Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл жерінен Корей түбегіне дейін…

0 126

Ұлы Отан соғысы есепсіз қантөгіс әрі сұрапыл қатыгездігімен ел есінде өшпестей із қалдырды. Қан майданға Жамбыл жерінен 100 мыңға жуық азамат аттанса, олардың 3 341-і Байзақ ауданының тумалары болған. Міне, сол мұз жастанып, қар жамылған шайқастан 1 360 майдангер елге аман оралса, соның бірі – Жалғызтөбе ауылдық округіне қарасты Жетібай ауылының тұрғыны болған ардагер Рахымжан Мамыралиев.

Рахымжан Сатыбалдыұлы 1925 жылдың 25 қаңтарында Әулиеата уезі, «Жамбыл» колхозында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Сатыбалды Мамыралиев іскер, сауатты кісі болған. Ол «ауылнай» қызметін атқарып, ел үшін еңбек еткен азамат. Анасы Орынтай да хат таныған жан болғандықтан, пошта қызметінде хат-хабар таратушы болып жұмыс істеген. Рахымжанның анасы ат құлағында ойнап, шабандоз жігіттермен көкпар тартысатын қайсарлығы да болған.
Сол кезеңдегі кеңестік ұжымдастыру саясаты қай отбасыға болмасын ауыр соққаны анық. 1928 жылы байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, елден жиналған азық-түлік Ресейге жөнелтілді. Осы науқан барысында 1930 жылы Рахымжанның әкесі Сатыбалды қарақшылар қолынан қаза тапты. Осылайша бес жасар Рахымжан жетім, ал анасы Орынтай жесір қалады.
Бала Рахымжанның тағдырына жазылған сынақ мұнымен бітпейді. Голощекиннің «Кіші қазан» төңкерісі қазақ жерін жайлаған ашаршылыққа әкелді. Ол кезде Рахымжан бар болғаны 7 жаста еді.
Анасы әкеден қалған жалғыз тұяқты аман алып қалу мақсатымен оны Михайловка ауылындағы (қазіргі Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер) балалар интернатына өткізеді. Мемлекеттің қамқорлығымен ол 8 жылдық білім алып, хат танып, сауат ашады. Ол тұста 8 жылдық білім алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін еді. Балалық шақтың бақыты бұйырмағандықтан, Рахымжан атамыз ерте есейіп, оқуда үздік жетістіктерге жетеді.
1941-1945 жылдары фашистік Германия мен милитаристік Жапония Кеңес Одағына қауіп төндірді. Ал 1943 жылы 18 жасқа толған Рахымжан қария Қиыр Шығыстағы Приморск өлкесіне қарулы күштер қатарына алынады. Ол зеңбірек бөлімінің командирі ретінде аға сержант шеніне ие болады. 1945 жылдың тамыз-қыркүйек айларына дейін Қиыр Шығыста жапон басқыншыларынан Приморск, Ворошилов қалаларын азат етуге қатысады. Бұдан бөлек, Қытайдың Маньчжурия өлкесі мен Корей түбегін жапон басқыншыларынан азат етудегі ұрыстарда болып, соғысты Кореяның Сеул қаласында аяқтайды.
1945 жылы Жеңіс таңын майдангерлермен бірге атырған ардагер жалғыз анасымен қайта қауышуға асығады. Алайда анасы 63 жасында дүниеден өтіп, оны қайта құшағында қысу бақыты бұйырмайды.
Әскерден 1951 жылы 11 қарашада елге оралған Рахымжан соғыстан кейінгі елді мекендердің еңсесін қайта тіктеуге белсене араласады. Жамбыл ауданында еңбек жолын бастап, 1953-1962 жылдары «Ақкөл» колхозында есеп бөлімінің бастығы қызметін атқарады. 1952 жылы қарашай қызы Кулимат Салпағаровамен жұбын жарастырып, Семей қаласында «Ет-сүт өнімдерін өңдеу технологы» мамандығын алып шығады.
Оқудан кейін майдангер «Бірлестік-Еңбек» колхозында екі жыл, 1966-1971 жылдары Аса ауылында, ал 1971-1985 жылдары «Фрунзе» колхозында сүт қабылдау бөлімін басқарады. 1985 жылы зейнетке шығып, Жетібай ауылында құтты қоныс тапты. Міне, содан бері де 40 жыл өте шығып отыр.
Рахымжан қария мен Кулимат анамыз отбасылық өмірінде 7 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 24 немере, 35 шөбере сүйді. Алайда 2007 жылы Кулимат анамыз мәңгілік сапарға аттанып, Рахымжан атамыз жалғыздықтың кермек дәмін тағы бір мәрте татты.
Рахымжан ақсақал қан майданда болсын, бейбіт таңның күнінде жүрсе де үнемі алдыңғы қатарда болды. Елінің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосқан жан «Еңбек Қызыл Ту», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені, «Жеңістің 40, 50 жылдығы» медальдары, «Еңбек ардагері», «Қарулы Күштерге – 70 жыл» төсбелгілері, «Соғыс ардагері» белгісі, бұлардан басқа да әртүрлі деңгейдегі марапаттарға қол жеткізген майдангер.
– Елімізде енді соғыс өрті тұтанбай, бала жетім, ана жесір, отбасы ойран болмасын. Жастарға айтарым, қолда барды қадірлеп, бейбіт күнге тәубе етіңдер. Мен әкем мен анамды жастай жоғалтқан жанмын. Мен көргенді кейінгі ұрпақ көрмесін деп тілеймін. Аспанымыз ашық, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз баянды болғай, – деген еді бір сөзінде Рахымжан Мамыралиев.
Рахымжан қария кіші баласы Сапар мен келіні Нұризаттың қолында тұрды. Ұлы Жеңістің 80 жылдық торқалы тойында майдангер 100 жасқа толуы керек еді. Алайда ғасыр таңын атыруды ардагердің пешенесіне жазбады. Күні кеше батыр майдангер соңғы сапарына аттанып кетті. Алла алдынан жарылқап, нұры пейіште шалқысын деп дұға етеміз.

Дедек ТӨЛЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.