Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жөндеу жұмыстары жүйелі ме?

0 477

Биыл «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңарту» бағдарламасы аясында қала аумағындағы 80 үй жаңартылатыны белгілі. Оған республикалық бюджеттен 3,3 миллиард теңге бөлінген. Осы орайда құрылыс жүргізетін компанияны тұрғындар өздері таңдап, жұмыс барысын өздері бақылауға алған.

Сәндібек Піренов

Бұл жолы Рысбек батыр көшесі, №6 үйдегі қарқын алған жұмыстарды бақылауға қалалық мәслихаттың депутаты, «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали және қала әкімдігінің аумақтық округ бойынша бас инспекторы Нұржан Смағұлов барды. Өткен аптада екі күн бойы төпелеп жауған жауыннан кейін жөндеу жұмыстары жүріп жатқан бірқатар үйдің төбесінен су аққан-тын. Соған байланысты бақылаушы топ та мәселенің мән-жайымен толық танысты.

Құрылыс басынан «СК Платина» серіктестігінің учаске басшысы Азамат Жанәділов пен осы үйдің тұрғыны Саера Аширова табылды. Белгілі болғандай, аталмыш үйдің жөндеу көрмегеніне 54 жыл болыпты. Бұған дейін бірде жөндеу жұмыстарына тұрғындар келіспесе, енді бірде бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Бүгінде тұрғындардың көңілі жайлана бастағандай. Бұл жайында Саера Аширова айтып берді.

– Бұл үйдің жөндеу көрмегеніне аз уақыт өтпеді. Тіпті су, газ және жарық желілері де жүргізілмей, тұрғындар әуре-сарсаңға түскен. Сол кезде қалалық мәслихаттың депутатына жағдайымызды баяндап, газ құбырларын орнаттық. Ол биылғы жұмыстардың да басы-қасында жүрді. Жөндеу жұмыстарын қолға алған серіктестік өз істерін тыңғылықты атқаруда. Тіпті сметалық құжаттамада көрсетілмеген жұмыстарды да қолға алып жатыр.

Бағдарлама шеңберінде көпқабатты үйлердің шатырын ауыстыру, жертөлесін жөндеу, сондай-ақ кіреберістерін қалпына келтіру жүргізіледі. Саера Аширова мердігерлердің үйдің сыртқы қасбетін толықтай жаңартуды, сондай-ақ 40 жыл бойы есігі ашылмай қараусыз қалған екінші подъезді қайта қалпына келтіру жұмыстарын сметадан тыс тұрғындарға тарту ретінде жасап беруді мойнына алғанын айтты.

Мобильдік топ жаңбырдан кейінгі жағдайды бақылау үшін үйдің шатырына шықты. Онда 11 жұмысшы шатырдың ағаштарын қағып бітуге таяпты. Себебі аталмыш серіктестік ауа райының қолайсыздығына байланысты үйдің шатырын жабуды бірінші кезекке қойып отыр. Анықталғандай, бұл үйдегі 2 пәтердің төбесінен су өтіпті. Енді серіктестік басшылығы жөндеу жұмыстарына кіріскен қаладағы басқа да компаниялар секілді шығынды толық өтейміз деп отыр. Жалпы шатырдағы жұмыстар екі аптада аяқталатын болса, жертөледегі құбырлар түгел ауыстырылған. Бірақ кезінде лайланып, қазір ызғар тартып тұрған жертөледе құм төсеу жұмыстары жағдайға байланысты кеш жүргізілмек.

Барлығы уақыт сәтімен, жоспарға сай жүріп жатыр дегенмен, аталмыш үйдің тұрғындарын электр желілерін ауыстыру мәселесі алаңдатып отыр. Бұл жайында Азамат Жанәділов «электр желісі тарайтын қорапты ауыстыру үшін есептегіш құралды да шешу керек» дегенді айтты. Ал оны шешкен соң, машақаты да жоқ емес. Мәселен, есептегіштегі пломбалар шешілетіндіктен, оның айыппұлын айтпағанда, әрқайсының құны 35 мың теңге тұратын есептегіштің 84 данасын алуға тұрғындардың қалтасы көтермейді. Айта кетейік, былтыр бұл есептегіштер қала аумағында бірқатар үйде бағдарлама аясында тегін жаңартылыпты. Бірақ Саера Аширова бұл жайында хабардар болмағанын айтты. Бұған қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали қалалық әкімдікті хабардар етіп, шешудің жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Ендігі мәселе, осы үйге жапсарлас орналасқан ескі нысанның төбесі үйдің бірінші қабаттағы іргесіне жалғанып, көзге оғаш көрініп тұрғандығында болып отыр. Жалпы бұл нысан тұрғындардың айтуынша, жеке қолға өтіп, кезінде букмекерлік кеңсе болған. Күндіз-түні тұрғындардың тыныштығын қашырған кеңсені Саера Ашированың бастамасымен ақыры жаптырыпты. Енді қабырғалары сөгіліп, үстіне шөптер өскен нысан үйдің шырайын қашырмаса, көркін ашып тұрмағаны көзге көрініп-ақ тұр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.