Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жасампаздыққа ұмтылған жас ғалым

0 263

Ғылымды дамыту – еліміздегі басым бағыттардың бірі. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласындағы білікті кадр тапшылығын шешу, отандық ғылымның әлеуетін көтеру жас ғалымдарға барынша жағдай жасау арқылы жүзеге асатынын және «қазір жас ғалымдардың заманы туды» деп атап көрсеткен болатын.

Шынымен де, жас ғалымдар елімізде ғылымның көкжиегін кеңейтіп, дамуына елеулі үлес қосып келеді. Солардың қатарында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Жаратылыстану» факультеті «Жаратылыстану мамандықтары» кафедрасының PhD докторы, Алия Омарова да бар. Болашақ ғалым Алия Жанәділқызы 1991 жылы 11 мамырда, өткен ғасырлардың өзінде мәдениеті мен ғылымы өзгеден озық тұрған тарихы терең Тараз қаласында дүниеге келген. Шаһардағы Т.Рысқұлов атындағы №48 мектептің қабырғасында оқып жүріп-ақ болашағынан үлкен үміт күттірген ол ғылыми жобалар байқауына белсене қатысып, тіпті сол оқушы кезінің өзінде «Атом электр станциясының пайдасы мен зияны» деген тақырыпта өз жобасын дайындап, сәтті қорғап шығыпты. Әрине, бұл салмағы ауыр тақырыпқа мектеп жасындағы балалар ғана емес, ересек адамның да бойлай бермейтінін анық. Дегенмен кейіпкеріміздің ғылымға бет алуына бала кезіндегі биікке құмар болып, ғарышкер болу арманы мен ардақты әке, аяулы ананың асыл тәрбиесі зор ықпал етіпті.
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» демекші, менің де бала кезімде армандарым көп болды. Біз тәуелсіздіктің таңы алғаш атқан жылдары өмірге келген буынбыз. Бұл ұлтымыздың мақтаныштары, ғарышкерлеріміз Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевтың есімдері етек-жеңін енді жинап жатқан елдің еңсесін көтеріп тастаған жылдар еді. Содан болар, бала күнімде ғарышкер болып, беймәлім дүниені ұғынуға құмарлығым басым болатын. Өсе келе бізді қоршаған орта ол физика екенін түсінгенде, бағытымды осы салаға бұруды жөн көрдім.
Халқымызда «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз бар. Жалпы ғылымға деген қызығушылығымды оятып, қолдау көрсеткен – менің әкем мен анам. Әкем Жанәділ Омаров «Қазфосфат» ЖШС-інде 30 жылдық тәжірибесі бар білікті маман болса, анам Ұлжан Байкеева 30 жылдан астам ғұмырын білім саласына арнап, физика пәнінен сабақ берді. Ғылымға деген құштарлығым осындай отбасында өскендігімнен бастау алған болар, – дейді Алия Жанәділқызы ағынан жарылып.
Осылайша ата-анасының жолын жалғауды мақсат тұтқан Алия мектепті үздік бітірген соң, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына «5В011000-Физика» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2013 жылы бакалавриатты үздік дипломмен аяқтап, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің (ТИГУ) магистратурасында білімін жалғастырды. Ал 2016 жылы аталған университеттің «6М060400-Физика» мамандығы бойынша «Жаратылыстану ғылымдарының магистрі» дипломын алып, ұстаздарының көзіне түскен ол 2013 жылдан 2016 жылға дейін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде аға лаборант, инженер және зертхана меңгерушісі болып жұмыс істеді. Одан соң 2016-2018 жылдары осы оқу ошағында «Физика және химия» кафедрасының аға оқытушысы қызметін атқарды. Сонымен қатар 2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне мемлекеттік грант негізінде докторантураға түсіп, 2023 жылдың қыркүйек айында «6D060500-Ядролық физика» мамандығы бойынша «ACdSe (A=Co, Ni,Fe) нанопленкаларының синтезі, сипаттамасы және практикалық қолданылуы» тақырыбындағы докторлық диссертациясын сәтті қорғап, «философия докторы» (PhD) дәрежесін алды.
– Жастарды ғылымға тарту үшін оларға жағдай жасау қажет. Жалпы ғылымды дамыту үшін әуелі ғалымдардың дәрежесін көтеру керек. Ал жастардың ғылымға деген ынтасын ояту үшін әр пәннен мектеп қабырғасында ғылыми жобалармен айналысатын үйірмелер санын көбейтіп, оқушылар мен ғалымдарға жиі кездесулер өткізген дұрыс деп ойлаймын. Мен бір қызық дүниені байқадым. Аға буын ғалымдарының арасында цифрландыруға көшіп, қолмен жазуды тоқтатқандар табыстырақ екен. Яғни бұрын мақала дайындау үшін бір адамның күш-жігері жеткілікті болса, қазір бұлай жұмыс істеу өте қиын. Ғылым пәнаралық синергияға айналды, оған синергетика қажет. Себебі қаншалықты күшті жеке тұлға болсаңыз да, ұжымсыз жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкін емес, – дейді маман.
Жалпы соңғы жылдары жас ғалымдарды қолдауға мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе жастарды ғылымға тарту және оларды рухани және материалдық тұрғыдан ынталандыру жұмыстарының жүргізілуі талай жастардың ғылым жолына түсуіне себеп болуда. Бұл қатарда «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсын ерекше атауға болады. Алғаш 2021 жылдан бері өткізіліп келетін бұл конкурстың да жалпы қаржыландыру көлемі қомақты. Сонымен қатар жас ғалымдар аға буын арасында өткізілетін ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыру конкурстарына да қатыса алады. Мықты жас ғалымдарымыз үлкен ғалымдармен бәсекеге түсіп, тіпті ол конкурста да олжалы болып жатқан жағдайлар аз емес. Бұл қатарда жерлесіміз Алия Жанәділқызы «Жас ғалым» жобасына қатысып, «AP14972642 Электрохимиялық тұндыру» әдісімен алынған «AcdSe (A – Co, Ni) нанопленкаларының фотокаталитикалық және абсорбциялық қабілетін зерттеу» тақырыбын сәтті қорғап, конкурс жеңімпазы атанған болатын.
Бүгінде ғалымның ғылыми бағыты – геология, минералды және көмірсутекті шикізатты өндіру және өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар, қауіпсіз өнімдер мен конструкциялар. Ал мамандандырылған бағыты – композиттік материалдар. Осы аталған бағыт бойынша 2019-2024 жылдары жалпы саны 15 ғылыми мақаласы жарық көрсе, оның ішінде «Web of Science» және «Scopus» деректер базасына енгізілген рецензияланған ғылыми журналдарда 7 мақала, республикалық конференциялар материалдарында 6 баяндама және ҚР БҒМ ұсынған ғылыми жарияланымдар тізіміне енгізілген журналда 2 мақаласы жарық көрген екен. Сонымен қатар 2024 жылы Ш.Мұртаза атындағы Тараз инновациялық институтының баспаханасынан «Физико-химические свойства пленок металлических сплавов» атты монографиясы оқырманға жол тартқан. Сондай-ақ 2022 жылы ҚР Алматы қаласындағы ядролық институтында, 2023 жылы Беларусь мемлекетінің Минск қаласындағы Ұлттық ғылым академиясында және 2024 жылы Латвия мемлекетінің Рига қаласындағы Латвия университетінің қатты дене физикасы институтында ғылыми тағылымдамалардан өткен. Әлемнің бірнеше мемлекетін аралап келген кейіпкеріміз әңгіме арасында елімізде жас ғалымдарды қолдау бағытында түрлі жобалар жүзеге асып жатқанымен, әлі де болса жұмысты қүшейту керектігін жеткізді. Оның сөзінше, нарық қос бүйірден қысқан казіргі заманда білімді жастарға барынша жағдай жасайтын алпауыт елдерге аттанған қаракөздеріміздің қарасы қалың көрінеді.
– Менің ғылымдағы басты мақсатым – идеяны теориялық болжаудан практикалық қолдануға жеткізу. Қазіргі уақытта қоғамдағы ең маңызды атрибут – ғылым. Дүниежүзінің көптеген салалары мен бағыттарында ғылымның рөлі күн сайын артып келеді. Қоғам дамуының негізгі коэффициенттерінің бірі ғылымның даму деңгейін, сонымен қатар елдер мен тұтастай мемлекеттердің өзекті даму деңгейін қамтиды. Адам мен адамзаттың барлық ортасы – ғылымның жетістігі. Ғылыми зерттеулерге мұқият назар аударатын мемлекеттер жаңа технологияларды, үлкен қуатты ақпараттық, қаржылық, өндірістік, зияткерлік құралдар мен технологиялар жасап, әлемдік аренада маңызды орын алып жатыр. Ғылымсыз қоғамды басқару мүмкін емес. Дамудың қазіргі кезеңінде қоғамның әлеуметтік құрамын тек ғылым өзгерте алады.
Қазір бүкіл әлем бойынша ғылым саласында қатаң бәсекелестік орнады. Жалпы бір мемлекет қанша мықты, бай болса да, ғылым мен технологияның барлық бағыты бойынша әлемде жетекші орынға ие бола алмайды. Бір сала бойынша басым болғанымен, ғылымның басқа бағыттарында әлсіздеу болуы мүмкін. Соған байланысты дарынды ғалымдар, әсіресе талантты жастарға ашық түрде талас жүріп жатыр. Сондықтан еліміздегі бірталай білікті ғалымдар шетелге кетіп жатыр. Себебі Еуропа, АҚШ секілді мемелекеттерде ғылымға өте жақсы жағдай жасалған. Қысқасы, ғылымын қолдаған елдің келешегі кемел, – дейді жас ғалым.
Әрине, бір адамның тұлға болып қалыптасуы, білікті маман болып танылуы, оның балалық шағы, өскен ортасымен қатар, білікті ұстаздардың да шәкірт алдындағы төгілген теріне байланысты. Бұл қатарда Алияның ұлағатты ұстаздардан жолы болған. Себебі жоғары оқу орнындағы студент шағында сан мың түлекті тұғырдан ұшырған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қадір Тоқжігітов, Қайрат Қадіржанов, Артем Козлов, техника ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Абдула секілді білікті ұстаздардың алдынан өтіп, дәрісін тыңдаған.
– Біздің Алия жұмыс барысында өзін ұқыпты және жауапты қызметкер ретінде көрсетті. Іс жүзінде қойылған барлық міндеттерді сапалы және белгіленген мерзімде орындайды. Жұмыс уақытын сауатты жоспарлауды және ақпараттың үлкен көлемімен жұмыс істеуді біледі, соның салдарынан жұмыс қабілеті үнемі жоғары деңгейде болады. Еңбек тәртібін және институттың ішкі еңбек тәртіптерінің қағидаларын ұстанды. Түрлі міндеттерді орындауда бастама көтеріп, ой тастай біледі және жобаларды аяқтауда барлық міндеттер мен тапсырмаларды мерзімінде орындап отырады. Құрылымдық бөлім бойынша орындалатын міндеттердің барысын бақылауға және қабылданған шешімдер үшін жауапты болуға қабілетті. Ұжымның қоғамдық өміріне белсене қатысты. Айқын көшбасшылық қасиеттерге ие, персоналмен қарым-қатынас жасай біледі және нәтижелі жұмыс істей алады, – дейді шәкіртінің шыққан биігіне дән риза болған ұстазы Жамбыл Абдула.
Бәрімізге мәлім, бүгінде елімізде атом электр станциясын салу туралы мәселе қызу талқылануда. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегендей, қоғам талқысына түскен сауалды реті келгенде Алияға біз де қойып көрдік. Маман АЭС-тің басты артықшылықтары мен кемшіліктеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, атом электр станцияларының жұмыс істеуі үшін өте аз мөлшерде отын қажет. Осыған байланысты олардың жұмысы жылу станцияларына қарағанда әлдеқайда арзан екен. Ал пайдасына келсек, 24/7 күн сайын электр энергиясын алуға мүмкіндік береді әрі атмосфераға парниктік газдарды шығармайды, көптеген адамдарға жұмыс орындары ашылады және электр энергиясын арзандата отырып, елдің саяси-экономикалық жағдайын көтеруге мүмкіндік туғызады. Дегенмен атом электр станцияларында апаттар болған жағдайда, атмосфераға ірі радиацияның таралу қаупі бар және АЭС өзі орналасқан аймаққа көп салық түсіретін көрінеді.
– Қазір дүниежүзінде 50-ден астам ел АЭС қызметін пайдаланады. Әлем көші алға жылжығанда, оның соңында қалған дұрыс емес. Сондықтан маман ретінде Қазақстанға атом электр станциясын салу керек деп санаймын. Себебі бүгінде еліміздегі атом өнеркәсібінің мүмкіндіктеріне сүйенсек, онда бір емес, бірнеше станция салуға болады. Ғалымдардың айтуынша, «2030 жылға қарай Қазақстанның оңтүстігінде базалық электр қуатының тапшылығы 2,7 ГВт жетеді» деген болжам бар. Қарапайым мысал, жер көлемі жағынан Қазақстаннан 5 есе кіші Франция мемлекетінде 2023 жылға дейін 56 өнеркәсіптік ядролық реактор жұмыс істейді. Ол АЭС-тер мемлекетті 70,6 пайыз электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Атом электр станциясының құрылысы мұнай мен газға тәуелділікті азайтады. Сонымен қатар оны пайдалану, тасымалдау кезінде энергияны үнемдейді және оның тапшылығын болдырмайды. Осылайша атом электр станцияларының құрылысы республика бойынша электрмен қамту деңгейін арттыруға да ықпал етеді деген сенімдемін, – дейді А.Омарова.
Сонымен қатар маманның пікірінше, 1957 жылы Алматыда ядролық физика институты құрылған. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстандағы жалғыз ғылыми-зерттеу ұйымы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың толық циклі, атап айтқанда, іргелі, қолданбалы зерттеулер, технологияларды әзірлеу және өндіру мақсатында институт мамандары жаңа буын ядролық реакторлары мен термоядролық реакторларға арналған материалдарды сынаумен айналысады және ядролық технологияларды медицинада, өнеркәсіпте және ғылыми зерттеулерде қолданады. Ал аталған білім ошағында ВВР-К ядролық зерттеу реакторы жұмыс істейді. ВВР-К реакторы іс жүзінде болашақта Қазақстанда салынуы жоспарланған атом электр станциясының прототипі саналады. Өйткені МАГАТЭ-нің атом электр станциялары мен зерттеу реакторларына қойылатын қауіпсіздік талаптары бірдей. Сондай-ақ бұл реактор болашақ атом электр станциясы үшін кадрлар даярлайтын негізгі алаңдардың біріне айналған. Сонымен қатар 2012-2016 жылдар аралығында зерттеу реакторы төмен байытылған уранға көшті. Яғни біздің елде жыл сайын атом электр станциясында атқарылуы тиіс жұмыстардың барлығы жасалуда. Реактор жұмыс істеген 57 жыл ішінде бірде-бір оқиға тіркелмеген. Оның үстіне атомдарды өнеркәсіп, медицина, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібінен бастап экономиканың барлық саласында жақсы мақсатта пайдалануға болады. Қазір әлемде 400 ядролық реактор бар. Оның жартысы ВВР-К ядролық зерттеу реакторы қондырғылары. Әзірге олардың ешқайсысында төтенше жағдай орын алмапты.
Міне, осындай білім жолында талмай қанат қаққан, ойы озық мамандардың барында қазақ ғылымының көкжиегі кең, болашағы зор деп сенеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.