Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыста темірдей тәртіп пен жауапкершілік қажет

0 215

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ағымдағы жылғы қаңтар-ақпан айларындағы қала бюджетінің болжамды орындалуы мен шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші қаралды. Сондай-ақ округтердегі тазалық жұмыстары, тұрғын үй құрылысының сапасы және мемлекеттік сатып алу конкурстарының барысы талқыға түсті.

Ең әуелі сөз алған Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Абылайхан Умирбаевтың баяндамасына сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 наурызына шаһар бюджетінің кіріс бөлігінің болжамды орындалуы 101,6 пайызды құраған екен. Есепті кезеңге жоспар 7979,3 миллион теңге болса, болжамды орындалуы 8104,1 миллион теңге немесе 124,7 миллион теңгеге артығымен орындалуы күтілуде. Оның ішінде өзіндік кірістер 101,7 пайызды құраған. Есепті кезеңге жоспар 7 395,5 миллион теңге болса, болжамды орындалуы 7 520,4 миллион теңге немесе 124,7 миллион теңгеге артық орындалмақ.
Үстіміздегі жылдың 28 ақпанына қала бюджетінің шығыс бөлігінің игерілуі – 99,1 пайыз. Төлемдер жоспары – 7 979,9 миллион теңге болса, игерілуі – 7 911,5 миллион теңге. Яғни 68,4 миллион теңгенің игерілмеуі қалыптасып отыр.
Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6 миллиард 764,0 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 102,2 пайызға орындалады деп күтілуде. Ол үшін ақпан айында 3,5 миллиард теңгеге есептілік тапсыру қажет.
Ауыл шаруашылығы саласында 238,6 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 101,1 пайызды құрайды деп жоспарлануда. Осы межеге жету үшін кәсіпорындар 112,7 миллион теңгеге есептілік тапсыратын болады.
Бөлшек сауда тауар айналымының көлемі болса, 48 миллиард 212,0 миллион теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,2 пайызға орындалады деп болжануда.
Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 101,3 пайызға жетіп, 31,8 мың шаршы метрді құрайтын болады. Ол үшін ақпан айында сәулет және қала құрылысы бөлімі жеке тұрғын үй есебінен 16 мың шаршы метр есептілік тапсырады.
Аппараттық кеңесте Алғыс айту, Халықаралық әйелдер күні және Наурыз мерекелеріне орай ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспары да тыңдалды. Бұл тұста қала әкімі мерекелік шараларды жоспарлауға бірқатар түзетуін енгізді.
Жиында шаһар басшысы су тасқыны кезеңіне дайындық шара-ларына да жіті назар аударды. Ол үшін қала әкімі жауапты мамандарға нақты тапсырмаларын жүктеді. Сондай-ақ Бақытжан Әмірбекұлы қаңғыбас иттердің санын азайту, қала аумағындағы жарнамаларды реттеу, түнгі жарықтандыру, екі айлық сенбіліктің ұйымдастырылуы, мемлекеттік сатып алу конкурстарын дер кезінде жариялау және құрылыс саласындағы қауіпсіздік мәселелері сынды түйткілдерге де көңіл бөліп, жұмыста, ең бастысы, темірдей тәртіп пен жауапкершілік қажет екенін жиылғандардың есіне салды.

Дедек ТӨЛЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.