Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңғыру жолындағы жарқын белес

0 404

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің рухани діңгегін нығайтатын, тамырына нәр беретін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына үш жыл толды.

Сана-сезімі биік, дүниетанымы мол, мәдениеттің, салт-дәстүрдің құндылығын таныған адамға бұл мақалада ұлттың алдағы кезеңдегі бағыты айқындалған. Өңірімізде бағдарлама басталғалы бері атқарылған жұмыстар аз емес. Бағдарлама аясында 3 жылда 2 664 іс-шара, 427 жоба іске асты.

Әр жобаның ұлт үшін, өңір халқы үшін маңызы мен мәні айрықша болды. Мазмұны ерек мақаланың мәйегін тереңінен түсініп білмекке жастар да, орта буын өкілдері де белсене атсалысты. Нәтижесінде «Туған жер» арнайы жобасы бойынша 100 жоба, 1 230 іс-шара өткізіліп – 391 993 адам, «100 жаңа есім» арнайы жобасы бойынша 59 іс-шара өткізіліп – 8 232 адам, «Қазақстанның сакралдық географиясы» жобасы аясында 159 іс-шара өткізіліп – 15 801 адам, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында 64 іс-шара өткізіліп – 10 740 адам, «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру» жобасы аясында 608 іс-шара өткізіліп – 402 963 адам, «100 жаңа оқулық» жобасы аясында 100 іс-шара өткізіліп – 54 590 адам, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 104 жоба, 73 іс-шара өткізіліп, 17232 адам қамтылды.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Архив – 2025» арнайы жобасы бойынша 32 іс-шара өткізіліп – 5 554 адам, «Ұлы даланың ұлы есімдері» арнайы жобасы бойынша 106 іс-шара өткізіліп – 12 555 адам, «Түркі әлемінің генезисі» арнайы жобасы бойынша 70 іс-шара өткізіліп – 7 368 адам, «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» арнайы жобасы бойынша 78 іс-шара өткізіліп – 6 960 адам, «Дала фальклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобасы бойынша 71 іс-шара өткізіліп – 14 951 адам, «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» арнайы жобасы бойынша 14 іс-шара өткізіліп, 1 903 адам қамтылды.

Игі іс-шаралардың көзделген мақсатқа жеткені сөзсіз. Мысалы, оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында республика бойынша алғаш рет біздің облыста Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіровтің демеушілігімен «Кітап оқып, миллионер бол!» байқауы өткізілді. Мыңға жуық оқушы қатысқан, жастар арасында кітап оқуға деген ғаламат құлшыныс туғызған бұл іс-шара ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау тауып, биылдан бастап республика көлемінде өткізіле бастады.

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Талас толқындары» І облыстық музыкалық өнер фестивалінің қорытынды гала-концерті өтті. Аталған фестивальге 2019 жыл ішінде өткен Ықылас Дүкенұлы атындағы «Жез киік» облыстық қобызшылар конкурсының, Кенен Әзірбаев атындағы «Шырқа, даусым!» ХІ дәстүрлі әншілер конкурсының, «Би керуені» облыстық хореографиялық ансамбльдер конкурсының, «Жаңарған Жамбылым» облыстық эстрадалық әншілер конкурсы мен «Көне Тараз күмбірі» фольклорлық ансамбльдер конкурсының жеңімпаздары қатысып, өнер көрсетті.

2019 жылдың 28 мамырында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Тараз қаласында Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықта «Білім анимация» атты облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқауға облысымыздан жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының 11-18 жастағы 50-ге жуық білім алушылары қатысты. Байқау оқушылар мен студенттердің ақпараттық, коммуникативтік құзыреттіліктерін арттыру мақсатын көздеді.

2019 жылы 18 мамырда Тараз қаласында «Көне Тараз шеберлері» ұлттық-мәдени кешенінің салтанатты ашылуы өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жобаның басты мақсаты қала тұрғындары мен туристеріне ашық аспан астындағы мәдени демалыс орнын құруға бағытталған. Көзделген арнайы шеберханаларда шеберлік сыныптарын өткізу арқылы тұрғындар мен туристердің халық шығармашылығына, қолөнершілікке қызығушылығын арттыру және танымал ету, онда туристер мен қонақтар шеберлер технологиясымен танысуға және қолөнершілер бұйымдарын өздері жасауға тырысу мүмкіндігіне ие болады. Қол шығармашылық еңбегінің құндылықтарын қалпына келтіру, дәстүрлі халық мәдениетін сақтау мен дамытуға назар аудару, өскелең ұрпақты оның бастауына тарту.

Киелі Әулиеата өңірінде аймақтық «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы өткізілді. Байқауда өңірдің барлық аудандары мен Тараз қаласынан 55 қатысушы бақ сынады. Бұл білім бәсекесі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастауымен еліміздің барлық облыстарында өтуде. Айта кету керек, аталмыш байқау тұңғыш рет 2018 жылы Жамбыл облысында «Jambyl-Taraz» қалалық саяси-қоғамдық газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғалидің бастамасымен қолға алынған еді. Қоғамда рухани сілкініс тудырған жоба министрлік тарапынан қолдау алып, басқа аймақтарда да жалғасын табуда.

iOS, Android бағдарламаларына арналған «Taraz Tour» мобильдік қосымшасы жыл басында іске қосылды. Бағдарлама әрбір ұялы телефон қолданушыларына қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде толық ақпарат береді. Сондай-ақ өңіріміздегі тарихи-мәдени орындар, ескерткіштер, мейрамханалар, қонақ үйлер мен саябақтар туралы толық ақпарат алу, GPS координатор арқылы кез келген объектіге жету маршрутын көре алады.

Сонымен қатар QR-код арқылы әрбір нысан туралы ақпараттың қолжетімділігі мен онлайн аудармашы қызметі қосылған. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі 211 жәдігерге цифрлы код енгізілді.

Ұлтымыздың ұлағатты жолын жалғап, жаңа буынға ел келешегін кемелді ету бағытында өзгеше леп, рух берген мақала аясында атқарылатын шаралар мұнымен тоқтап қалмайды. Еліміздің әр түкпіріндегідей аймақта да айрықша жобалар жүзеге асырылып, бағдарламаның мәні ашылып, мазмұны тереңдей түспек. Бұл ретте облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жоспарлаған жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады.

Зарина ҚУАТОВА,
Жамбыл облысы «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.