Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қылмысқа қылбұрау

0 1  415

Макстың көмегімен марихуана тапты

Жамбыл облысы ПД Патрульдік полиция батальоны қызметкерлерімен автожолдарда тексеру жұмыстарын жүргізу барысында жол қозғалысы ережесін бұзған «Ауди 4» маркалы автокөлігі тоқтатылған. Автокөлікті Макс есімді қызметтік итпен тінту кезінде «марихуана» есірткі заты табылып, тәркіленіп отыр.
Сараптама қорытындысына сәйкес кептірілген «марихуана» есірткі затының салмағы 77,63 граммды құрайды.
Күдікті Байзақ ауданының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол кінәсін толық мойындап, полиция бөліміне жеткізілді.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 2-бөлігімен (есірткі заттарын заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жалған құжатпен жолаушы тасымалдаған

Соңғы уақытта шетелде тіркелген көліктермен облыс және қала арасында жолаушы тасымалы көбейді. Полиция қызметкерлері аталған көліктермен жасалған заң бұзушылықтарды анықтау шараларын үздіксіз жүргізіп келеді.
Осы мақсатта облыстық полиция департаменті бас- тығының нұсқауына сәйкес, полиция қызметкерлерімен рес- публикалық маңызы бар жолдарда рейд жұмыстарын жүргізу барысында 53 «Тойота Альфард» және «Тойота Эстима» автокөліктері тоқтатылды.
Бұл көліктердің жүргізушілері заңсыз түрде жолаушы тасымалдағаны және көлік құжаттары техникалық нормаларға сай келмейтіндігі анықталған. Көліктердің барлығы айып тұрағына қойылған.
Аталған деректерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 385-бабының 3-бөлігімен (Көрiнеу жалған құжатты пайдалану) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлерімен жүргізілген «Қауіпсіз жол» айлығы барысында облыс көлемінде 25 923 жол қозғалысы ережелерін бұзушылық анықталған. Мас күйінде көлік құралын басқарған 95 жүргізуші жауапқа тартылып, қоғамдық көліктерге қатысты 158 хаттама толтырылған. Қарсы бағытқа шығып кеткені үшін 23 жүргізуші көлік жүргізу құқығынан айырылған. Айып тұрағына 652 автокөлік қойылып отыр.

Мас күйінде көлік ұрлаған жасөспірім ұсталды

Сарысу ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері түнгі патрульдеу кезінде Жаңатас қаласының орталық көшелерінің бірінде қозғалысы күдік тудырған автокөлікті байқайды. Аталған көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы ескертуін елемей, бағытын өзгертіп қашпақшы болғанда, жол шетіндегі цемент қапталға соғысқан.
Құқық бұзушы кәмелетке толмаған 17 жастағы Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ оның біреудің көлігін ұрлап айдап кеткендігі және масаң күйде болғаны анықталды. Алайда иесі көлігінің ұрланғандығынан хабарсыз болған.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы 1-бөлігімен (автомобильді жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар оған ҚР ӘҚБтК 608-бабы 8-бөлігімен хаттама толтырылды. Қазіргі таңда ол Жамбыл облыстық білім басқармасының қызметкерлерімен Тараз қаласындағы Жасөспірімдер үйіне жеткізілді.

Сенген қойшысы қойын сатып жіберді

Ағымдағы жылдың 15 тамызында Меркі аудандық полиция бөліміне осы елді мекеннің 39 жастағы тұрғыны қойшысына сеніп тапсырылған 47 бас малын сатып жібергені туралы арызданған. Жалпы шығын көлемі 2 820 000 теңгені құраған.

Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Меркі ауданының 31 жастағы тұрғыны анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Малшы жеке басына қаржы қажеттілігіне байланысты төрт түлікті сатып жібергендігін айтқан.
Күдікті кінәсін толық мойындап, қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 2-тармағымен (өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) қылмыстық іс қозғалуда.

Топтаманы дайындаған Саян Тілеужан 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.