Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңашылдыққа жаны құмар жас ғалым

0 367

Адамзат тарихындағы барлық табысқа білім мен ғылымның арқасында қол жеткені шындық. Сонымен қатар қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз ешбір мемлекет әлемнің озық еліне айналмасы анық.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің бірінші отырысында: «Қазақстан ғылыми прогресті анықтайтын алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болуы қажет. Бұл мақсат қиын болып көрінгенімен, оған жетуге ұмтылуы керек. Қазақстанда ғылыми әлеуеті жоғары мектеп пен білікті ғалымдар бар. Мемлекет тарапынан да ғылымға жан-жақты қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соңғы жылдары ғылыми зерттеулерді мемлекеттік қаржыландырудың көлемін ұлғайту және тетіктерін жетілдіру, ғылыми ұйымдарды кезең-кезеңімен жаңғырту, шетелде тағылымдамадан өтетін жас ғалымдардың санының ұлғаюы, докторантураға және ғылыми зерттеулерге бөлінген гранттар саны артып жатыр», – деген болатын.
Әрине, Президент атап өткендей, еліміздің жас ғалымдарға жасаған қамқорлығының арқасында қазақстандық ғылымның көкжиегі кеңейіп, ел дамуына үлес қосып жүрген жастардың қатары көбейді. Солардың бірі – Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Жаратылыстану» факультетінің «Жаратылыстану мамандықтары» кафедрасының оқытушысы Айнура Ермекова.
Болашақ ғалым Айнура Сайланбекқызы 1995 жылы 9 маусымда Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында дүниеге келген. 2013 жылы Сарыкемер ауылындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектеп-гимназияны үздік бітірген соң, М.Х.Дулати атындағы Тараз гуманитарлық университетіне «5В060600-Химия» мамандығы бойынша оқуға түседі. Кейіпкеріміздің ғылымға келуі балалық шағынан қалыптасқан ұстаз болу мен түрлі химиялық заттарға қызығудан туған екен.
– Барлық бала арманшыл болады ғой. Сол арман баланың болашағына бағыт береді екен. Бала кезімізден алтын ұя мектептің құшағында алаңсыз асыр салып ойнап жүргенімізде, ақылын айтатын, сыныпта тақта алдында тұрып бар сабақты байыппен түсіндіретін мұғалімдер жүрегіме ерекше әсер еткен болар, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ болашақта жауапкершілігі мол, абыройы асқақ ұстаз боламын деп серт еткен едім. Сол шақтарды ойласам, бір күліп аламын. Себебі өзімді кішкентай ұстаз сезініп, ауылдас көршілерімнің балаларын үйге әкеліп, сабақ оқытатынмын. Түрлі сабын ұнтақтарының химиялық қоспаларына қарап қызығатынмын. Жалпы бұл қоршаған орта ғылым мен білімнің арқасында дамиды. Сол себепті ғылым жолын таңдадым. Барлық адамның табысқа жету үшін жақындарының қолдауы ауадай қажет. Ал менің ғылымға және ұстаз болуға деген құштарлығыма ардақты анам айрықша қолдау көрсетті. Ол кісі ылғи: «Сенің ғалым болып көпке танылғаныңды, Отаныңа, халқыңа қызмет еткеніңді қалаймын», – дейтін. «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға» деп хакім Абай айтпақшы, келешекте қазақтың каракөздерін ғылым жолына бағыттасам деген ниетпен шаһар төріндегі Тараз университетінде «Химия» мамандығы бойынша білім алдым, – дейді Айнура Сайланбекқызы ағынан жарылып.
Талапты жас үлкен оқу ордасының табалдырығын аттаған күннен бастап түрлі ғылыми жобаларға, халықаралық және отандық конференцияларға белсене қатысып, түрлі ғылыми конференцияларда марапат төрінен көрінді. Сондай-ақ химия ғылымдарының кандидаты, профессор А.Асановтың жетекшілігімен «Титан оксиді гидродисперсиясы тұрақтылығының азотты функционалды полиэлектролиттердің қатысында өзгеруі» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын сәтті қорғап, «жаратылыстану ғылымдарының бакалавры» дәрежесін алды. Сонымен қатар оқуда озат болған ол 2017 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз гуманитарлық университетіне «6М060600-Химия» мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа оқуға түседі. Сол жылдары магистратуралық білім беру бағыты үш тілде жүргізілген екен. Сондай-ақ Айнура Сайланбекқызы «Ауыспалы металдар иондарының сазды бөлшектердің амид, карбоксид немесе амид-амин функционалды топтарының әсері» тақырыбында халықаралық мақалалар жариялап, 2019 жылы аталған оқу ошағының жаратылыстану ғылымдарының магистрі атанады.
– Ғылым – адамзат үшін өте қажетті құндылық. Қоғамда ғылымды тарату жолында барынша күш салуымыз керек. Ғылым – шамшырақ. Біздің міндет – осы шамшырақтың сәулесін барлық жерге түсіру. Біле білген адамға ғылым адамзаттың айналасында болып жатқан дүниелерді түсінуіне кедергі келтіретін, шынайы ақиқатты тануға бөгет тудыратын сауатсыздық пердесін жояды. Сол себептен мен білімімді одан әрі шыңдау үшін 2019 жылы тағы да Тараз университетіне өзім қатты жақсы көретін «Химия» мамандығы бойынша мемлекеттік тапсырыс бойынша грантқа түстім. Мен өзімді ұстаздан жолы болған шәкіртпін деп санаймын. Себебі отандық ғылыми жетекшім ретінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің PhD, қауымдастырылған профессор, постдок Тілеуберді Ербол, ал шетелдік жетекшісі Берлин техникалық университетінің профессоры Frank Behrendt (Германия) бекітілген болатын. Сол жылдардағы докторлық диссертациямның тақырыбы «Дәстүрлі емес көмірсутек шикізатынан синтетикалық мұнай алу» деп аталады. Жалпы ғылыми-зерттеу жұмысымның басым бағытын Алматы қаласына орналасқан жану проблемалар институтының «Мұнай-химия процестері» лабораториясында зерттедім. Бұл ғылыми жұмыс негізінде отандық ғылыми журналдар басылымдарына 3 мақала және шетелдік конференцияларға мақалаларым жариялаған болатын. Соның ішінде ерекше атап өтетінім, «Scopus» базасына енетін процентилі – 98 пайыз, Q1 «Studying Characteristics of Natural Bitumen of Oil Sand with Comparison to Heavy Crude Oil» атты мақалам жарық көрді. Сонымен қатар пайдалы модельге «Синтетикалық мұнай алу» тақырыбы бойынша патент алдым. Менің ойымша, біздің болашағымыздың беталысын белгілі бір деңгейде ғылым айқындайды. Ғылымсыз алға жылжу тіпті де мүмкін емес. Әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде ғылымның мәні артып келеді. Болашақтың тағдырын технология айқындайтын болса, оның тетігін мықты ғылыми сауатты жандар игеруі қажет, – дейді жас ғалым.
Расында, тәуелсіздік жылдарындағы отандық ғылымның соңғы уақытта жеткен ең үлкен жетістігі аталған салаға жас мамандардың келуі болса керек. Өйткені олар шетелдік беделді жоғары оқу орындарынан алған білімімен, халықаралық өндіріс орындарынан жиған тәжірибесімен тың серпіліс ала келді. Қазақстандық ғылымның әлеуеті әлемдік аренада осындай жалынды жас ғалымдардың жаңалықтары мен және халықаралық рейтингтегі көрсеткіштерімен, өз саласындағы беделімен биіктей түсті. Бұл қатарда біздің кейіпкеріміз Айнура Ермекова да шетелден алған білімін отандық ғылымның дамуына арнап келеді. Айталық, 2021-2022 жылдар аралығында Берлин техникалық университетінде ғылыми тағылымдамадан өтіп, сол оқу ордасында физика-химиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіпті. Сондай-ақ синтетикалық мұнай үлгілеріне химиялық элементтерді талдау (Elementar Vario ЕL II) құрылғысында, жану жылуын калориметр (IKa 200), «LENSSIS» компаниясының (STA PT 600) термогравиметриялық талдау анализдерін жасаған екен. Сонымен бірге Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университеттің «Физика-химиялық талдау әдістері» зертханасында заманауи құрылғыларда синтетикалық мұнайдың сандық және сапалық талдау әдістерін зерттеу жұмысымен айналысқан. Өз кезегінде әлемнің бірнеше елінде болған жас ғалым өзге мемлекетке білім іздеп барып, сонда тұрақтап қалатын қаракөздеріміз туралы да тілге тиек етті.
– Қазір өз еліңде қандай мықты маман болсаң да, шетелде тәжірибе жинақтамасаң, тағылымдамадан өтпесең, жақсы маман атануың қиын. Оған күнделікті өмірде көз жеткізіп жүрміз. Дамыған елдерде өз білім-білігіңді көрсетуге мүмкіндіктер жоғары. Әрине, Еуропа мен АҚШ-тың демократиясын, тәртібін, өмір сүруге қолайлы жағдайларын, әділет жүйесінің жұмыс істеп жатқанын көрген адам өркениеттің жетістіктерін Отанына әкелгісі келеді немесе сол жерде біржола қалуды көздейді. Өз елімізде оқыған жастарды, жалпы интеллектуалдық күш-қуатты толық пайдаланудың жолдарын мықтап қарастырғанымыз жөн деп ойлаймын. Дамыған елдердің қатарынан көріну оңай шаруа емес, ол ұзақ уақытты және үлкен өзгерістерді талап етеді.
Мен мықты ғалымдарымыздың шетелге кетуінің себептерін білмеймін. Мүмкін шетелде олар үшін барлық жағдай жасалып, жобаларына керекті қаражат табылып, арман-мақсаттарына қол жеткізіп жатқан шығар. Шындығында, әркім өзін бағалайтын, әділет орнаған ортада өмір сүргісі келеді. Дегенмен осы топырақта туып, осы жердің ауасымен тыныстаған соң, елге қызмет еткенге не жетсін?! Маған да шетелге кетіп қалудың мол мүмкіндіктері туды. Дегенмен тарихқа көз жіберсек, арғы бабаларымыз кешегі Алаш қайраткерлері Қазақ елінің болашағы үшін күрескен жоқ па? Аллаға шүкір, ата-баба аңсаған азат күнде өмір сүріп жатырмыз. Ұрпақтар сабақтастығы деген дүние бар. Біз бүгін өз деңгейімізде ғылымның көкжиегін кеңейтіп, Отанымыздың дамуына аз да болса үлес қосып кетсек, келешек ұрпақ жалғастырса, әлі-ақ әлемнің көшбасшы еліне айналатынымызға сенемін, – дейді маман.
Адам қоғамда өзiн қоршаған адамдар тобында өмiр сүредi және дамиды, оның талаптарына сәйкес өз ойлары мен мiнез-құлқын өзгертедi, топтың басқа мүшелерiмен өзара әрекеттесу арқылы әртүрлi байланысты сезiнедi. Кейіпкеріміздің бойындағы әріптестеріне, достарына деген құрметі басым. Сондықтан да олар Айнура Сайланбекқызының әр ісін жоғары бағалайды.
– Әріптесіміз Айнур Ермекова өзін өте білімді, сауатты, алға қойған мақсатына жете білетін, өзіне де, өзгеге де талап қоя білетін жауапты қызметкер, білгір маман ретінде көрсете білді. Ол әріптестерімен бірге жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, 10-нан астам ғылыми мақала жариялады. Халықаралық және республикалық ғылыми-теориялық конференцияларда, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша жасаған баяндамалары жоғары ғылыми деңгейі үшін түрлі дипломдармен марапатталды. Өзінің жеке авторлығымен 1 патент және 2 «Scopus» базасында жарық көрді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарында қол жеткен жетістіктері студенттер мен магистранттарға оқыған дәрістері мен жүргізген арнаулы курстарында баяндалып отырады. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев: «Алаш атын аспанға, Шығарар олар бір таңда, Мен жастарға сенемін!», – деген ғой. Сол сияқты Айнура секілді ғалымдар көп болса, ғылым саласының болашағы жарқын болмақ, – дейді кейіпкеріміздің әріптесі Алия Омарова.
Бәрімізге мәлім, апта басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жарияланған болатын. Аталған құжатта Мемлекет басшысы казір әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанын еске салып, елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екеніне ерекше тоқталып: «Біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы жылы 6 қазанда өтетінін айтқан болатын. Жалпы қоғам талқылап жатқан бұл мәселені реті келгенде жас ғалымға қойып көрген едік. Жас маман АЭС қызметінің айтарлықтай пайдасы бар деген пікірін білдірді.
– Президенттің Жолдауын бастан-аяқ толық тыңдап шықтым. Әрине, көп мәселе айтылды. Жалпы Мемлекет басшысының бұрын да айтылып жүрген АЭС қызметін пайдалану мәселесіне айрықша тоқталғаны қуантты. Әрине, Қазақстан күн санап көркейіп келеді. Шетел инвестициялары тартылуда, жаңа зауыттар салынуда. Бұл өз кезегінде энергетикаға деген сұранысты арттырады. Бүгінде елімізде энергетика тапшылығы байқалуда. Мамандар «2030 жылға қарай Қазақстанның оңтүстігінде базалық электр қуатының тапшылығы 2,7 ГВт жетеді» деп дабыл қағуда. Жалпы АЭС бұл ядроның нейтрондар әсерінен туатын энергия көмегімен жұмыс атқарады. АЭС жыл сайын орта есеппен 20 млн тоннаға дейін СО2 қалдықтардың алдын алса, 1 кг уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Бұл электр станциясының қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі айтарлықтай екендігіне көз жеткізуге болады. Атом энергиясын экспорттаудың арқасында экономика гүлденеді, инновациялық жобалар көбейеді әрі дамиды. Жоғарыда атап өткенімдей, болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында алдымен тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз, – дейді А.Ермекова.
Мақаламыздың басында бала Айнураның арманы ұстаз болу екенін жазған едік. Иә, кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаздар ғана намысшыл ұрпақ, білімді оқушы, студенттерді тәрбиелесе, ол – мемлекетшіл тұлға қалыптастырудың алғышарты. Бүгінгі таңда кейіпкеріміздің сәби шағындағы арманы орындалып, абыройлы міндетті арқалап жүр. Оған шәкірттері де дән риза.
– Айнура ұстазымыз бізге «Жаратылыстану мамандықтары» кафедрасының «Химия» білім беру бағдарламасы бойынша дәріс береді. Ол өз пәнінің білікті маманы, студенттерді де өзіне жақын тарта біледі. Әр білімгерге өзіндік көзқарасы бар. Ұстазымыздың сабақтарында жағымды атмосфера, әрдайым қызықты, әр жаңа тапсырма бұрынғыға қарағанда қызықты. Біз ойлауды, пайымдауды, талдауды, салыстыруды, қорытынды жасауды үйренеміз. Оның таланты, руханилығы, әділдігі, шыдамдылығы біз үшін үлгі болды. Студенттің қабілетіне қарамастан, бәріне құрметпен және мейірімділікпен қарайды. Ол кісі тек ұстаз ғана емес, біздің сырлас досымыз сияқты. Біз оқытушымызға кез келген мәселемізді жасқанбай айта аламыз. Бізді мұқият тыңдап, жақсы кеңес береді. Осындай білікті ұстаздарымыздың қатары көп болса, білікті мамандар оқу ордамыздан көптеп тәрбиеленіп шығады деп ойлаймын, – дейді Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты «Химия» мамандығының студенті Ақбота Құдайбергенова.
Міне, осындай отандық ғылымның дамуына бар күшін салып, шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан жас ғалымдардың барында Қазақстанның келешегі кемел деп сенеміз.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.