Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жамбылда бақтақ өсіретін ғалымдар барын білесіз бе?

0 157

Еліміз балық ресурстарына өте бай. Сол себепті мемлекеттің экономикалық дамуында балық шаруашылығы ерекше рөл атқара алады. Соңғы уақытта балықты аулап, өндіруге ғана емес, оны арнайы питомниктерде өсіруге де басымдық беріліп, барынша ден қойылып келеді. Ал Үкімет қабылдаған бастамалардың арқасында балық шаруашылығы айтарлықтай сәтті дамуда.

Жамбыл облысында балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер көп болмағанымен, біршамасы бар. Олар балықты нарыққа шығару мақсатымен өсіріп, басын көбейтіп отыр. Алайда жергілікті тұрғындардың көпшілігі оны аймақтағы су жануарлары дүниесін зерттеу, жойылуына жол бермеу мақсатында асырайтын ғылыми орталықтың бар екенін біле бермейді.
Біз айтып отырған Аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығы Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының базасында жұмыс істейді. 2021 жылы «Аквакультура және су биоресурстары» зертханасы ретінде жұмысын бастаған орталықтың ғылыми жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін университетке 33 миллион теңге бөлінген.
Зертхананың мақсаты – ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыру ғана емес, сонымен қатар балық шаруашылығы саласы үшін жоғары білікті мамандарды даярлаудың инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыру. Бағдарлама балық шаруашылығы саласының мемлекеттік және мемлекеттік емес қатысушыларына бағытталған. Сонымен қатар қатысушылар саладағы жұмыс орындарының көп бөлігін ұсынады.
Аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD Венера Арыстанғалиева аймақта аквамәдениетті дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғанын айтады. Бұл мақсатта орталық қызмет ететін оқу ордасы да барынша қолдау көрсетіп келеді екен. Мәселен, жуырда бір мезгілде 200 мың бас балық уылдырығын инкубациялайтын 2 дана жапондық жаңа аппарат сыйға тартылған. Наурыз айында Қазақстанға жеткізілген қондырғылар жақын күндері арнайы мамандардың көмегімен іске қосылмақ.
– Жапонияда «Furatt Gosei Co» аталатын балық шаруашылығымен айналысатын ірі компания бар. Сол компания өткен жылы Алматы қаласында ауқымды семинар өткізген. Аталған шараға біз де қатыстық. Семинар барысында жапондық мамандар бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірген еді. Міне, сол компания бізге үлгі ретінде екі инкубациялық аппарат берді. Бұл аппараттар құбылмалы бақтақ (радужный форель) өсіруге арналған. Бұйыртса, Франция және Польша елдерінен құбылмалы бақтақтың уылдырығын алдыртамыз. Екі аппаратта 400 мың бас бақтақ өсіріледі, – дейді Аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі. Құбылмалы бақтақ (радужный форель) – Жамбыл облысында көп өсірілетін балық түрі. Себебі Әулиеата өңірінің табиғаты аталған балық түрін өсіруге тиімді болып келеді.
– Қазіргі таңда Аквамәдениет ғылыми-зерттеу орталығында коммерциализациялық әлеуеті бар жоба жүзеге асырылып жатыр. Құрылысы келер күз айында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба жұмыстары сәтті аяқталса, біздің өзіміздің бақтақ өсіретін шаруашылығымыз болады, – дейді Венера Әділқызы.
Бұдан бөлек, орталықта бірнеше бағыттағы зерттеулер жүргізіледі. Атап айтқанда, институт ғалымдары өңірдегі бекітілген 100 су айдынында биологиялық зерттеу жұмыстарын жыл сайын тұрақты жүргізеді. Бұл өз кезегінде балық өсірушілердің жұмысын жүйелей түсуге айтарлықтай ықпал етеді. Сонымен қатар олар судың физикалық-географиялық сипаттамасын жасап, су қоймасының морфометриялық деректері – жағалау сызығының жағдайы, ауданы, ең үлкен және басым ұзындығы, ені мен тереңдігі, су түбінің табиғаты секілді мәліметтерді жаңартып отырады. Гидротехникалық құрылыстардың болуы, олардың жай-күйі, балық қорғау құрылғыларының болуы, суды толық немесе ішінара ағызу мүмкіндігі анықталып, міндетті түрде су айдынының схемасы гидротехникалық және балық қорғау құрылыстарының, сондай-ақ су айдынына іргелес алқаптардың жоспарымен қоса беріледі. Су айдынының жалпы деңгейлік режимі, су алмасуы, су көлемі, деңгейдің іске қосылуы, көктемгі тасқын сулардың өту ерекшеліктері секілді арнайы деректер де ғалымдардың бақылауында болады. Орталық қызметкерлері, мұнымен қоса, судың химиялық құрамын, газ режимін, ортаның белсенді реакциясын, тұз құрамын өлшеп, су қоймасының биологиялық өнімділігіне де бағалау жасайды. Су өсімдіктері мен жан-жануарлар әлеміне де зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы Жамбыл облысы үшін балық шаруашылығында экономикалық тиімді, бәсекеге қабілетті кластерлерді қалыптастыру – ұзақ мерзімді даму стратегиясының басты бағыттарының бірі. Осыған байланысты орталық «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «балық шаруашылығы» бағыты бойынша курстар өткізген. Облыстың балық шаруашылығы мекемелерімен шарттар жасалған. Балық өсіретін көлдердің биологиялық негіздемесі түзіліп, балық өсіру көлемін ұлғайту мүмкіндігі бағаланған.
В.Арыстанғалиеваның айтуынша, аквамәдениет саласын өркендетуге мүмкіндік мол. Билік тарапынан балық өсіру саласына арнайы субсидия қарастырылған. Бұл өз кезегінде жұмыстың алға жылжуына, фермерлердің осы іске зор ынтамен кірісуіне ықпал етеді. Мамандар балық шаруашылығының ел экономикасын көтеруге айтарлықтай үлес қосатынын айтады.
– Жұмыс барысымен шет мемлекеттерге жиі баруға тура келеді. Ресей, Өзбекстан, Қырғыз Республикасындағы әріптестерімізбен тығыз байланыс орнатқанбыз. Жұмыс сапары кезінде ондағы аквамәдениеттің өте жақсы дамығандығын байқаймыз. Бұған себеп, осы саладағы кәсіби мамандардың жеткілікті болуы дер едім. Тәжірибе көрсеткендей, ондағы кадрлардың біліктілігі жоғары. Біздің елдегі аквамәдениетті дамытудағы артықшылық ретінде жердің кеңдігі мен су айдындарының көптігін айтар едім. Басты кемшілік – аквамәдениет саласындағы кадр тапшылығы, тәжірибелік алаңдардың жоқтығы. Елімізде балық шаруашылығына деген қызығушылық бар екеніне талас жоқ. Әсіресе жастар осы саланы меңгеріп, кәсібін дөңгелетуге бел буып отыр. Сондықтан білікті кадр даярлау, өзге мемлекеттермен тәжірибе алмасу, балық өсірушілердің білімі мен тәжірибесін шыңдау қажет екеніне күмән жоқ, – дейді ғалым.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.