеттің әлеуметтік саясаты еліміздегі саяси тұрақтылықтың, бірліктің, ұлтаралық татулық пен келісімнің негізі және солай болып қала береді. Сондықтан Жолдаудың әлеуметтік блогын біз осы тұрғыда қарастыруымыз керек. Жолдаудың әлеуметтік міндеттерін жүзеге асыру халықтың нақты кірістерінің өсуіне, жүздеген мың азаматымызды мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне қосуға қуатты синергия береді.
Жолдаудың басты тақырыптарының бірі көпэтносты еліміздегі бірлік, татулық пен келісімге арналды. Бұл жерде Мемлекет басшысы барлық басымдықтар мен екпіндерді өте айқын және анық қойып отыр. Құжатта ұлтаралық қатынастардың үйлесімді дамуы қашанда мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі болғаны және бола беретіні атап көрсетілді. «Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды», – деді Мемлекет басшысы.
Президент азаматтардың конституциялық құқықтарының кепілі ретінде заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар екенін, бірақ біздің заңнамаға сәйкес орыс тілінің қолданылуына кедергі келтіруге болмайтынын нақты атап өтті. Бұл ұстаным тек қана Қазақстан заңнамасына ғана емес, сонымен қатар этносаралық қатынастардың үйлесімділігін қамтамасыз ететін, тәуелсіздік жылдарында сыннан өткен тіл саясатының оң тәжірибесіне сәйкес келеді.
Мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін де айтты. Бұл көзқарасты Қазақстанның барлық азаматтары қолдайтыны сөзсіз. Қазақстан Президенті біздің азаматтарымыз үшін келісім, толеранттылық мәдениеттер мен тілдердің өзара кірігуіне байланысты өмірдің шындығы екенін тағы да еске салды. Екінші жағынан, Мемлекет басшысы радикализмнің кез келген түріне қатаң тойтарыс берілетінін, Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен аумақтық тұтастығына ешкімнің қол сұғуына жол берілмейтінін баса айтты. Әрине, мұндай ұстаным ел тұрғындарының көпшілігінің мүдделеріне сай келеді, олар үшін татулық пен келісім – қауіпсіз өмір сүру, тұрақтылық пен даму мүмкіндігінің алғышарты.
Президенттің барлық азамат этносаралық және конфессияаралық қатынастардың қаншалықты маңызды екенін түсінуі керек деген ойының маңызы зор. Сонымен қатар Мемлекет басшысының сөзі осы саясаттың іргелі қағидаттары мен негіздерінен ауытқымай, жаңа тарихи жағдайларда шығармашылық тұрғыдан дамып келе жатқанын айқын көрсетті. Жалпы алғанда, Президент халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру сапасын жақсарту бойынша теңдессіз шараларды белгіледі. Оларға қол жеткізу қоғамда келісім мен бірлік сақталған жағдайда ғана мүмкін болады.
Сондықтан Жолдаудың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы өте маңызды екенін, оның татулық пен келісімді қамтамасыз етудегі, этносаралық қатынастарды үйлестірудегі және біздің бірегейлігімізді нығайтудағы рөлін биылғы жылдың сәуір айында осы маңызды институтты басқаруға тағайындалған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша атап өтті. Барлық қазақстандық межеленген мақсаттарға қол жеткізу үшін бірігуі тиіс. Мұның бәрі Қазақстандағы татулық пен келісімнің негізі.
Жалпы азамат тарихына үңілсек, әлемдегі озық өркениеттер ұлттық сипаттан бастау алғандығын білеміз. Біз әлемге еліміздің жаңаша бет-бейнесін танытып, өткен дәуірден қалған таптаурын қағидаларды өзгертіп, орындалмайтын «елес идеологиялардан» бойды аулақ ұстауға, жаңа прагматикалық сипаттағы деңгейге қол жеткізбекпіз. Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жаңғыруы байыпты қалыпта, уақыт талабын ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Эволюциялық жолмен жаңғыру қазақстандық азаматтың басты бағдарына айналмақ. Олай деуімізге себеп әлемдегі түрлі революциялардың ешқашан оңтайлы нәтиже әкелмегенін білеміз. Жаһандану үрдісіндегі басты талап қазақ тілімен бірге әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашып, әлемдік озық тәжірибелер мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік әпермек. Дамыған отыз елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан 30 жылда биік белестерді бағындырып, бірліктің арқасында бірегей жетістіктерге жетті. Алдымен ел тұрмысына елеулі көңіл бөлген мемлекеттік саясат ендігі кезекте жеткен жетістіктерімізді еселеуді көздеп отыр.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.