«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» жобасын іске асыру жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Бөлім басшылары шақырылған кеңес отырысында қала әкімі Ержан Жылқыбаев екі ірі жобаның маңызына тоқталып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі атқарудың маңызына тоқталды.

– Елбасының бастаған жобалары бүгінде өміршеңдігін көрсетіп отыр. Қалада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында соны бастамалар қолға алынып, жемісін беріп жатыр. Оның ішінде «Асарлатып үй салу» және биыл бастау алған «Жомарт түлек» жобаларын атап айтсақ болады. Ерекше жобаларды қажетінше қолдап, жергілікті бюджеттен де қаржы қарастыру керек, – деді Ержан Жұматұлы.

Осыдан кейін қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасады.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қалалық жоспар бекітіліп, бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Соған сәйкес тұлғаны дамыту, ұлттың дамуы, халықаралық позициялау, мемлекеттің, азаматтық қоғамның, жергілікті қоғамдастықтардың даму бағыты бойынша жалпы 105 іс-шара бекітілсе, соның 23-і жыл басынан бері ұйымдастырылған. Енді 82-сі жылдың соңына дейін өткізіледі деп жоспарлануда. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында былтыр отбасыларға 2 үй берілсе, ағымдағы жылы демеушілердің есебінен 15 үйдің құрылысы жүргізіліп, мұқтаж жандарға берілмек. Бұдан бөлек, бағдарлама аясында жаңадан қабылданған арнайы жобалар да қарқынды жүзеге асырылуда. Өткен жылдың маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысының тапсырмасымен қосымша «Дәстүр мен ғұрып», «Үнем – қоғам қуаты», «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет» арнайы жобалары енгізілді. Бөлім басшылары жоғарыда аталған ауқымды жобалар мен 2021 жылға бекітілген жоспарға сәйкес іс-шаралардың уақытында әрі сапалы орындалуын қадағалау қажет, – деді Ұлана Сламбекова.

Қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақыт Тоқсанбаеваның айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында жыл басынан бері 31 іс-шара ұйымдастырылған екен. Алдағы жоспарларға тоқталсақ, бөлім ең әуелі қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бағытындағы бастамаларға ерекше мән беріп отыр. Бұл бағытта бірнеше тәрбиелік мәні жоғары кездесулер мен акциялар ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, тұрғындарды латын графикасымен жазып машықталуына арналған «Тегімізді дұрыс жаза білейік», «Латынша оқып үйренейік» деген әлеуметтік маңызы жоғары жобалар да баршылық. Мәдениет бөлімі болған соң, бағдарлама аясында жыл соңына дейін шығармашылық кеш, концерттер, этно-фольклорлық фестиваль өткізу де жоспарда бар.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстардың ішінде балалардың туған жерге сүйіспеншілігін арттыратын экскурсиялар, тағылымды кездесулер, шығармашылық байқаулар ұйымдастырудан бөлек, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін жақсы бастамалар туралы баяндады. Ізінше қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Оксана Борисюк те «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жыл басынан бері ұйымдастырылған іс-шараларды баяндап, жоспарлы жұмыстар жайында толығырақ хабарлады.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған