Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жахан Отарғалиев телефон жөндеушіден қалай танымал жұлдызға айналды?

0 1  173

Жахан Отарғалиев 2009-2010 жылдары телефон жөндеп, қосымша алып-сатумен айналысқан. Алайда анасының бір ауыз сөзінен кейін ай сайын миллион теңге әкеліп тұрған кәсібін тастап, өнерге қайта оралған. Бұл туралы Отарғалиев «Шучу» подкастында айтты. Сұхбат Ернар Сакуповтың арнасында жарияланды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Жаханның айтуынша, кез-келген адам алдына мақсат қойып, соған жету үшін бар күшін салса, түбінде діттегеніне жетеді. Осындай ұстаныммен актер, кәсіпке келген. Алғашқыда телефонға бірлік салатын адам болып жұмысқа тұрған.

«Ол кезде компьютермен салатын едік қой. Қарасам, жанымда отырған балалар телефон алып сатады. Күніне 30 мың пайда табамыз, дейді. Ол дегенің айына 1 миллион теңгеге жуық ақша.

Единица салып жүріп, телефон сатумен айналыса бастадым. Күндердің күнінде миллион таптым. Бір күні қарасам, телефон жөндейтіндер одан көп табады екен», – деп әңгімеледі Отарғалиев.

Бұдан кейін Жахан телефон жөндеудің қыр-сырын меңгеріп, қызметін тағы ауыстырған. Мол табысқа кенеліп, ауылдағы әке-шешесіне қолдан келгенше көмектескенін айтады.

«Бұл 2009-2010-да болған әңгіме. Ал оған дейін 2008-де мен сахнада жүрдім. 2010-да ауылға барсам, анам «Базар жоқ» театрының концертін қарап, көңілі босап жүр. Мен қаладан келіп, мал, жем-шөп алып беріп, барынша жағдай жасап жатырмын. Сол кезде анам: «Жахан, шынымды айтсам, мен сахнада жүрген баламды сағындым», – деді. Көзі мөлдіреп тұр. Іште бір дүмпу болды. Анам кез-келген сәтте мотивация беріп, соңына дейін маған қолдау көрсететін жалғыз адам», – дейді Отарғалиев.

Жахан анасының бір сөзіне бола миллион теңге әкеліп тұрған кәсібін тастап, елордаға аттанған. «Базар жоқ» театрына барып, Тұрсынбек Қабатовтың қарамағына кірген.

Айтуынша, Қабатов сахнада орындаған монологтардың идеяларын Жахан беріпті.

«Тұрсынбектің «жыртқан» монологының 70 пайыз идеясы менікі екенін нақты айта аламын», – деп мәлімдеді Отарғалиев.

Жахан Тұрсынбектің қарамағында 3 жылға жуық жүрген, тіпті үйінде тұрған. – Атқарған қызметіме ақысын да аямай төледі, дейді өзі. Алайда Отарғалиевтің жерлес ағасына айтар назы бар.

«Тым болмағанда талпынысымды бағалап, монологтарымды жазатын осы жігіт деп айтса, мүмкін әлі де жүре берер едім.

Тұрсынбек ол – менің ағам. Мен үш жыл Тұрсынбектің үйінде тұрдым. Жерлес ретінде құрметтеймін. Ол шығармашылыққа беріліп кеткен адам. Мен оған қарап кезіндегі Құрманғазы сынды аталарымызды елестетемін. Ол күшті идея үшін 24 сағат ұйықтамауға дайын. Түн ішінде келіп, тұрғызып алып, идеясын айтатын. Концерттің алдында мүлдем ұйықтамайтын. Менің ойымша, ол концерттерін өткізіп болғаннан кейін, 8 күн қатарынан ұйықтайды”, – деді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.