Қалалық қоғамдық-саяси газет

Заңгер болу – заман талабы

0 273

Мемлекеттің орнықты дамуының тегеурінді бір тұғыры заң саласы екені белгілі. Себебі заң жүйесі орныққан елде қашанда әділеттілік салтанат құрады. Сондықтан болар, егемендікті еншілеген сәттен бастап еліміздегі заң саласын дамытуға ерекше екпін түсіріліп келеді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды. Біз осы арқылы бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз», – деген болатын. Осының өзі жоғарыдағы сөзімізді айғақтай түсері анық.
Кез келген сала білікті мамандар мен сапалы білім арқылы ғана өркендейді. Бұл бағытта елімізде жастарды заң саласының қыр-сырына баулитын жоғары оқу орындары мен мамандықтар көптеп ашылды. Солардың ішінде Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының шоқтығы биік. Аталған оқу ордасы – Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің негізінде құрылған, білім беру реформаларына сәйкес әлемдік стандарттар негізінде білікті мамандар даярлайтын жоғары деңгейдегі институт. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оқу ордамызға арнайы бас сұғуы институттың беделін одан әрі биіктете түсті.
Бүгінде оқу ордасында 6 500-ден аса студент пен магистранттың сапалы білім алып, саналы тәрбиемен сусындауына барлық жағдай жасалған. Қазіргі таңда институтта 200-ден астам профессор-оқытушы, оның ішінде Ұлттық ғылым академиясының академигі, 15 ғылым докторы, 9 PhD докторы, 80-нен астам ғылым кандидаты, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкерлері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпаздары, Ғылым және жоғары білім министрлігі мен түрлі қорлар тарапынан ұйымдастырылған конкурстардың гранты және патент иегерлері дәріс беруде.
Халықаралық Тараз инновациялық институтында 5 үлкен ғылыми-зерттеу орталығы және 5 факультет жұмыс істейді. Соның бірі – «Заң» факультеті ғылыми дәрежесі бар профессор-оқытушылары құрамының үлесі артып, білім алушыларды қабылдау жоспарының орындалуы негізінде 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап өз алдына дербес факультет болып құрылды. Факультет студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмыстарына жетекшілік етеді.
Оның құрамындағы «Мемлекеттік құқықтық пәндер» және «Азаматтық және қылмыстық құқық» кафедраларында 13 ғылым кандидаты, 5 PhD докторы, магистрлер және оқу процесіне тартылған практик-мамандар дәріс өтеді. Профессор-оқытушы құрамы жылда 72 сағат көлемінде біліктілікті арттырып отырады. Сондай-ақ олар студенттердің ғылыми ізденіс жұмыстарына жетекшілік етіп, пәндік олимпиадаға дайындық жұмыстарына, құқықтық-патриоттық тәрбиеге бағыттап, студенттік өмірдің қызықты өтуіне де атсалысады.
«Заң» факультеті ҚР Ғылым жоғары білім министрлігінің Ұлттық тізіліміне енгізілген, аккредиттелген білім беру бағдарламалары бойынша мамандар дайындайды. Айталық, қазіргі таңда бізде бакалавр бойынша «6В04201-Құқықтану», «6В04203-Қылмыстық құқық және процесс», «6В04202-Мемлекеттік қызмет саласындағы заңгер білім беру» және магистратура бойынша «7М04201-Құқықтану», «Заң ғылымдарының магистрі», «Құқық магистрі» мамандықтарында студенттер оқиды. Осы арқылы факультет еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлауды қамтамасыз етіп, заманауи талаптарды ескере отырып, кәсіби қызметінде болашақ көшбасшыларды тәрбиелейді.
Сонымен қатар факультет жанында «Зертханалық-криминалистикалық зерттеулердің эксперименттік орталығы», «Құқықтық зерттеулер және медиация» ғылыми-әдістемелік орталығы, сот мәжілісінің залы, криминалистік полигон, заң клиникасы және «Болашақ заңгер» атты студенттік үйірмесі құрылған. Бұл студенттердің теориялық білімдері тәжірибесімен ұштастыруға мол мүмкіндік туғызып отыр.
Материалдық-техникалық база да жоғары деңгейде жасақталған. «Құқықтану» білім беру бағдарламасының студенттері үшін кафедраға қарасты криминалистік зертхана жұмыс істейді. Ал криминалистикалық полигон – бұл оқиға орнынан алынған заттай дәлелдемелерді табу, алу, тіркеу, зерттеу бойынша практикалық сабақтарға арналған кешен. Бұл зертхана «жасанды аллея», «үй бөлмесі», «жасанды жол бөлігі» блоктарының зертханасымен қамтамасыз етілген. Оқу полигонының «тұрғын бөлмесі» қылмыс жасалған орын модельденген және тануды өткізуге арналған көру айнасымен жабдықталып, онда студенттер криминалистикалық тактика әдістерін жүзеге асыруды және хаттамалар толтыруды үйренеді. Криминалист чемоданы мен тергеуші чемоданы заттық дәлелдерді алу, саусақ іздерін түсіру, іздерді көшірмелеу үшін қолданылады.
Дуальды оқыту элементтері қолдану мақсатында Жамбыл облыстық полиция департаменті жедел криминалистік басқармасымен жасалған меморандум негізінде кафедра филиалы ашылған. Яғни сабақ кестесіне сәйкес, аптаның бір күні дәріс, тәжірибелік және зертханалық сабақтар сол филиалда өтеді. Кафедра филиалы мен криминалистикалық полигон зертханасының техникалық қауіпсіздігімен студенттер үнемі таныстырылады.
Криминалистика пәні зерттейтін габбитоскопия (әртүрлі көріністегі адамның бейнесін зерттейтін және қылмыстарды ашу мен алдын алу мақсатында сыртқы бейне туралы мәліметтерді жинау, зерттеу және оны пайдалану), трассология (адам аяғының, қолының, тістерінің, ернінің, аяқ киім және көлік дөңгелектерінің іздерін зерттеу), құжаттардың техникалық сараптауы, дактилоскопия (адам саусақтарының тырнақ фалангтарының жастықшаларындағы өрнектері бойынша адамды идентификациялау әдісі), баллистика (бұл қылмысты ашу және тергеу мақсатында атыс қаруын және оны қолдану іздерін табу, бекіту, алу және зерттеудің техникалық құралдары), одорология (қылмысты саусақ пен табан іздерінің иісі арқылы ашу) және криминалистикалық қолжазба зерттеулері (криминалистік жолмен жасалған жалған құжаттарды анықтау) әдістерін тәжірибе жүзінде кеңінен іске асыру үшін уақыт талабына және технологияның үздіксіз дамуына байланысты оқу процесінде инновациялық технологияларды қолдану қажет.
Студенттер иммитациялық қылмысты өздері жасап, оны ашу процесін жүзеге асыра отырып, іздердің пайда болу механизмі, қылмыс жасау әдісі, криминалистік мінездеме, тергеудің барысын анықтау секілді криминалистикалық әдіс-тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік алады. Ал сот мәжілісі залында тәжірибелік сабақта азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істер бойынша процестерді жүргізуге барлық жағдай жасалған. Студенттер облыстық, қалалық соттарда процестерге қатысып, практика жүзінде істі қарауды үйренуде. Сонымен қатар факультетке қарасты сот залы студенттердің білімдерін тәжірибемен ұштастыруға септігін тигізуде. Сот залы риторика негіздерін, соттық ораторлық шеберлікті, конфликтологияны, қылмыстық құқық және қылмыстық іс жүргізуді, азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізуді меңгеру мақсатында әзірленген. Қазіргі заманауи талапқа сай жабдықтармен толық қамтылған сот залында жүйелі түрде оқу сот процестері өтіп, осы арнайы аудиторияларда студенттер өзіндік және зертханалық жұмыстарын жүргізе алады.
Заң клиникасында факультеттің профессор-оқытушы құрамы мен Жамбыл облысы әділет басқармасы қызметкерлері, Жамбыл облысының нотариалдық палатасының нотариустары, Жамбыл облыстық адвокаттар алқасының адвокаттары, Жамбыл облысы өңірлік жеке сот орындаушылар палатасының жеке сот орындаушылары бірлесе халыққа құқықтық ақпарат бойынша тегін кеңес береді. Студент-волонтерлар да қоғамдық іс-шараларға жұмылдырылып, халыққа құқықтық сауаттылығын арттыруға өз үлестерін қосуда.
Институт халықаралық ынтымақтастық аясында 2021 оқу жылында Еуроодақтың оннан астам жоғары оқу орындарының мүддесін білдіретін Еуропада оқыту форумымен шартқа қол қойған. Шарт аясында студенттердің, профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығы, халықаралық кәсіби біліктілікті арттыру туралы мәселелер қарастырылуда. Соның негізінде ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлықты жетілдіру бойынша отандық және шетелдік университеттермен факультет арасында байланыстар жасалған. Атап айтсақ, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Түркияның «Каstamony», Ч.Храбр атындағы Варнаның еркін университеті, Бургастың еркін университеті, «Istanbul», «Istanbul – 100 yil» секілді маңдайалды жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатылған.
Осы ретте айта кетерлігі, білім беру бағдарламасының бейініне сәйкес, кәсіптік практиканың базасымен екі жақты келісімшарт әр оқу жылының басында 1 жылға жасалады. Бұл қатарда Жамбыл облысының полиция департаменті жедел криминалистикалық басқармасы, Тараз қалалық полиция басқармасы, қалалық №1, №2 полиция басқармалары, облыстық сот, Жамбыл облысы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты, Тараз қалалық соты, облыстық әділет басқармасы, облыстық нотариалдық, өңірлік жеке сот орындаушылар палаталары, адвокаттар алқасы, «ДАД» адвокаттық кеңсесі, «Бітімгер» медиация және құқық орталығы бар. Студенттер аталған мекемелерге барып, алған білімдерін тәжірибемен ұштастырып, саланың қыр-сырын жетік меңгереді. Факультет студенттерінің тәжірибе базаларында оқу-танысу, өндірістік және дипломалды практикадан өтіп, болашақта шарттық негізде жұмысқа орналасуға да мүмкіндіктері бар. Нақтырақ тоқталсақ, түлектеріміздің 75 пайыздан астамы мамандық бойынша жұмысқа орналасады. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмысы білім алушыларды ғылыми-зерттеулерге тарту олардың шығармашылық әлеуетін, өз жұмыстарының өзекті мәселелерін шешу үшін пайдалануға септігін тигізеді. Білім алушылардың ғылыми-зерттеу жұмысының негізгі міндеттері – білім алушылардың білімнің ғылыми әдісін меңгеруі, оқу материалын терең және шығармашылық игеруі, ғылыми міндеттерді өз бетінше шешу әдістемесі мен құралдарын оқыту, ғылыми ұжымдарда жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру әдістерімен танысу тікелей кафедраларда өткізіледі. Профессор-оқытушы құрамы институтта іске асырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарын, оның ішінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттары бойынша жобаларға қатысу, монографиялар, оқулық, оқу-құралдарын жазу, нөлдік емес импакт факторы бар басылымдарға ғылыми жарияланымдар шығару, ғылыми тағылымдамадан өту жұмыстарын жүргізе отырып, студенттердің кәсіпкерлікке тартылуына да әсер етуде.
Еліміздің әрбір азаматының құқығы мен бостандығы Конституция бойынша қорғалған. Ал оларды үздіксіз қамтамасыз ету – заң қызметкерлерінің міндеті. Бұл тұрғыда аталған сала мамандарына зор жауапкершілік жүктелген. Бұған Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Заң» факультеті түлектері де қомақты үлес қосуда.

Назира АСҚАРБЕКҚЫЗЫ,
Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Заң» факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.