Сексеннің сеңгіріне шығып, бүгінде өзінен тараған ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ағайын, жекжат пен жұрат, құда-құдағидың басын қосып, шаңырағын шаттыққа бөлеп, айрандай ұйытып отырған отанасы Ермеккүл әжей жанұя бірлігінің сыры мен отбасының берекесін сақтаудың бал-қаймағын сүзіп отырған асыл ана.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суретті түсірген Ю.КИМ

Аққұба жүзіне ақ жаулығы жараса кеткен әжей ақ отауында бізді жайдарлана қарсы алды. Маңдайымыздан өбіп, төрге оздырды. Расында, ақ жаулығы желбіреп, ақ жүрегі елжіреген ақ әжеге қарап тұрып, әлемнің жылуы осындай мейірбан анадан тарап тұрғанына сенесің. Сыры кетсе де, сыны кете қоймаған қарт ананың жүзінде өмір жайнап тұр еді. Есіктен кіргенмен күле кіріп, шыққанды шырайлы жүзімен шығарып салатын әдемі әдеті де ескіден қалған меймандостығы екені сөзсіз. Ұшып-қонып жүрген жүрісі де тым ширақ. Себебі абзал ана әлі күнге көктемде өз қолымен бақша егіп, балаларына дәм татырып отырған көрінеді. «Еңбек бәрін, әсіресе кәрілікті жеңеді екен» дейді әжей өз сымбатының, ширақтығының сырын сұрағандарға.


Ермеккүл әжей үйінің үлкені болған. Бала күнінде күн ұзақ колхоздың жұмысынан босамайтын әке-шешесінің жолын тосып, бесік тербетіп, өзінен кейінгі бауырларына қамқор болып өсіпті.

– Мен бойжеткен тұста түйеге жүк артқан әйел адам үйімізге жиі қонаққа келетін. Сөйтсем, ол кісі мені сырттай бақылап, інісіне келін етуге ниеттеніп жүр екен. Сол әйел адамның ізін ала атын суаруға келіп жүрген жігітті де көзім шалатын болды. Күндердің күнінде жеңгем шақырып алып, қолыма хат ұстатты. Ол уақытта қыз бен жігіт тек жеңге арқылы сөйлеседі. Жеңгемнің қасында тұрған жігіт екеуміз бір-бірімізге ұрлана қараймыз. Бірақ ләм-мим деп әлдене айтуға болмайды. Ілтипат, ізет сондай. Мен жауап жазып, хатты жеңгеме беремін, жеңгем сол жігітке береді. Сөйтіп, хат арқылы тура бір жыл сөйлесіп жүрдік. Бір күні оңаша тілдесуге шақырды. Әкеме «мен тезек теруге кеттім» деп қанар қапты арқалап, қыр асып кеттім. Сөйтіп, тұңғыш рет жігітім екеуміз тілдестік. Кейін тұрмысқа шықтым, – дейді Ермеккүл әжей.

Талас ауданы, Бостандық ауылының әулетіне келін атанған Ермеккүл бір үйдің жалғыз келіні болып табалдырық аттапты. Ақ босағадан жаңа енген жас келін сол алты қанат отауда қайын атасы аян көріп, Қыдыр түнеп, осы отауға көрпе беріп, көбейетінін жеткізгенінен құлағдар болады. Ел ішінде «Қыдыр қонған үй» деп жұртшылық тәу ететін киелі шаңыраққа келгенін ұғып, бар ілтипат-ізетімен осы шаңыраққа сіңісіп кетуді ғана емес, осы отаудың берекесін сақтап қалуға да бар ынтасын салады. Жолдасы қалаға оқуға кетіп, қайын ата мен ененің жалғыз қолғанаты болған Ермеккүл сиыр сауып, бие байлап, бала бағып, атасы мен енесінің сүйікті келіні атанады. Күн ұзақ тіршіліктен қолы босамайтын жас келін 11 құрсақ көтереді.

– Тоғыз перзентімді дүниеге алып келгенім болмаса, маңдайын иіскеп, құшағыма алмаппын. Құрсағымды жарып шыға сала баланың бәрін атам мен енеме береміз. Бітті, ол біздің бала емес. Жеңге атанып шыға келеміз. Оларды құшақтауға, иіскеуге де батпаймыз. Тек сегізінші перзентім дүние есігін ашқанда барып енем: «Әй, мына бала сендердікі», – деп шақырды. Алдыңғылардай емес, нәзіктеу, әлжуаз болып дүние есігін ашқан нәрестеге қарап тұрып: «Алмаймын. Берсеңіз, етжеңді үлкендерін беріңізші», – деппін. «Әй, қой, оларды бермеймін! Кейінгі балалар өздеріңдікі болады», – деген ата-енем, расында, кейінгі перзенттеріме мені «ана» деп айтқызып үйретті, – дейді Ермеккүл әжей.

Ата-енесін асқан мейірім, ерекше ыстық ықыласпен еске алған Ермеккүл әжей өзі құрмет тұтқан асыл жандардан ғұмырында ауыр сөз естіп көрмепті. Тек бір рет қана жас келін үйде жалғыз қалып, үйіне түсіп: «Қарғам, шөл қысты. Қымызың бар ма?» – деген жолаушы әйелге енесінің тығып кеткен қымызын бергенін есіне алып қарқылдай күліп: Ең ауыры «мынауың не?» деп көрмеген енемнің: «Мен тығып кеткен қымызды неге бердің?», – деген бір ауыз сөзіне көкірегім қарс айырылғаны бар. Бірақ үлкен кісіге дәнеңе деп үн қатпадым. Тек қабағымнан бағып, ренішімді таныса керек, артынша-ақ: «Менікі дұрыс болмады. Жолаушыға қымыз бергенің дұрыс болыпты. Кешір мені», – деп енемнің өзі-ақ айналып-толғанды. Келін атанғалы бір ғана рет естіген артық сөзім сол болыпты», – дейді әжей ажарлана күліп.

Бүгінгі таңда 11 ұл-қыздан 30-дан аса немере мен 30-ға жуық шөбере сүйіп отырған ақ әже таңмен таласа тұрып, күн ұясына батқанша балаларының әр сөзін бағып, бақылап, қара шаңырақтың, құт мекенінің отының жылуын сақтап отыр. Есіктен имене кірген немере келін әженің алдына барып маңдайын тосты. Еркелеп тұр. Осы немере келіні босаға аттағанда, жас күйеу екі айға алыс сапарға шығыпты. Сонда қарт ана жаңа түскен жас келінді құшақтап, қойнына алып жатқан екен. «Әжемді сондай жақсы көремін. Мені үнемі құшағына алып, еркелетіп отырады. Ұл-қыздың басын қосып, жанұялық жиналыс та жасап тұрады. Қарты бар үй, қазынасы бар үй. Мен көрпе құраймын. Тақия тігіп, үкі тақсам, әжем түзеп береді», – дейді жас келін әжесінің құшағында тұрып. Қос өзеннің бір арнада тоғысуы сияқты бала мен ананың мейірлене үн қатып, үйлесім тапқан үлгісінен артық бақыт жоқ шығар?!

– Қыдыр қонып, бақ дарыған қара шаңырақты күзетіп, сақтап келемін. Баланы бесікке бөлей салып, түн ұйқымды төрт бөліп, қайын атам тұтқан отыз жылғы оразасының сәресін өз қолыммен беріп едім. Жалғыз қайын әпкем ата-анасына жақсы қарағаным үшін ауылға таңсық сәнді киім әперіп, үлде мен бүлдеге орады. Менің ұзақ жасауымның тағы бір сыры сол, қайын жұртымнан алған ақ батамның арқасы шығар. «Бірінші түсімді алдың, Одан кейін опырайтып тісімді алдың. Оқырайтып көзімді алдың, Бар бойымдағы күшімді алдың, Не жаздым, Алла?» деген екен бір кәрі. Сол сияқты кәрі болсақ та мейірімге, даналыққа зәру емеспіз. Құдайға шүкір, – деді әжей.

Босағасын берік етіп, табалдырығынан биік тау жасаған асыл әженің ең асыл қасиеті – атаға ауыр сөз айтпауында екенін ұқтым. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетудің хас үлгісін көрсеткен асыл әже, аман болыңызшы сіз!

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған