Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында қырғыз драматургі Бексұлтан Жакиевтің «Жүрейікші, жүрек ауыртпай» трагикомедиясының тұсаукесері өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Шығарманы қырғыз тілінен аударған – белгілі театртанушы, сыншы Әшірбек Сығай. Қойылымның қоюшы-режиссері – республикаға белгілі талантты режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов. Комедияның суретшісі – Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының бас суретшісі, «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.

«Жүрейікші, жүрек ауыртпай» трагикомедиясы – жаңа қойылым. Бұл қойылымның басты мақсаты – тағдыр тәлкегіне түскен қариялардың психологиялық күйзелісі мен жұлдыздан жарық жеткенше өте шығатын ғұмырдың келтелігін адамзатқа ұқтыру, уақыттың қадірін сезіндіру. Сан алуан тағдыр арқылы автор қазіргі замандағы адами құндылықтардың жоғалып бара жатқандығын, кішіден үлкенге көрсетілер ізет пен ілтипаттың тапшылығын баян еткен.

Қойылымда басты рөлді театр әртісі Жүніс Әлімбеков сомдады. Қартаң тартқан ғұмырдың қалт-құлт еткен тіршілігі мен ақсақалдың образын үйлесімді сомдап шыққан бас кейіпкермен тілдесудің сәті түскен еді.

– Мен сомдаған қария – ауыл ақсақалы. Жары қайтыс болған соң, баласы ауруханаға жатқызып, әкесіне білдірмей ауылдағы үйді сатып жібереді. Келіні үйінің ақшасын сауда айналымына салып жіберген еді. Ақсақалды қаладағы үйінен шығармай отырады. Кейін қарияны жындыханаға жатқызады. Қарияны жүздесуге өзі құралпы кемпір-шалдар іздеп келгенде, ұлы мен келіні әкесінің басынан алып, төсіне шабады. Бұл – қарияның басындағы үлкен трагедия. Сол сәт қария өз қатарымен ілесіп, қарттар үйіне кетіп қалады. Қарияны сомдау үшін біраз толғандым. Көп оқиғаларды көз алдымнан өткіздім. «Өз басыма түссе қандай болар еді?» деген сұраққа жауап іздедім. Режиссер Қуандық Қасымов бұл спектакльді менің құрметіме қойды. Себебі биыл мен 60 жасқа толып отырмын, – деді басты рөлді ойдағыдай сомдап шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген Жүніс Әлімбеков.

Қарияның ұлын Мейірбек Есембекұлы, келінін Гауһар Сұлтанбекова, немере қызын Нұрай Қаражанова, бәйбішесін Галина Қойшыбаева, сыпайы кемпір – Майра Әлімбетова, күлегеш кемпір – Мәкен Рахымжанова, соқыр кемпірді Нұрсипат Салықова сомдаса, саңырау шалды Асқарбек Сейілхан сахналады. Ойы терең образдар мен жанға мұң ұялатар сәттердің қалтарыс-бұлтарысын айнытпай жеткізген қойылымның айтары көп.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған