Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараз тұрғындарын не толғандырады?

0 373

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясында №3 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.

Жиында округтің бас инспекторы Әмірхан Қанаев өткен жылы атқарылған жұмыстарды кеңінен баяндады.
– Жалпы аумақтық округтiң халық саны 23 500 адамды құрайды. Округтiң құрамына «Жiгер», «Проектировщик», «Рассвет» саяжай алқаптары және «Төңкерiс», «Телеорталық» тұрғын алқаптары кіреді. Былтыр округтегі Көшеней көшесі, №78 көпқабатты үй ауласында балалар ойын алаңшасы орнатылса, «Телеорталық» аумағындағы №1, №3, №7, №9, №6, «Төңкерiс» көшесіндегі №7 көпқабатты үй күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Төле би даңғылындағы №4, №8 көпқабатты үйлерге қаражат бөлініп, ішкі кәріз жүйелері ауыстырылып, үйлерге күрделі жөндеу жүргізілді. Сонымен қатар «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі А.Пушкин, Қолбасшы Қойгелді, Көшеней көшелері мен Төле би, Абай даңғылдарында талдарды балақтау жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде қалалық құрылыс бөлімімен бірлесіп аумақта заңсыз орналасқан 2 дүңгіршек алынып, заңсыз жарнамалар жойылды. Тағы бір айта кетерлігі, наурыз айының 1-нен бастап қалада екі айлық көркейту, көгеріштендіру, санитарлық тазарту шарасына байланысты аумақта санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, сенбіліктер өткізілуде. Сенбілікке мекемелер және оқу орындары белсене атсалысуда, – деді Әмірхан Тоқтасынұлы.
Келесі кезекте шаһар басшысы тұрғындардың мәселелеріне құлақ түрді. Жалпы аталған округтің халқын көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу, балалар ойын алаңшасы мен футбол алаңын салу сынды әлеуметтік сұраныстар көптен бері толғандырып келеді. Биыл аталған мәселелер кезең-кезеңімен шешімін таппақ. Атап айтсақ, З.Ярошбаев көшесі-бұрылыстарымен, Абай даңғылы 1-бұрылыс, Қапал көшесі бұрылыстары мен Қ.Сәтпаев көшесі жөндеуден өтсе, Н.Пирогова, Құлжабаев, 2-ші Степная, Жетісу, Медеу, Ақбастау, Барыс, Байтақ, Жиһангер, А.Қосанов көшелері самаладай жарқырамақ. Сондай-ақ Сүлейменов көшесіндегі №8, №10 тұрғын үйлер мен «Телеорталық» аумағындағы №3 көпқабатты үйдің ауласына ойын алаңшасы орнатылмақ. Бұдан бөлек «Қапал» көшесінің 4-бұрылысында футбол алаңшасы салынатын болады.
Барлық өтінішті мұқият тыңдаған Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Жиыннан кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.