Қалалық қоғамдық-саяси газет

Заңсыздыққа тоқтау салынады

0 144

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға қол қойды.

Жаңа, әділетті Қазақстанды құруға бет алып отырған бүгінгі қоғам үшін бұл қуанышты хабар болды деп ойлаймын. Өйткені ел азаматтарын бұқараның байлығын қалтасына басып, қара халықтың несібесін өз мүддесі үшін жымқырған азаматтардың әрекеті әшкере болса да, жекенің меншігіне заңсыз өтіп кеткен активтердің әлі күнге қайтарылмай жүргені қынжылтып келген еді. Бұл тұрғыдан келгенде, Заң күшіне енген соң осыған дейін жол берілген әділетсіздікке тоқтау болары сөзсіз.
Заңға сәйкес, ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары бар адамдармен сыбайлас топтардың активтерді заңсыз иеленгені анықталса, аталған мүлік кері қайтарылады. Мұндай субъектілерді анықтаумен Бас прокуратура ведомствосы, қайтару мәселесімен Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалардан құралған активтерді арнайы комиссия айналысатыны да бұл процестің ашық жүргізілетінін көрсетіп отыр.
Құжатта адал сатып алушыларды қорғау тетіктері де көзделгенін айту керек. Яғни өзінің адал еңбегімен әл-ауқатын жақсартқан азаматтарға келер қатер жоқ. Тек арнайы декларация тапсыру арқылы активтерінің келу жолдарын көрсете алса болғаны.
Ең қуантары, мемлекет пайдасына түскен активтер Арнаулы мемлекеттік қорға беріледі. Онда жиналған қаражат Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік, экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Осылайша халықтан заңсыз жолмен жымқырылған активтер тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін түзеуге бағытталады.

Рыскүл Қасымова,
еңбек ардагері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.