Қалалық қоғамдық-саяси газет

Маздасын Жеңіс алауы!

0 168

Тараздықтар «Ерлік» мемориалды кешенінде Жеңіс күнін тойлады. Ағаділ Сухамбаев ескерткішінен Дінмұхамед Қонаев – І.Жансүгіров көшелері арқылы «Қаһарман ұлт – Бессмертный полк» шеруі «Жеңіс» саябағына дейін жүріп өтті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ. Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Дүниені дүр сілкіндірген сұм соғыс ешкімді де аяған жоқ. Баланы әкесінен, ананы перзентінен айырды. Қазақ даласынан майданға 1 миллионнан астам қаракөзіміз аттанды. Олардың әрбірі жеңіске жету жолында жанын құрбан етті, от пен оқтың арасында жүріп өмірін бәйгеге тікті. Бүгінгі ұрпақ сол бабаларымыздың ерен ерлігін естен шығармай, рухтарына тағзым етуде.

Жеңістің 74-ші көктемін тараздықтар жылдағыдан ерекше атап өтті. Облыс орталығындағы салтанатты шара майдан даласындағы ерліктерімен ел есінде қалған батырлардың ескерткіштеріне гүл қоюдан басталды. Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағалары арнайы қатысты. «Қаһарман ұлт – Бессмертный полк» шеруі А.Сухамбаев ескерткішінен Д.Қонаев – І.Жансүгіров көшелері арқылы «Жеңіс» саябағына дейін жүріп өтті. Жеңістің 74 жылдығына арналған шеруге көпшілікпен бірге облыс әкімі Асқар Мырзахметов те арнайы қатысты. Шеруге қатысқан ең жас қала тұрғыны, №36 орта мектептің 2-сынып оқушысы Алинұр Кеңесов өз атасы турасында баяндап берді.

– Менің үлкен атам Шалтай Дүрекенов Екінші дүниежүзілік соғыста байланысшы болған. Анамның айтуы бойынша, ол майданға Алматы қаласынан аттанған. Әскери дайындыққа қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге қатысқан екен, – деді оқушы.
Шаһардың орталық көшелерінен жүріп өткен шеру «Ерлік» мемориалды кешеніне келіп тоқтады. Мұнда облыс әкімі бастаған топ – мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев және Қазақстан Рес-публикасы Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлері бас қолбасшысы, генерал-майор Марат Құсаиновпен бірге «Мәңгілік алау» және Бауыржан Момышұлы ескерткішіне салтанатты түрде гүл қойды. Облыс басшысы Асқар Мырзахметов жамбылдықтарды атаулы мерекемен құттықтады.

– Тарихтағы ең ауыр да қатал, миллиондаған жанның қаны төгілген сұм соғыстың аяқталғанына бүгін 74 жыл толып отыр. Жеңістің бізге үлкен құрбандықтар арқылы келгенін әрбіріміз өткенімізге үңілу арқылы жақсы білеміз. Жас ұрпақ әрбір соғыс ардагері мен тыл еңбеккерлеріне бүгінгі бейбіт, еркін күніміз үшін құрмет көрсетіп келеді. Еліміздің өзге өңірлері секілді Жамбыл облысы да жеңіске жету жолында елеулі үлесін қосты. Отан үшін жасаған әрбір ерліктеріңіз үшін өздеріңізге тағзым етеміз. Баршаңызға ұзақ өмір, табыс, бақыт тілеймін, – деді өңір басшысы.

Қалың көпшілік Жеңіс күніне арналған мерекелік концертті тамашалады. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланып, тұрғындар бабалар рухына тағзым етті.

Құрметті қонақтардың арасында Отанға тек 1951 жылы ғана оралған Иван Макеев те болды. Ол фашизмге қарсы күресте Еуропаға дейін жетіп, Қиыр Шығыста майданда болған. Отанды жапон әскерінің басып алуынан қорғаған. Соғыстан кейінгі заманда әскери салада қызмет етіп, ішкі істер органдарында еңбек еткен. Бүгінде ол подполковник шенімен зейнетке шығып, мерекені жыл сайын немерелерімен бірге тойлайды.

– Біз соғыс жылдарында Отанға адал қызмет еткен азаматтармыз. Көптеген қиындықтар мен тағдырдың ауыр соқпақтарын бас-тан өткердік. Балаларымыз бен болашақ ұрпақтарымыз біз көрген зұлматтың бірін де көрмесе екен деп тілейміз. Әрбір қазақстандықтың өмірі бақыт пен махаббатқа толы болса екен. Бүгінде ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіліп, мереке сайын көпшілік бізді көкке көтереді. Осы тұрған саябақ – соның айғағы, – деп ағынан жарылды ардагер.

Дәл осы күні «Ерлік» мемориалды кешенінің аумағынан «Даңқ» залы ашылды. Ғимараттың құрылысы саябақтың өткен жылы басталған жаңғырту жұмыстарының жалғасы болып табылады. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын зал екі қабаттан тұрады. Құрылысты мердігер «Жасыл ел Тараз» ЖШС жүргізген. Жоба құны 546 миллион 769 мың теңгені құрайды. Ғимараттың ашылу салтанатына қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Мекемтас Мырзахметов арнайы қатысты.

– Мен ер Бауыржанның жанында 23 жыл жүрдім. Ол бірде: «Менің Отаныма деген махаббатым соғыстан аман оралуыма сеп болды. Бұл махаббат менің жаныма сенім ұялатты, бойыма қуат берді», – деген еді. Ол Отанына жан-тәнімен берілді. Бауыржанның бар мұрасын зерттеп, келешек ұрпаққа аманат ету – біздің парызымыз. Бүкіл әлем біздің 316-атқыштар дивизиясының жеңісті күнді жақындатуға қосқан үлесін жақсы біледі. Мұны біздің балаларымыз да ұмытпауы тиіс, – деді ғалым.

«Даңқ» залының бірінші қабаты Ұлы Отан соғысы жылдарын бейнелейтін фотосуреттер мен экспонаттарға толы. Онда 1000 шаршы метрге барлығы 1 миллион 500 мыңнан астам фотошежірелер топтастырылған. Залдың бірінші бөлігінде орналасқан 1941, 1942, 1943, 1944-45 жылдарға арналған қабырғалардағы суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдына алып келеді. Нысанның екінші қабатында «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы орналасқан. Орталықта Бауыржан Момышұлының балалық шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей және көркемсурет бұрышы құрылған. «Даңқ» залының лентасын Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Мекемтас Мырзахметов, Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуқабыл Төребеков қиып, көпшілікке ақжарма тілектерін арнады. Сондай-ақ саябақта тыл еңбеккерлері мен ардагерлердің құрметіне «Солдат ботқасы» шарасы өтіп, онда 500 адамға ботқа таратылды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.