Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы

0 1  215

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында еліміздің алдағы даму стратегиясын айқындап берді. Бұл құнды құжатта жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы кеңінен баяндалды.

«Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде, біз үшін Қазақстанның тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу мен үшін аса маңызды», – деген Президент осы жолда жауапкершілікті мойнына алуға дайын екенін жеткізіп, жаңа Қазақстанды бірге өркендетуге шақырды. Әрине, Мемлекет басшысының бұлай сенімді сөйлеуі жұртшылықтың да сенімін еселей түсті. Сондай-ақ Президенттің:«Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау – мен үшін киелі парыз. Жаңа Қазақстан – жаңару мен жаңғыру жолы, бүгінгі буынның болашақ ұрпаққа аманаты. Ендеше, жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік, ағайын. Қастерлі Отанымыздың тұғыры мығым, абыройы биік бола берсін!» – деген сөзі де көреген көшбасшымен дамудың даңғыл жолына бет түзегендігімізді айғақтайды.
Жолдаудағы қай бастаманы алып қарасаңыз да, халықтың қажетін өтей білетін маңызды мәселелер екені талас тудырмайды. Сол үшін де осы Жолдау- дан күткен үміт ақталып, қаңтардағы қайғылы оқиғадан соң езілген ел еңсесі қайта тіктелді. Құнды құжатта елімізді күтіп тұрған өзгерістер тек өзгелерге жақсы көріну үшін ғана жасалмайтынын тілге тиек еткен Президенттің бұл сөзі Жолдаудың бағасын одан сайын асқақтатты. Мемлекет басшысының қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кеткенін жете түсініп, соны тамыршыдай тап басып отырғаны қуантады.
Ел басына қатер төнгенде, егемендігімізге сызат түспеуі үшін басын бәйгеге тіккен Қасым-Жомарт Кемелұлын біз әрқашан қолдаймыз. Оның жасампаз бастамалары мен батыл шешімдері бізге рух беріп, қанаттандырады. Жүктелген тапсырмалардың барлығы өте орынды, бағыт-бағдары айқын. Ендеше, соны жүзеге асырып, жаңа Қазақстанды құруға тамшыдай болсын үлес қосу азаматтық парызымыз деп білемін.

Әсет Қалиев,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.