Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыссыздықпен күрес неге жүйелі жүргізілмеуде?

0 389

Ағымдағы жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында Жамбыл облысында 54 156 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылады деп жоспарлануда. Аталған бағдарламаға биыл 13,7 миллиард теңге қаралды десек, ол өткен жылмен салыстырғанда 4,3 миллиард теңгеге артық.

Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов атқарылған жұмыстар мен жоспарларға жан-жақты тоқталды.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 16 476 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, 11 845 адам жұмысқа орналасқан. Ал, тұрақты жұмысқа 3 763 адам тұрған.
Биыл облыс бойынша субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 12,1 миллиард теңге қарастырылса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,1 миллиард теңгеге артық екен. Субсидияланатын жұмыс орындарына барлығы 13 507 адамды тарту жоспарланып, жыл басынан 3089 адам тартылған.
– Бүгінгі таңда қайтарымсыз гранттар да белсенді шаралардың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр.
Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1 054 адамға 1 454,5 миллион теңге (РБ) көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр. Грант беру жұмыстары жиырмасыншы ақпаннан басталып, порталға облыс бойынша барлығы 2 470 өтініш түсті. Бүгінгі күнге барлық өтініштер қалалық, аудандық деңгейде құрылған комиссияларда қаралып, шешімдер толығымен жолданды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес ағымдағы жылы жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беру қаралып отыр. Осы мақсатта облыс бойынша 347 адамға 1 735,0 миллион теңге көлемінде микрокредит беру жоспарлануда, – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі өз кезегінде көрсеткіші орташа деңгейден төмен аудандардан жеке-жеке жауап алып, олардың дайын еместігін, және мәліметтердің әрқилылығына қатысты басқарманың жұмысын сынға алды.
– Жыл сайын қанша қаржы бөлініп жатса да, жұмыссыздардың саны азаймай отыр. Бақылау дұрыс жүргізілмейді. Кемшіліктерді жасырмай, мәселелерді шешу бойынша жұмыс істеу керек.
Былтыр гранттар бойынша көптеген шағымдар түскен. Ағымдағы жылы оған жол берілмеуі қажет. Мемлекеттік қызметкерлердің комиссиялардың төрағасы болуына жол берілмеуі маңызды. Тек ережеге сәйкес жұмыстарды үйлестіріп беріңіздер. Осы орайда, басқарма тарапынан жұмысты жүйелеудің арнайы әдіс-тәсілдері әзірленуі тиіс.
Бұл тұрғыда барлық заңнама және ереже талаптары сақталуы керек. Қала, аудан әкімдері басқармамен бірлесе отырып, қаржының мақсатты әрі тиімді игерілуін қатаң бақылауды ұстауы қажет, – деп тапсырды Нұржан Молдиярұлы.Сондай-ақ ол кемшіліктерге жол берген жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолдану керектігін жеткізді.
Кеңес барысында «Асар», «Мейірім», «Жомарт түлек» жобаларының жүзеге асу барысы да талқыланды. Аймақ басшысы бұл жобалардың тәрбиелік, әлеуметтік маңызына айрықша тоқталып, жыл сайынғы көрсеткіштің өсім динамикасын қамтамасыз ету керектігін баса айтты.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.