Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде 1С ЦСО брендтелген заманауи білім беру кабинеті ашылды

0 45
Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде студенттердің практикалық даярлығын арттыруға, цифрлық құзыреттерін дамытуға және 1С бағдарламалық өнімдерімен кәсіби жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға арналған 1С ЦСО брендтелген заманауи кабинеттің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жоба «1С Қазақстан» компаниясы мен «Talap» КЕАҚ қолдауымен жүзеге асырылып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бизнес-қоғамдастықпен өзара байланысын нығайтуға бағытталған маңызды бастамаға айналды.

Салтанатты іс-шараға мемлекеттік органдардың, салалық ұйымдардың, әлеуметтік серіктестердің және өңірлік жұмыс берушілердің өкілдері қатысты. Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Нұрбек Әбдімәжитұлы Оршубеков құттықтау сөз сөйлеп, білім беру саласын цифрландырудың, практикалық бағыттағы оқытуды дамыту мен студенттердің кәсіби сертификаттау мүмкіндіктерін кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде «1С Қазақстан» оқу орталығының жетекшісі Гүлмира Керейбаева және серіктес ұйымдардың өкілдері кәсіби білім беру саласын дамытудағы бірлескен жұмыстарға тоқталып, студенттердің тағылымдамадан өтуі, халықаралық сертификат алуы және болашақта тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы айтты.

Іс-шара аясында «1С:Соревнование» халықаралық байқауының өңірлік кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Жеңімпаздарға жоғары кәсіби дайындық деңгейін дәлелдейтін дипломдар мен сертификаттар табысталды.

Колледж директоры Асылбек Айбеков жаңа брендтелген кабинеттің ашылуы білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам екенін атап өтіп, бұл орталық студенттердің еңбек нарығында сұранысқа ие цифрлық дағдыларды меңгеруіне үлкен мүмкіндік беретінін айтты.

Салтанатты рәсімнің маңызды сәті – символикалық лентаны қию және кабинеттің ресми ашылуы болды. Қонақтарға жаңа орталықтың мүмкіндіктері таныстырылып, 1С бағдарламалық өнімдерімен практикалық жұмыс барысы көрсетілді.

Сонымен қатар іс-шара барысында 2026–2028 жылдарға арналған 1С ЦСО дамыту Жол картасы таныстырылды. Құжатта білім беру бағдарламаларын кеңейту, жаңа курстар енгізу және студенттердің кәсіби сертификаттау деңгейін арттыруға бағытталған жоспарлар қамтылған.

Ресми бөлім үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімімен аяқталды. Құжатқа Жамбыл облысы білім басқармасы, «1С Қазақстан» оқу орталығы және колледж басшылығы қол қойды. Сондай-ақ бухгалтерлік есеп саласы бойынша мамандар даярлау мақсатында кәсіби бухгалтерлер ұйымымен ынтымақтастық туралы келісім жасалды.

1С ЦСО брендтелген кабинетінің ашылуы – Жамбыл облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастама. Бұл жоба цифрлық экономика талаптарына сай бәсекеге қабілетті, заманауи дағдыларды меңгерген мамандар даярлауға бағытталған.

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.