Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңартылған білім беру жетістікке жетелейді

0 173

Қазақстандағы оқу үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бағдарлама.

Аталған бағдарламаның негізгі мақсаты білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.
Қазіргі таңда қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуда жаңа идеяларды әр сабақта жан-жақты қолданып, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын тауып, жүйелі түрде қолдануды уақыт та талап етіп отыр. Бүгінде оқыту жүйесі өзгерді. Шындығында, мұғалімнің алдында оқушыларға білім мен тәрбие беруде үлкен жауапкершілік тұр. Әрбір баланы оқытып, тәрбиелеуге байланысты мәселелерді өздігінен және шығармашылық ынтамен шешуге қабілетті жаңашыл мұғалім қажет. Сонымен қатар жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, АҚТ-ны қолдану, зерттеу жұмыстарын жүргізу, коммуникативті қарым-қатынас орнату, жеке, жұппен және топта жұмыс жасай білу қабілеттерін арттыру.
Оқушылардың мектепте табысты оқуы ғана емес, өмірде де жетістікке жетуі мұғалімнің қабілеті мен құзыреттілігіне тікелей байланысты. Қазір білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отырумен қатар, жаңа технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білуі қажет. Білім мазмұнын жаңарту тікелей мұғалімнің шығармашылық ізденісі және кәсіби шеберлігімен өлшенеді.
«Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек», – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болуы қажет деп ойлаймын. Себебі өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді.

Сәуле Есқұлова,
Ғайни Қарнақова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірдік университеті «Электр энергетикасы» кафедрасының аға оқытушылары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.