Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жүзден жүйрік шыққандар

0 187

Мақтанышымызға айналған дарынды шәкірттер биыл да халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда аймақ мерейін үстем етті.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ Суретті түсірген ю.КИМ

Әлемнің әр елінен келген балалармен білімдерін сынасқан айтулы додаларда Тараз қаласы бойынша өткен жылы 30 оқушы топ жарса, биыл 32 медальге қол жеткізіпті. Солардың арасынан үздік 10 бала қала әкімінің арнайы марапатына ие болды. Білімге, ғылымға бет бұрып, пәндік олимпиадаларда үздік атанған оқушыларды қала әкімі Қайрат Досаев қабылдап, ақ тілегін айтты.
– Сіздер – алтын ғасырдың өренісіздер. Себебі соңғы 10-15 жылда адамзат баласы мыңдаған жылдар бойы түйіні тарқамаған жаңалықтарды ашып, оны халық игілігіне жаратуды мақсатына айналдырды. Қазір де байқап отырмын, басым бөлігің жаңа заманауи технологиялармен жұмыс жасауды қолға алыпсыңдар. Әр еңбектерің арқылы шығармашылыққа, ізденіске тың идеяларыңмен бет бұратындарыңа риза болып отырмын. Облыс орталығында өздерің секілді қабілетті балалардың бойындағы дарынын ұштап, қандай да бір жетістікке жетуі үшін кешенді іс-шаралар атқарып, барынша жағдай жасап отырмыз. Бүгінгі күні елімізде ІТ-сыныптар ашылып жатыр, бұл бағытта біздің өңірде біршама тірліктер тіктеліп отыр, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Жылы жүздесу барысында алдағы жоспарларымен бөліскен оқушылар қала басшысына туған өлкемізді дамытуға бағытталған жоспарларын айтып, IT-технология саласындағы мамандықтардың қаншалықты сұранысқа ие екендігі, стартап-жобалар байқауы жайлы өздерінің көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, мардымды жауап алды. Үздік оқушылардың жыл бойына жеткен жетістігі сан саланы қамтып отыр. Олардың бірі есеп жүйрігі болса, бірі қазақ тілі мен әдебиеті пәнін жоғары меңгергендер. Ал келесі бірі робот құрастыру шебері. Бесінші сыныптан бастап робототехника саласына ынтық болған Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның 7-сынып оқушысы Тоқтар Әмірбеков биыл V Халықаралық робототехника, бағдарлау мен инновациялық технологиялар фестивалінде І орынды қанжығасына байлады. Үш жыл қатарынан аталмыш сала бойынша ептілігі мен біліктілігін байқатқан ол бәсекелерде жүлдесіз оралған емес.
– Қазіргі уақытқа дейін Алматы, Астана және Қарағанды қаласында өткен құлтемір құрастыру шеберлерінің байқауына қатысып, бағымды сынадым. Жарысқа қатысудағы мақсат жүлде еншілеу емес болатын. Сондай бәсеке арқылы мен өзімнің жаңа қырымды ашып, тәжірибемді толықтырдым. Жаңа заман дәуірінде робототехниканың қажеттілігі күн санап артып келеді. Өзімнің алдағы жоспарыма тұрмыстық кәдеге жарайтын роботтар құрастырып, оларды мектептің негізгі пәніне енгізуді қолға алғым келеді, – дейді зияткер оқушы Тоқтар.
Жиын соңында қала басшысы үздік оқушыларға табысты кәсіпкер Қуаныш Шоңбайдың «Екінші болма!» кітабын сыйға тартты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.