Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұмыспен қамтуда кедергілер болмау керек

0 233

Соңғы жылдары елімізде жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған бағдарламалар жолға қойылып, нақты шаралар қабылдануда. Соның бірі ретінде қалалық әкімдіктің қолдауымен педагогтарды жұмыспен қамту мақсатында ұйымдастырылған бос орындар жәрмеңкесін айтуға болады.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Жалпы жұмыспен қамту орталықтары арқылы атқарылған шаралар аз емес. Соның бірі ретінде қысқа мерзімді курста білімін жетілдіріп, кейін жұмысқа орналасқандарды айтуға болады. Бұдан бөлек, электронды еңбек биржасын соңғы жылдардың жетістігі ретінде қарастырсақ болады. Себебі еңбек биржасы енгізілген соң, жұмыссыздар мен жұмыс берушінің арасында тығыз байланыс орнады. Жәрмеңкені ұйымдастырудың басты себебі де сол, жұмыссыз азаматтардың санын азайтуға бағытталды. Онда 60 жұмыс беруші мекеме педагогикалық мамандық бойынша 223 бос орын ұсынды. Бұдан бөлек, орталық қызметкерлері жәрмеңкеге қайырылған азаматтарға «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жастар практикасы, ақылы қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, кәсіптік оқыту, шағын несие алу бойынша тұрғындарға кеңес берді. Жәрмеңке басталмай тұрып, аталмыш бағдарламаның бағыттары бойынша жолдама алуға асыққандардың қарасы қалың болды. Бір сөзбен айтқанда, жәрмеңкенің болуынан боладысы қызығырақ болғаны жасырын емес. Себебі жәрмеңке басталғаннан кейін де өтініш берушілердің қатары үзілмеді, ал мектеп директорлары жиылған орынға барғандардың қатары аз болды.

Осы ретте біз де жұмыс беруші мен жұмыс іздеген жастардың арасындағы келіссөзді тыңдамақ болып үстелге жайғасқанымыз сол еді, тосын оқиғаға тап бола қалдық. Жасы шамамен 23-25 аралығындағы қыз өзінің ағылшын пәнінен оқытушы болғысы келетінін, алайда жұмыс таппай жүргенін айтты. Ол жәрмеңке басталмай тұрып, бос орындар жазылған тақтайшадан ағылшын пәнінен мұғалім іздеген екі мектептің барын байқапты. Бір қызығы, сол мектептің өкілі, яғни директорына қайырылса, «адам алып қойдық» деген жауап алыпты. Мәселенің мән-жайын анықтамаққа қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Батырхан Тоқтағұлмен бірге №16 мектептің директоры Жанна Оңғарбаева жайғасқан үстелге бардық. Барсақ, мектеп директоры жұмысқа бір азаматшаның өтінішін қабылдағанын айтты. Бірақ, жұмыс берушінің алдынан әлгі жұмыс іздеп келген қарындас туралы мәлімет табылмады, тіпті аты-жөні де жазылмаған. Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, жұмыс беруші жәрмеңкеде 5-6 азаматтың өтінішін қабылдап, кейін мектепке шақырып, біліктілігін тексерген соң ғана жұмысқа қабылдайды. Ал мектеп директоры «қабылдап қойдым» деген азаматшаның білім деңгейін, балалармен жұмыс жасауын, жалпы мұғалімге тән қасиеттің барлығын 5-10 минуттың ішінде анықтағаны қаншалықты рас? Хош, әйтеуір мектеп директоры бізге қайырылған азаматшаның мектепке келуін ұсынып қоя берді. Осыдан кейін бір нәтиже шығар деген үмітпен біз де үнсіз тарқасқан едік. Кейін белгілі болғандай, бізге қайырылған қарындас жұмысқа қабылданыпты.
Байқағанымыздай, жұмыспен қамту орталығы жәрмеңке ұйымдастыруды өз құзырына алған. Бірақ қайырылған азаматтардың көңіліне де қарамай, «жүрдім, бардым» жұмыс жасап жатқандар да жоқ емес екен. Жастарды жұмыспен қамту мәселесі – елдің экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралардың бірі. Себебі қоғамның тұтастығы, ұлттың бірлігі, тәуелсіздігіміздің тұрақтылығы да соларға байланысты. Сондықтан да осы бағытта атқарылған шараларға көз жұма қарау өзімізге сын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.