Қалалық қоғамдық-саяси газет

ЖАМБЫЛ ТУРАЛЫ СӨЗ

0 237

Сүйінбай ақын 83 жасында қайтыс болып, келесі жылы ұлан-асыр етіп асын берген. Қазақ жерінің әр түкпірінен «мен» деген құрметті қонақтар Суықтөбе баурайына жиналады.

Қырғыз елінен келген қонақтардан алабөтен 16 жасар 11 қыз келген. Оң қолдарымен жүректерін басып тұрып, мөлдір құндыз бөрік киген бастарын сәл иген қыздардың ішінен бір сұлу қыз:
Атпенен астым шың-құздан,
Қазаққа келдім қырғыздан.
Қыстауым бұлттан биікте,
Жайлауым биік жұлдыздан.
Ақынның асы өтерде,
Үйірлеп жылқы қырғыздан,
Үйімде тыныш жата алмай,
Он қызды ертіп мың қыздан –
Арнап бір келдім, ағайын,
Атымның басын бұрғызбай.
Естіген құлақ қанғанда,
Алыссам алып ұрғанда.
Жарыссам бәйге алғанда,
Қызығын көрмей жалғанның
Өтермін қалай арманда.
Сүйекем өлді дегенде
Өлеңнің туы құлаған.
Сүйекем орнын, құдай-ау,
Толтырар кім деп сұраған.
Шығыпты дейді бір жігіт,
Өлеңнен құрақ құраған.
Есіттім атын Жамбыл деп,
Сынына жұрттың шыдаған.
Іздеп келдім Жамбылды,
Кетпесін деп сыбағам.
Қайда екен сол жігіт алғыр деген,
Сүйекем саған қалай қалдырды өлең.
Қорықпаса майданыма шықсын менің,
Сазасын алсын менен Жамбыл деген.
Жамбыл:
Сұрасаң, Сүйінбайдың Жамбылымын,
Өлеңнің қара жолдай даңғылымын.
Тентек қыз асқақтамай, артыңды ойла,
Көрсеткен астамдығың қай қылығың?!
Қыз:
Бола бер, мен қайтейін Жамбыл болсаң,
Жорта бер жалғыз шауып, даңғыл болсаң.
Қасқырмын қума түзде қағып кетер,
Қозыдай қойдан қалған қаңғыр болсаң.
Жамбыл:
Сен болсаң, түзде қасқыр жортатұғын,
Қозыңды тапқан жоқсың қорқатұғын.
Қарулы жолыңдағы менмін қақпан,
Діңкеңді тырп еткізбей құртатұғын.
Қыз:
Алдымнан шыға келдің бір сор айдап,
Алармын әнмен туып, сөзбен байлап.
Соқтықтың жолбарысқа жонда жортқан,
Өкінбе, өлмеші етем кетсем шайнап.
Жамбыл:
Аузыңнан сөз шығады батпан-батпан,
Кез болдың жолбарысқа жонда жатқан.
Дәл соғып жүрегіңді жаралайтын,
Оғымын сұрмергеннің аңдып атқан.
Қыз:
Аруағын Сүйінбайдың қызғанып ем,
Жарайсың бүгін, Жамбыл, ырзамын мен.
Алыстан аңсап келген қонағыңмын,
Сыйла енді сен де мені тұз-дәміңмен.
Ақмарал атым менің, затым қырғыз,
Қабыл ал қасымдағы қыздарыммен.

Бір жылдан кейін кездесуге уағдаласқан Жамбыл мен Ақмарал тарқасып, жыл өткен соң Жамбыл іздеп барса, Ақмарал қыз қырғыздың атақты ханы Орманханның ұлы Үмбетәліге тұрмысқа шыққан екен. Жамбылдың іздеп келгенін, келіншегі Ақмаралмен кездескенін естіген хан баласы Үмбетәлі қасына жасауылдарын ертіп Жамбылға келіп, өлтіруге әмір береді. Жасауылдар біріне-бірі жалтақтап ұмтыла қоймапты. Жамбыл аттанып кеткен соң, ашуға булыққан хан баласына жасауылдары: «Қалай өлтіреміз? Ұмтылайық десек, Жамбылмен ортамызға көлденең тұрып алған қызыл жолбарыс жалын дүрдитіп, тісін көрсеткен жоқ па?», – деген екен. Сүйінбайдың қызыл жолбарысы Жамбылды тұңғыш рет осылай қорғапты.

Бұл жайында Мұхтар Әуезов: «Соғыс жылдары КПСС Орталық комитетінің арнаулы қаулысымен Москва, Ленинград қалаларының көрнекті ғалымдары, жазушылары, композиторлар, суретшілер, кино-театр қайраткерлері Алматы және Ташкент қалаларына көшіп келе бастады. Солардың арасында атақты биші Галина Уланова және режиссер Сергей Эйзенштейн бар. Бірде мен оларды Жамбылдың ауылына алып бардым. Жамбыл өз үйінде екен, бізді қуана шаттана қарсы алды. Бір тәулік Жамбылдың қонағы болдық. Ертесіне қайтатын кезде Жәкең бізді өзінің үлкен залында қабылдады. Жүрердің алдында қымыз ішіп отырғанда, орыс қонақтарының біреуі Жамбылға: «Сіз қара сөздің өзін өлеңмен айтады екенсіз, сол рас па?», – деген сұрақ қойды. Мен қолма-қол аударма жасадым. Жәкең мыр етіп күлді де: «Мұхтаржан! Сен ақылды інімсің, бұларға былай де: менің өзімді былай қойғанда, иығыма жамылып тұрған түлкі ішігімнің астарына шейін толған өлең, сілкілесем өлең түседі», – деді. Бұл сөзді естігенде, москвалық қонақтар Жамбылды құшақтап, мәз-мейрам болды. Асылы, менің байқауымша, қазақта Жамбылдай бейнелі, образды сөйлейтін кісіні сирек кездестірдім», – деп еске алады.

1941 жылы 6 қыркүйекте Ленинградқа бірінші бомба түседі. Дәл сол күні «Ленинградская правда» газетінде Жамбылдың «Ленинградцы, дети мои!» деген жалынды өлеңі жарияланады. Бұл өлеңді радио арқылы тұңғыш рет зор дауысты Михаил Меланед оқыған екен.

«Егемен Қазақстан» газетінде академик Серік Қирабаевтың «Жамбылды жаңаша тану» деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақалада былай дейді: «Кезінде Жамбылдың атағы дүрілдеп тұрған заманда ақынның табыстарына қызғаныштық көрсетіп, оның үстінен Сталинге қаралау хаттар түскені де жасырын емес. «Жамбыл деген ақын жоқ. Оның аты ойдан шығарылған» деп жазған арызшы хатты Сталиннің қолына тигізген. Сталин бұл мәселені анықтауды Константин Фадеевке тапсырыпты. Ал Фадеев болса, Леонид Соболевті Алматыға жібереді. Алматыда М.Әуезов пен Ә.Тәжібаев Соболевтің Жамбылмен әңгімесіне, оның жырлау процесімен танысуына қатысады. Олар Жамбылдың қазақтың халық поэзиясын жатқа білетініне көңіл аударады. Соболев ондағы образдарға қызығады, таң қалады. Сөйтіп, арыздың жала екеніне көз жеткізеді. Кетерінде Жамбылды құшақтап, сақалынан сүйіп: «Мен қазақ болсам, тек Жамбылмен ғана бірге болар едім, аузынан шыққан сөздерін жаза берер едім», – деген екен. Мұхаң толқып тұрған Соболевке: «Жамбылдың басында миллионнан артық ұйқас бар», – депті.

Қонақтарын шығарып салуға беттеген Жамбыл атамыз ауыз бөлмеде кебісін киіп жатып:
Жан едім ешкімнен де қысылмаған,
Тірі жан көрсетпеген қысым маған.
Тар төсекте мүлт кетпейтін қайран Жамбыл,
Кең кебісті кие алмай пысылдаған, – дегенде жанындағылар күліп жіберіпті. Аң-таң болып тұрған Соболев «жай, Жамбыл атамыз әзілдеп тұр» деп сылап-сипай салмақшы болғандарына қарамай, аударып беруін талап еткен. Амал жоқ, зергердің қолынан өткен асыл тастай етіп Мұхаң аударып бергенде, таңданысында шек болмаған Соболев: «Осындай адамның да үстінен арыз жазылады екен-ау», – депті. Осыдан кейін Жамбыл жөніндегі өсек-аяң қайта көтерілмеген. Арыз жазылмаған. Жазылса да, қаралмаған болуы керек.

Бала Жамбылға Сүйінбай атасы:
Ақ батамды бердім, Жамбыл,
Көндім, көндім, жеңдің, Жамбыл!
Өлгенше енді өлең ізде,
Домбырамен бірге қаңғыр.
Ақ батамды бердім, Жамбыл,
Болсын, Жамбыл, жолың даңғыл.
Тоңғандарға от тұтандыр,
Шөлдегеннің мейірін қандыр.
Өмірің ұзақ болсын, Жамбыл,
Өлеңнен бақ қонсын, Жамбыл,
Отың мәңгі жансын, Жамбыл,
Атың мәңгі қалсын, Жамбыл! – деп ақ батасын берген.

Сүйінбайдың ақ батасы айдай келгенін жұртымыз біледі. Өмірден өтерден бір жұма бұрын сыралғы атына мініп алып, жақын маңдағы елді мекендерді аралап, елмен шүйіркелесіп қайтқан екен. Халқымен, жұртымен қоштасқандай болған сияқты. Бірер күннен соң, Алматыға Кабминнің ауруханасына түсіп қалған. Таңға жуық көзі ілініп кеткен Жамбыл «Шау! Шау!» деп шошып оянған. Қасында аң-таң болып отырғандарға: «Кетті, кетті біржола, дауыстап шақырғаныма жалтақтап қарап кетті. Кетті, қызыл жолбарысым, кием менің!», – деп қамыққан екен.

Кейбір қара ниет жандар Жамбылды топас, надан санаған. Онысын сыртынан күңкілмен жеткізіп отырған. Бірде сондай жандардың біреуі көпшілік алдында Жамбылды бір сүріндіріп алмақ ниетпен: «Ата, осы Абай қандай ақын?», – деген сұрақ қояды. «Ибраһим ба? (Жамбыл Абайды азан шақырып қойылған атымен атайды екен). Ибраһим ақын ба екен?» – деп біраз тұрып қалыпты. Ал әлгі сұрақ қойғыш жаны кіріп, жан-жағындағыларға: «Әне, көрдіңдер ме? Мына шалдың рушылдығы ұстап отыр. Абайды ақын емес дейді», – дегендей сыңаймен жайраңдап қалса керек. Сонда Жамбыл әлгінің жүзіне қарап тұрып: «Ибраһим ақын емес! Ол – ақындардың Пайғамбары!» деген екен.

Күні бүгінге дейін Абайға Жамбылдан артық баға берген жан болған жоқ. «Ұлыны ұлы таниды» деген осы болса керек!

Әлібек ӘМЗЕЕВ, ҚР мәдениет қайраткері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.