Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмысына салғырт қарағандар кімдер?

0 895

Тапсырма талабы – нәтиже. Алайда қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларын орындауда кейбір бөлім басшылары кемшіліктерге жол берген. Сондай-ақ округтің бас инспекторлары да жұмысты жүйелей алмай, соңғы ескерту алды.

Тараз қаласы әкімінің аппарат басшысы Айбек Тасеменовтің айтуынша, қаңтар айынан бастап 5 мамыр аралығында шаһар басшысы тарапынан 281 хаттамалық тапсырма түскен. Бүгінде оның 148-і орындалып, бақылаудан алынған. 75 тапсырманың әлі орындалу мерзімі бар болса, 36-сы тұрақты орындалатын тапсырмалар. Ал 9 тапсырманың мерзімі ұзартылған. 13 тапсырма орындалмаған.
– Ескертпелерге қарамастан, қала әкімдігінің бөлімдері тарапынан тапсырмаларды мерзімінде орындамау, мерзімін ұзарту, мәлімет ұсынбау орын алуда. Сондай-ақ «орындалды» делінген тапсырмалардың жергілікті жерге шығып зерделеуде орындалмағандығы анықталды. Мәселен, қала әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөліміне ағымдағы жылғы 27 ақпандағы №5 хаттамамен «Зарина» сауда орталығының жанында пилоттық жоба ретінде соғылған аялдаманы 6 наурызға дейін алу туралы тапсырма берілген. Бөлім тарапынан аялдама иесі Ғ.Айбасовқа сауда павильонын алып тастау жөнінде қатынас хаты жолданып, иесімен жұмыстар жүргізіліп, Ғ.Айбасов аялдаманы алып тастауға уәде бергендігі туралы қызметтік жазба ұсынылған.

– Тапсырманың толық орындалуын қарау барысында аялдама алынбағандығы анықталды. Яғни тек хат алмасумен ғана шектеліп, бөлім тарапынан тапсырманың толық орындалуы қамтамасыз етілмеген, – деді аппарат басшысы.
Мұндай кемшілік қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі, тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне қатысты да орын алған.
Жиын барысында Айбек Жаханбайұлы тиісті міндеттемелерге назар аудармаған бөлім басшыларына тәртіптік шара қолдануды ұсынды. Бұдан бөлек, аппарат басшысы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормасын сақтамайтындығын, қызметтік киім үлгілері талапқа сай келмейтінін сын тезіне алды.
Өз кезегінде қала әкімі мұндай кемшіліктерге жол беруге болмайтындығын, бөлім басшылары хаттамалық тапсырмаларды межелі мерзімде орындау қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттік қызметші қай қырынан болса да өзгеге үлгі көрсетуі керектігін ескертіп, жұмысына салғырт қарағандарға сөгіс түріндегі жаза берді.
Жиында қала әкімінің кеңесшісі Дәулет Төлендіұлы да баяндама жасап, округтегі олқылықтарды тізіп шықты. Онда негізгі мәселе тұрмыстық қалдықтардың дер кезінде шығарылмауы мен жеке секторлардағы құрылыс жұмыстарының талапқа сай жүргізілмей жатқаны болды. Округ инспекторларынан жеке-жеке жауап алған шаһар басшысы бір аптада тиісті жұмыс атқарылмаса, бірқатар округ инспекторы жұмыстан босатылатындығын ескертті.
Кеңесте қаржының игерілуі, мемлекеттік сатып алу конкурстарының барысы, қаладаға саяси ахуал, мектеп оқушыларының қауіпсіздігі мен жазғы демалыстарын ұйымдастыруға қатысты да мәселелер қаралды.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.