Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жалақысы аз, үйі жоқ

0 553

Бүгінде діни саладағы түрлі жағдайларда жауапкершілікпен шешім қабылдай алатын кәсіби мамандарды даярлау басты мақсатқа айналып отыр. Себебі қоғам дәл осы саланың мамандарына мұқтаж. Бұл бағытта әр облыста дін істер басқармалары құрылды. Алайда соған қарамастан, теолог мамандарға деген қажеттілік азаяр емес. Әрине, зайырлылық принципін ұстанғанымызбен, діни ахуалды назардан тыс қалдыруға болмайды. Ал ол үшін дінтанушылар өте керек.

Жалпы облысымызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 333 мешіт бар. Сондай-ақ 11 конфессиядан тұратын 378 діни бірлестік тіркелген. Оның 332-сі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы. Бұған қоса 8 православ, 1 католик, 27 протестанттық және өзге де бағыттағы шіркеулер жұмыс істеуде.
Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасы мен оған қарасты Дін проблемаларын зерттеу орталығының берген мәліметіне сүйенсек, Жамбылда жоғары діни білімі бар 76 азамат қызмет етсе, оның 3-і ғана теолог екен. Олар қазіргі таңда Тараз қаласы мен Талас және Сарысу аудандарында еңбек етуде. Өзге аудандарда аталған мамандық иесі мүлде жоқ.
Соған қарамастан облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаевтың айтуынша, жат ағымның жетегінде кетіп, оның құрбаны болған өңір тұрғындарымен психологиялық, мемлекеттік дін саласындағы заңның негізгі тармақтарын түсіндіру бойынша оңалту жұмыстары үздіксіз жүргізілуде екен.
– Басқарманың жанынан Дін проблемаларын зерттеу орталығы 2014 жылы құрылып, онда бүгінде дес- труктивті ақпараттық-түсіндіру, діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету және діни экстремизмге қарсы насихат бөлімдері жұмыс істейді. Сонымен қатар діни мамандар даярлайтын «Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде дін саласындағы мамандықтарда облысымыздан 126 студент білім алуда. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 5 медресе-колледжде 147 тәлімгер оқуда. Қазіргі таңда облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығына, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ішкі саясат бөлімдері мен Жастар ресурстық орталықтарына, Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне дінтанушы, исламтанушы мамандар өте қажет, – дейді Сәкен Сәрсенбайұлы.
Облысымызда теологтардың тапшы болуының басты себебі – жалақының аздығы. Мәселен, Маңғыстау облысында инспектор-теологтардың еңбекақысы 250 мен 300 мың теңге көлемінде болса, біздің өңірде 80 мыңнан басталып, бөлім басшыларынікі 95 мың теңгеге дейін-ақ жетеді. Сол себепті жоғарғы оқу орындарын бітірген жас мамандар көбіне үлкен қалаларда қалуды ұйғарады немесе жалақысы жоғары басқа салаларға кетіп қалып жатады. Осының салдарынан теолог мамандардың тапшылығы сезілуде.
Бір қуанарлығы, бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында біршама жұмыстар қолға алыныпты.
– Биыл азаматтық қызметкерлердің жалақысы Үкімет қаулысына сәйкес, 50 пайызға көбейеді. Сондай-ақ осы жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен де теологтардың еңбекақысын арттыру бойынша қажетті шаралар қабылданып жатыр, – дейді облыстық дін істері басқармасының бас маманы Асылхан Қалмырзаев.
«Нұр-Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі, теолог Ерзат Төлешұлының айтуынша, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін мемлекеттің жан-жақты қолдауы қажет.
– Еліміздегі алауыздықтың алдын алып, діни тұрақтылықты сақтау үшін алдыңғы шепте жүретін, адасқандармен арпалысып, азаматтардың тура жолдан тайқымауы үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін, жат ағым өкілдерін райынан қайтару жолында идеологиялық қызмет атқаратын осы – теологтар. Алайда олардың өңірлерге барып жұмыс істегісі келмейтініне мемлекет тарапынан қолдаудың аздығы себеп болып отыр. Біріншіден, баспананың жоқтығы. Басында үйі болмаған маманның күйі де болмайтыны шындық. Екіншіден, төленетін еңбек- ақы өте мардымсыз. Сондай-ақ елді мекенді аралап, қоғаммен байланыс орнатуға қызметтік көлік қарастырылмаған. Кейбір өңірлерде дін саласына қатысты мекеме басшылығына басқа саланың мамандары тағайындалып жатыр. Өз ісінің нағыз маманы болмағандықтан, ол басшы көп жағдайды түсіне бермеуі мүмкін. Содан барып кикілжің туып, жас мамандар қызметті тастап кетіп жатады. Тағы бір мәселе, үй-үйлерді аралап, түрлі тұрғындармен кездесу ұйымдастыратын теолог мамандардың қауіпсіздігі құзырлы органдар тарапынан қамтамасыз етілмеген. Діни насихат жұмыстары өзектілігімен қатар, қауіпті де болады. Сондықтан ондай жиындарда тәртіп сақшылары қауіпсіздікке кепіл болғаны абзал. Әрине, бұл бір ғана облыс басшылығының қолынан келмейді. Ол үшін мемлекет айрықша назар аударып, кешенді жоспарын әзірлегені абзал, – дейді Ерзат Төлешұлы.
Облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығы «Талдамалық интернет карта», «Кибербақылау», «Контр» сынды интернет кеңістігінде теріс діни контенттерді зерделеу барысында теріс діни бағыттағы топтарға тіркелген 8 279 тұрғынды анықтаған. Одан бөлек, ғаламтор желісінде еркін пайдалануға болатын 6 011 күдікті парақша бақылауға алынып, дінтану сараптамасына жіберілген. Осы деректердің өзі облысымызда дін мәселесінің өзекті екендігін көрсетеді. Сондықтан теолог мамандардың тапшылығын көп ұзатпай шешуіміз керек. Әйтпесе бармақ тістеп, өкініп қалуымыз ғажап емес.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.