Қалалық қоғамдық-саяси газет

Кемел келешек кепілі

0 1  065

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» атты жаңа Жолдауында өзінің көрегендігін кезекті рет көрсетті. Бұрынғы Жолдауларында Мемлекет басшысы экономикалық және саяси тұрғыдан жаңғыртуға күш салған болса, бұл жолы ел азаматтарының тұрмыс ахуалын арттыруды көздеген әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттарды белгіледі.

Осының өзімен Президент мемлекеттік саясаттағы ең басты капитал – адам екендігін айғақтап отыр. Жолдауда атап көрсетіліп, Үкіметке тапсырма ретінде берілген білім және денсаулық сақтау саласын жетілдіру, еңбекақыны көбейту, халық табысын арттыру – міне, адам капиталын инвестициялауға жасалған осы шаралардың бәрі қазақстандықтардың өмір сапасының артуына кепіл болары сөзсіз.
Сонымен қатар Президент Қазақстанда оқуға жылдық 2-3 пайыз жеңілдікпен кредиттер берілетініне де ерекше тоқталды.
– Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет Ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отыр. Оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл жоғары білімді қолжетімді етеді, сондай-ақ қоғамда әріптестік пен өзара жауапкершілік идеологиясын нығайтады.
Құнды құжатта халықтың табыс көзінің артуы, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету, оларға арналған тың бастамалардың көтерілгені көңілден шықты. Халықтың ең төменгі табыс көзін 60 мыңнан 70 мың теңгеге көтеру, жастардың кәсіпкерлігіне қолдау әрі қарай жалғасатындығы, сондай-ақ жеңілдетілген түрде 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетіні өте құптарлық. Осы арқылы еліміздің әлеуметтік және экономикалық мәселелерінің бірқатар түйіні тарқайды.
Әділетті мемлекет құру – бір ғана адамның немесе кішігірім топтың ғана қолынан келе қоймайтын іс. Ол үшін ұлттың біртұтастығы маңызды. Сонда ғана қоғамда береке орнап, бүтін елдің іргесі сөгілмей, болашағы жарқын болмақ. Сондықтан да Жолдауда айтылған маңызды міндеттер, оларды жүзеге асыру әртүрлі салада қызмет ететін әрбір қазақстандық үшін басты назарда болуы керек.

Серік Тұрсынбеков,
еңбек ардагері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.