Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жұлдызды Жаңабаевтар!

0 351

«Баласағұн» мәдениет үйінде Жаңабаевтар отбасылық халықтық ансамблінің «Қазақтың әншіл отбасы» атты шығармашылық кеші өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Талантымен танылған Жаңабаевтардың мерейлі отбасы облыс жұртшылығына өз өнерімен танымал. Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі Жандарбек Жаңабаев осы отбасының шыңы, өнерге жақын асқаралы әке ізін жалғаған ұрпағы күні бүгінде киелі сахна төрінен көрініп, өңір жұртшылығын өнерімен тәнті етуден бір жалыққан емес.

Жуалылық өнерлі отбасы туған жеріне деген кіршіксіз пейілімен Жуалы ауданының өнерпаздарынан құрылған фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен Айжан мен Фариза Жаңабаевалардың орындауында Жұмағұл Қыдырәлиевтің «Жуалы көктемі» атты әнімен кеш шымылдығы түрілді. Одан кейін нақышына келтіре шырқалған Ерлан Сазанбаевтың «Жамбыл жастарының вальсі» мен Мағжан Жаңабаевтың орындауындағы «Бастау» әндері де өз кезегінде көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Отбасылық ансамбльде көрермен көзайымына айналған өнерлі отбасын шығармашылық кешімен Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев және Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбәйра Сембина құттықтау сөз сөйлеп, өнерлі жанұяға сәттілік тіледі.

– Батыр Бауыржан Момышұлы, жазушы Шерхан Мұртаза, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев туған қасиетті Жуалы жерінен, міне, күні бүгін Жаңабаевтар өнерлі отбасының мерейі артып, өнерімен жұртшылыққа танылып, ел сүйіспеншілігіне бөленіп жүр. Жұлдызы биік Жуалының жұлдызды отбасының ерен еңбегі өнер әлемінде еленіп келеді. Бұл отбасының абыройы асқақ, өнерімен ұрпағына өрелі үлгі беруде. Өнер әлемінде өрісі кеңейіп, айналасына ән мен жырдан шашу шашқан отбасының берері алда деп ойлаймын. Өнердегі өрендердің бағы жансын деп ізгі ниетімізді білдіреміз, – деді Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев өз құттықтау сөзінде.

Кеш барысында Жандарбек әкесіне деген сағыныш сезімін жүрегіне түйіп, әке арманын жалғауды мұрат еткен Жаңабаевтар отбасының ұл-қызы Сәбит Дүйсебаевтың сөзі мен асқар тау әкелері Жандарбек Жаңабаевтың әніне жазылған «Шәмшінің шіркін, әндері-ай!» атты әнін бәрі бірге шарықтата орындап берді.
Құшақ-құшақ гүл мен ұрпағының игілігіне бөленген осы отбасының ұйытқысы, ақ жаулықты анасы Күлімбала Оразымбетқызы да бүгінгі кеш барысында жүрекжарды лебізін білдірді.

– Халықтың асыл мұрасына үлес қосып, ұрпағымыздың өнер әлемінде қанатын кеңге жайып келе жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Бірі ән салып, саз өнеріне бойлап жатса, енді бір немерем мың бұралып би билейді. Түрлі аспап шертіп, музыка саласына салғырттық танытпай, қайта әке мен шешенің жолын қуып, өнерімен танылған ұрпағымды мақтан тұтамын, – деді отбасының ақ жаулықты анасы Күлімбала Оразымбетқызы.


Шуақты күннің шырайын келтіріп, айналаны ән мен күйге бөлеген өнерлі отбасының көкжиекте жарқыраған жұлдызы жанып тұр. Жұлдызың биік болсын, Жаңабаевтар әулеті!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.