Қалалық қоғамдық-саяси газет

Темір тұлпарыңызды тіркей алдыңыз ба?

0 280

Елімізге шетелден автокөлік алып келу үрдісі әлдеқашан жолға қойылған. Өзге мемлекетте көлік құралдарының бағасы арзан болуына байланысты белең алған бұл үдеріс өз кезегінде біршама мәселе туындатқанын баршамыз білеміз. Оның ішіндегі ең күрделісі – шетелдік нөмір таққан темір тұлпарды Қазақстан Республикасында тіркеуге қою.

Қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған жайттың төңірегінде талай шу көтерілді. Аталған мәселелерді шешу мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында Үкіметке ел аумағына әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру міндетін жүктеген болатын. Нәтижесінде Үкімет биыл 11 қаңтарда Қазақстан аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктердің жекелеген санаттарын бастапқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көліктерді әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті. Осылайша қазақстандықтарға ел аумағында тіркелмеген көліктерін белгіленген соманы төлеу арқылы жеңілдетілген жолмен заңдастырып алуына даңғыл жол ашылды.

Аталған шараның қолға алынғанын көпшілік естіп-біліп жатқанына қарамастан, жүргізушілердің ішінде тіркеудің тәртібін әлі күнге дейін түсінбей жүргендері жетерлік. Осы орайда біз заңдастыру шарасының тәртібін, шарттарын түсіндіріп өтуді жөн көрген едік.
ҚР Ішкі істер министрлігінің таратқан ресми мәліметі бойынша, елімізде шетел нөмірін тағып жүрген 307 500 көлік бар екен. Олардың көбі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше үш елден келген. Нақтысын айтқанда, Ресейден – 259 927, Қырғызстаннан – 25 546, Армениядан 17 911 автокөлік жеткізілген. Өңірімізде де шетелден автокөлік сатып әкеліп, оны заңдастыра алмай жүрген жерлестеріміз жетерлік. Жамбыл облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының мәліметі бойынша, облысымызда 241 мың көлік құралы ресми тіркелген. Ал аталған акция аясында бұл сан тағы өспек.
Ел Үкіметі қабылдаған ережелерге сәйкес, шетелдік автокөліктерді заңдастыру және жолда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар басталған. Бұл жұмыстар алдағы дүйсенбі, 23 қаңтарда басталып, осы жылдың 1 шілдесіне дейін жалғасады.
Аталған аралықта жеңіл автокөліктер, шағын, орта автобустар (толық салмағы – 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автомобильдері (толық салмағы – 3,5 тоннаға дейін) жеңілдікпен тіркеледі. Бастапқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің жасына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды. Сондай-ақ оң рөлді автомобильдер де заңдастыруға жатады. Айта кетер жайт, бұл шараларға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін келген машиналар ғана қатыса алады. Яғни көліктің елге кіргізілген соңғы күні 31 тамыз болуы қажет. Ал 1 қыркүйекте келген көлікті заңдастыруға болмайды.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы процессинг орталығының мемлекеттік автоинспекторы, полиция подполковнигі Дулат Құрманалиевтің айтуы бойынша, көліктің елге кірген күні шекара қызметі мен мемлекеттік кірістер органының базасынан анықталады екен. Сондай-ақ полицейлер Қазақстанда алғаш сақтандыру полисін рәсімдеген күнге қарайды.
– Бұдан бөлек, заңдастырып, елде тіркеу үшін автомобиль іздеуде жүрмеген, бұрын тіркелген мемлекетте есептен шыққан және кедендік тазартудан өткен болуы керек. Алайда шанағы (кузов) ауысқан машина тіркелмейді.
Шетелдік көлікті заңдастыру үшін иесі 200 мың теңге тіркеу ақысын төлейді. Мұндай машина утиль алымынан босатылады. Машинаны жеңілдікпен тіркеуге «Азаматтарға арналған үкімет» порталында онлайн (ЭЦҚ арқылы) немесе Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өтініш беруге болады. Онда арнайы секторлар ұйымдастырылып, олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады. Сондай-ақ ол жерде әкімшілік полиция қызметкері отырып, заңдастырудан өту тәртібін түсіндіреді. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері де қажет болған жағдайда кедендік төлемдерді төлеудің жолдарын айтады.
Өтініш беруші көлікті бастапқы тіркеу үшін сұралатын алым мөлшерін қолдануға келісетіні туралы өтініш, жеке куәлік, көлік құралының паспорты және көлік құралын тіркеу туралы куәлік пен көлік құралына меншік құқығын растайтын құжаттарды ұсынуы керек.
Меншік құқығын растайтын құжатқа сатып алу-сату шарты, бас сенімхат, сыйға тарту құжаты немесе мұрагерлік құқығы туралы куәлік жатады. Сақтандыру полисіне жүргізушінің атын жазу меншік құқығын бермейді, – дейді Дулат Айдарханұлы.
Мамандандырылған ХҚКО-да құжат қабылданғаннан кейін машина тексеріске жіберіледі. Портал арқылы өтініш бергенде де, иесі көлікті жақын жердегі арнайы ХҚКО-ға апаруы керек болады.
Тексерістен кейін екі жұмыс күні ішінде деректер базасынан машинаның іздеуде немесе кепілде бар-жоғын анықтайды. Содан кейін заңдастыруға рұқсат беру немесе бас тарту туралы шешім шығады. Егер бас тартса, көлік иесі құжатты қайтаруға негіз болған себепті жойып, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін қайта өтініш бере алады.
Тексеруден сәтті өткен жағдайда өтініш берушіге оң нәтиже туралы және көлік құралын тіркеу үшін Мамандандырылған ХҚКО-ға келуі туралы қысқа хабарлама жіберіледі.
Заңдастыруға рұқсат алған көлік иесі алғашқы тіркеу ақысы ретінде – 200 мың теңге, техникалық паспорт ресімдеуге – 4 313 теңге, мемлекеттік нөмір алуға 9 660 теңге мемлекеттік баж төлейді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автомобиль иесіне Қазақстан Республикасының тіркеу құжаты және мемлекеттік нөмірлері беріледі.
– Осы ретте аталған заңдастыру шарасының тек бір реттік акция екенін ескерткім келеді. Бұдан былай Қазақстан азаматтары шетелдік есепке алынған автокөліктерді сатып алғаннан кейін оларды Қазақстан Республикасында уақытылы тіркеу туралы талаптарды сақтауы қажет. Заңдастырудан өтпейтін немесе 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін әкелінген автокөліктер және Қазақстан азаматтарымен жалпы тәртіппен тіркемейтін автокөліктер ел аумағында заңсыз пайдалануда деп есептелетінін тағы бір рет хабарлаймын.
Шетелдік автомобильді талап бойынша тіркемеген жағдайда заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылады. Еліміздегі шетелдік көліктердің дені сақтандыру полисі негізінде қолданылып жүр. Егер автомобильді белгіленген уақытта заңдастырмаған жағдайда сақтандыру полисі тоқтатылып, көлік коммуналдық автотұраққа қойылады, – дейді полиция подполковнигі Дулат Құрманалиев.
Жоғарыда айтылғандай, бұл шара – еліміздің аумағына өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін кіргізілген көліктерді жеңілдетілген жолмен тіркеуге қоюдың таптырмайтын жолы. Алайда мамандар қойылып отырған талаптардың ішіндегі «өзге мемлекеттен сатып алынған темір тұлпардың сондағы тіркеуден шығарылуы тиіс» деген пункті бірқатар қиындықтар туғызуы мүмкін екенін айтады. Өйткені Қазақстан азаматтарының ішінде көлікті сақтандыру полисімен ғана басқарып жүргендердің қатары қалың көрінеді. Бұл ретте меншік иесі көлікті сатып алған мемлекетіне барып, сондағы тіркеуден шығарып келуі қажет екен. Бұл өз кезегінде қосымша қаржылық шығын мен уақытты қажет етеді. Тәртіп сақшылары аталған және заңдастыру шарасына қатысты өзге де сұрақтар бойынша Жамбыл облысы Әкімшілік полиция басқармасының 99-76-46 қауырт желісіне хабарласып, нақты жауабын алуға болатынын айтады.

Мұратхан ӘЖМАХАНҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.