Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулиеатадағы азапты жылдар

0 595

Кеңестер билігі орнауы және уақытша үкімет институттарын жою жағдайында революцияға дұшпандықпен қараған адамдар мен қылмыскерлер тұтқындалып отырғаны белгілі. Осыған орай Түркістан ХКК өлкедегі революцияға дейінгі соттарды жою және РКФСР ХКК-нің Декретіне сәйкес жаңа сайланбалы соттарды құру туралы бұйрық шығарылды.

1917 жылдың желтоқсанында Солдаттардың, жұмысшылар және шаруалар депутаттарының Сырдария облыстық кеңесінде Сырдария облыстық ХКК туралы Ережесі бекітілді. Облыстық ХКК 11 комиссардан тұрды. Олардың бірі юстиция комиссары болды.
1918 жылдың көктемінде Сырдария облысында округтік соты құрылды. Дегенмен ескі сот шенеуніктері Кеңес үкіметі декреттерінің қанқұйлылығына байланысты өз шешімдерінде оларға сүйенбеді. Осыған байланысты 1918 жылдың сәуірінде шыққан Түркістан Республикасының Юстиция халық комиссариатының Қаулысында: «Әрекетсіздік пен саботажға қатысты қылмысы бар сот орындарының қызметкерлері революциялық трибуналдың сотына өткізіледі», – делінген.
Сол 1918 жылы Сәмбет болысының №3 ауылынан Әулиеата уездік комиссарына рапорт жазған Сақыш Саурықов (Бәлкім, сол ауылдың болысы. Еск:. автордікі) өз болысындағы бұрынғы бидің орнына жаңа халық сотын сайлауға рұқсат сұрайды.
Саурықовтың өз қолын араб әрпімен қойып, рапортты орысша сауатты жазғанына қарағанда, мұның ұйымдастырылған шара екеніне мән беруге болады.
Халық соттарының Сырдария облыстық кеңесі өзінің жұмысын 1919 жылдың 15 тамызында бастады. Облыстық сот құрамындағы 10 адамның төртеуі мұсылман бөлімінде, алтауы орыс бөлімінде қызмет атқарды. Штат кестесі бойынша учаскелерде мұсылман соттары – 32, орыс соттары – 30 болғанымен, іс жүзінде солардың 58-і ғана жұмыс істеген еді.
1919 жылдың 17 маусымында Түркістан Республикасы ХКК үкім шығарып, онда «осы жылдың 1 тамызынан бастап Түркістан Республикасындағы мұсылман соттарын, қазылар мен билерді, сонымен қатар олардың съездерін де біртіндеп бірыңғай халық сотымен ауыстыру, ал облыс қалалары мен оның уездерінде бұл істі ертерек бітіру» туралы айтылады.
Осы орайда большевиктердің «халықтық сотының» тұрпатына мына құжат арқылы мән берсек, онда Әулиеата уезіндегі сот мәселесі жөніндегі Ережеде былай деп жазылыпты: «Бұрынғы ескі мировой судьяның орнына үш адамдық алқалы сот құрылсын, олардың екеуі орыс болуы міндетті, біреуі жергілікті жердің қазағы бола алады. Оның өзі орыс тілін жақсы меңгеруі қажет». Міне, осылай. Қазақтардың тағдырын сол кезде кімдердің шешкенін осы құжат айқын көрсетіп-ақ тұр.
Келесі қадам Ташкент Кеңесінің 1918 жылдың 16 қаңтарындағы қаулысына сәйкес революциялық трибуналдың құрылуы еді. Трибунал әрқайсысы төрт адамнан тұратын екі тергеу комиссиясынан құралды. Олар өз кезегінде контрреволюция, ұрлық, алыпсатарлық пен тонаушылық істерін қарап отырды. Сырдария облыстық революциялық трибуналы 1919 жылдың шілдесінде құрылды. Соңынан 1918 жылдың 9 қыркүйегінде ТүркОАК №35 бұйрығы бойынша контрреволюция мен саботажға қарсы күресу жөніндегі төтенше тергеу комиссиясы құрылды. Төтенше тергеу комиссиясының алғашқы төрағасы болып большевик А.С.Сидоров сайланды. Трибуналдар мен төтенше тергеу комиссиялардың жазалау функцияларының мазмұны бастапқыда төзімділік сипатта болды. Контрреволюциялық әрекеттері үшін тұтқындау, кінәлау сипатында болып, тұтқындалғандар жұмысшы-шаруа үкіметімен белсенді күресін бұдан былай доғаратынын айтып, жазған өтініші негізінде бостандық алды. Революциялық трибуналдар да өз үкімдерін жеңіл немесе шартты түрде жазалау арқылы шығарып отырды. Әйтсе де мұның бәрі осылай жалғаса бермегені белгілі. Түркістан республикасында жарияланған №3 бұйрықтың көшірмесінде: «Ташкент қаласы, басқа да өлкенің орталықтары секілді еттен қатты ашығуда, мұның себебі – мал өсірушілердің саудагерлік сипатында. Осыған байланысты барлық малы бар азаматтар екі аптаның ішінде өздеріндегі бар мал басына мәлімет беруі керек. Кері жағдайда олардың малы кәмпескеленеді», – делінген. Ары қарай Әулиеата уезіндегі азық-түлік комитетін басқарған Гурбенконың осы бұйрыққа сәйкес уездегі малдардың тізімін беруге міндеттілігі айтылады. Құжаттың 1918 жылдың қарашасында жазылғанын ескерсек, оның біраз мәселенің басын ашып тұрғаны айқын.
Сәл қатаң шаралар мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен өнеркәсіп кәсіпорындары иелерінің саботажына қарсы күресте қолданылды. Көтеріліске шыққан қызметкерлер зейнеткерлікке шығарылмай жұмыстан босатылатыны туралы ескертіліп, көтеріліс жетекшілері мен бастамашылары жұмыстан қуылды. Түркістан ХКК-нің 1917 жылдың 29 қарашадағы қаулысы өнеркәсіп кәсіпорындарын жабуға қожаларына тыйым салды. Кері жағдайда кәсіпорын национализациялануы мүмкін еді.
Жеңіске жеткен Кеңес үкіметі қатаң жазалау шараларын қолданудан гөрі, кешірімділік жасауға бейім тұруы өз жақтастарын көбейту мақсатында болса керек. Азамат соғысында жағдай түбірінен дерлік өзгерген еді. Тиісінше, Түркістан Республикасының ОАК мен ХКК-сі 1918 жылдың 5 қыркүйегінде «барынша кеңейтілген өкілеттіліктерімен Төтенше тергеу комиссиясын» құрды. Ал жергілікті партия белсенділері бұл органда жүзеге асырылуға тиіс қитұрқы саясаттан секемденіп, ТК-де жұмыс істеуден ат-тонын ала қашқан кездері де болды.
Осылай РКП(б)-ның Әулиеата уездік-қалалық мұсылман бюросының 1919 жылдың 19 қазанында өткізілген мәжілісінде ТК (ЧК) жанынан құрылған мұсылман жасағы мүшелерінің оларды осы жасақ құрамынан босату туралы арыздары қаралып, қорытындысында «оларды әскери іспен шұғылдануынан босатып, бюроның қарамағына беру» туралы қаулы қабылданады. Керісінше, 1919 жылдың 14 қыркүйегінде Қ.Сарымолдаевтың төрағалығымен өткен РКП(б) Әулиеата ұйымының уездік комитетінің мәжілісінде уездік ТК төрағасы Жылысбаевтың Меркіден Гребенников пен Прыгуновты ТК-ге қызметке шақыру туралы ұсынысын мақұлдайды. Сонымен қатар осы мәжілісте ТК құрамына бірнеше комиссар-барлаушылардың да кандидатуралары бекітіледі.
ТүркТК-ның алқалар кеңесі облыстарда ТК бөлімшелерін құру барысында Сырдария облыстық ТК-сын құрмай, оның уездік бөлімшелерін ғана ашумен шектелді. Тек 1920 жылдың 6 сәуірінде ғана ТүркОАК-ның бұйрығымен 5 облыста, соның ішінде Сырдария облысында ТК құрылды. 1920 жылдың 17 сәуіріндегі Сырдария облыстық революциялық комитеті мен партияның облыстық комитетінің біріккен Мәжілісінде Сырдария облыстық төтенше комиссиясының төрағасы болып Кудрявцев тағайындалады.
Уездік ТК-лар жойылып, керісінше олардың орнына ТК-ның жоғары тұрған бөлімдерінің тапсырмаларын орындап, оларға уездегі қоғамдық-саяси ахуал туралы ақпараттар беріп отыратын саяси бюролар ұйымдастырылды.
Азамат соғысының аяқталып, Кеңес үкіметінің жаңа экономикалық саясатқа көшуіне байланысты бір-бірімен қарама-қарсы күрестегі күштердің арасалмағы өзгерді. Егер Азамат соғысы басталар кезінде күрес биліктің жергілікті жерде орнауы үшін болса, кейіннен ашық қарулы күрес шетелдіктердің көмегі арқасында жүргізілді. Азамат соғысындағы жеңіліс оппозициялық саяси партия өкілдерінің саяси аренадан кетуіне әкеліп соқты. Дегенмен Түрік Республикасы ТК-сы 1920 жылы Әулиеатадағы оңшыл-эсерлер ұйымын анықтап, олардың:
§1. Большевиктерге қарсы ұйым құрып жатқанын.
§18. Ұйымның Англиямен байланыста екенін.
§25. Кеңес Депутаттары мүшелерін өз ұйымдарына тартып жүргенін.
§31.Үгіт-насихат бөлімі шаруалардың жұмысшыларға деген өшпенділігін қоздыруды мақсат еткенін анықтай отырып, мұндай «революция дұшпандарын» талқандады.
Түркістан өлкесінде қарастырылып отырған кезеңде панисламизм және пантүркизм идеялары нақты таратыла бастаған еді. Мұның өзі қызметі 1922 жылы тоқтатылған «Ұлттық бірлестік комитеті» ұйымының құрылуынан да көрініс тапқан болатын.
Әулиеата уезі қалалық төтенше комиссиясының қызметкері Хамит Расулкариевтің арандатушылығының арқасында аталған ұйым әшкереленіп, жойылады. Бұл оқиғаның мәнісіне келсек, Ұлттық бірлестік комитетінің жергілікті ұйымының жетекшісі бұрынғы саудагер Шүкір Мұхаммедов Хамитті осы ұйымға тартуға тырысады. Осы арқылы Расулкариев ұйымда «жұмыс істеп», оның құрылымын, жоспарлаған акцияларын анықтайды. Аталған комитеттің панисламистік және пантүріктік бағыттағы іс-әрекеттері мен ұйымның басмашылармен тығыз байланыстылығы анықталып, 1922 жылдың қыркүйегінде айыптаулар қорытындысы негізінде ұйым жетекшілерінің бірі Муэтдин мен оның жеті бірдей сыбайласы Түркістан майданының әскери революциялық трибуналының шешімімен ату жазасына кесілді.
Бұл жағдай қазіргі заман тұрғысынан қарағанда түсінуге қиын да болар, бірақ жекелеп алғанда, мәселе террорды кімнің бірінші бастағанында емес, әлеуметтік қарама-қайшылықтық шиеленісуі мен қарама-қарсы жақтардың мәдениет деңгейі оны шешудің бір-ақ жолын – өз қарсыластарын жоюды қарастырғанында еді. Яғни латын тілінен аударғанда қорқыныш, үрей ұғымдарын білдіретін террор анықтамасы шын мәнінде «қорқыту», «үркіту» құралына айналды.
Кеңес үкіметі панисламизм мен пантүркизм идеяларының таратылуына қатаң шектеулер қойды. Жалпы империя жағдайында-ақ тек қазақ және татар елдері арасында ғана емес, жалпы ресейлік мұсылман, түркі халықтары көлемінде көрінген бұл табиғи өзін-өзі сақтау ниетінен туындаған ынтымастыққа, ұлыдержавалық ұстанымның идеологтары панисламизм, пантюркизм айдарын тағып, реакциялық мағына беруге тырысты. Өз ретінде бұл әдісті империялық күштер іліп алып кетіп, мемлекеттік саясаттың құралына айналдырды. Ал шын мәнінде мұсылман, түркі халықтарының метрополия алдында өздерінің табиғи талаптарын бірігіп қоюға ұмтылушылықтан басқа ешқандай да ұйымдық негізде саяси әрекетке көшпегені анық. Орыс миссионерлері мен шенеуніктері отарлық езгідегі елдердің өзара ынтымақтасуына түрткі болған мемлекеттік саясаттағы әділетсіздік екендігі жөнінде көп ойлап бас ауыртпады. Басқаша айтқанда, панисламизм мен пантюркизм идеясы саналы түрде ұлт азаттық қозғалысқа қарсы қойылған қитұрқы күрес әдісі болатын.
Жалпы алғанда, Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жаңа экономикалық саясат салыстырмалы түрде тыныш өтті. Жер-су реформасы, ұлттық межелеу нәтижесінде Қазақ АКСР-ның құрамына Жетісу мен Сырдария облыстарының енуі жалпы жағдайдың жағымдылығымен қатар, саяси ахуалдың реттелуіне де септігін тигізді. Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық және этносаяси қарама-қайшылықтар әлі де сақталған еді. БК(б)П көрсетілген кезеңде саяси тәжірибедегі сенімсіз қимылдары анықтағандай қиын аморфтық (тұлғасыз, формасыз) жағдайда болды. Қазақстандық өлкелік партия ұйымының жай-күйі де осындай болатын. 1924 жылдың 8 ақпанында Әулиеата Уқалкомы атқару бюросының мәжілісінде Сырдария облыстық атқару комитетінің төрағасы Қ.Сарымолдаевтың «ауыл шаруашылығы салығын жинау барысында жіберген келеңсіздіктері үшін (байлардың кейбірін салық төлеуден босатып жіберген) Көшербаев пен Әділбековтердің істерін тезірек аяқтау» туралы телеграммасы талқыланып, онда: Бақылау Комиссиясы өкілдері Уқалком директиваларын орындамай отырған мемлекеттік прокурордың көмекшісі Будаевтың (партия мүшесі) әрекетсіздіктерін анықтап, өз қорытындыларын Уқалкомның атқару бюросына өткізулерін тапсырады.
Халық шаруашылығында негізгі экономикалық мәселелер қалпына келтіріліп, техникалық реконструкция жасалып, бейбіт құрылысқа көшу жағдайында мемлекеттік билікті қорғау органдарын қайта ұйымдастыру (реорганизация) жүргізілді.
1922 жылдың 6 ақпанында БТК Мемлекеттік саяси басқарма (МСБ) болып қайта ұйымдастырылып, ол Ішкі істер халық комиссариаты құрамына енгізілді. Революциялық трибуналдар жойылып, МСБ-ның өзі тергеу органына айналды, ол контрреволюцияға қарсы күрес істері жөніндегі алдын ала тергеу органы болды. Істерді қарау мен үкімдер шығару сот мекемелерінің компетенциясына берілді.
Жалпы, бұл атаулардың өзгеруі нені білдірді? БТК төтенше комиссия болған еді, оның осы атының өзі-ақ оның өмір сүруінің уақытша мазмұнын көрсетіп тұрғандай болатын. МСБ болса мемлекеттің үнемі қырағылықтағы саяси бақылау және репрессиялар жүргізу институты еді. Олай болса аттардың өзгертілуінің астарында террорға үздіксіз статус беру арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы кикілжіңдерді шешу мәселесі заңдастырылғаны көрініп тұр.
Әкімшілік жер аудару осы арқылы құқықтық іс-қимылдың нормасына айналды. Мұның өзі бұдан да қатал соттан тыс іс-шараларға әкеліп соқтыруы әбден мүмкін еді. Осылайша, Әулиеата уезі Таулы ауданының партия ұйымдастырушысы Чановтың, №2 бөлімшесінің халық соты, ТКП мүшесі Қадырқұл Артықбаевтың үстінен жазған жасырын хатында (секретное донесение) оның Қаракөл болысында рулық дүрдараздық тудыра отырып, басбұзарларды біріктіріп, қолдарына сойыл алып, болыстың кеңсесін талқандамақ болғанын жазады.
Осыған байланысты ТКП Әулиеата уқалкомының шешімі мынадай болды:
1. Уатком фракциясына Артықбаев бастаған рулық дүрдараздықты қоздыруға қатыстылардың барлығын шақырып, мәселені анықтау.
2. Бақылау Комиссиясы өкілдеріне Артықбаевты партиядан шығару мәселесін хаттау.
3. Істі тексеру аяқталғаннан кейін оны әкімшілік комиссияға беріп, мұндай қаскүнемдерді Әулиеата уезі аумағынан кетіру.
Зерттеу тақырыбының тағы бір анықталар тұсы – аталған мерзімде биліктің барлық деңгейінде көсемге жеке берілгендіктің, көсемділіктің (вождизм) қалыптаса бастауы еді. Бұл кезеңде партиялық пікірталаста әрбір фракциядағы немесе белгілі бір тұғырнамадағы көсемнің жеңілуі, оны жақтаушылар мен жолын қуушыларға шара қолдануға ұласатын. Мұның өзі саясатта жіберген қателіктері үшін өте аяусыз түрде жауап беретін уақыттың таяп қалғанын білдірді.
20-жылдардың соңына қарай БК(б)П идеялық сипатта біртұтас (монолитті) қалыптасып, ішкі партиялық алауыздықтан азат етілді. Партиядан бөлек оппозиция болмауы себепті халықаралық коммунистік қозғалыста үстемдік етті. Мұндай нақтылы мүмкіндіктің болуы, қоғамдық өмірдің барлық салаларында қатал әкімшілік-командалық әдістерге көшу пиғылын тудырды.
Мемлекеттік құрылыс тұрғысынан алғанда, әсерлі орталықтандырылған аппарат құралып, жазалау органдары күшейтілді. Мемлекеттік саяси басқарма (МСБ) КСРО ОАК Президиумының 1923 жылдың 2 қарашасындағы қаулысымен КСРО ХКК жанындағы Бірлескен мемлекеттік саяси басқармаға (БМСБ) кейіннен, КСРО ОАК-сының 1934 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен ІІХК-ның Негізгі мемлекеттік қауіпсіздік басқармасына (НМҚБ) атын ауыстырған еді. 1923 жылдан басталып 1927 жылға дейін жалғасқан кеңес үкіметі мен қоғам арасындағы қарама-қайшылықтың бәсеңдеуіне байланысты 1953 жылға дейінгі кезеңде алғаш және соңғы рет қысқартуға ұшыраған БМСБ органдарының құрамы 1925 жылы 26 мың азаматтық қызметтегіден және 63 мың әскериден тұрды. Бұған осы органға қызмет еткен 30 мың тыңшыны қоссақ, кеңестік жасырын полицияның қызметіне нұқсан келе қоймағанын көреміз, ол бұрынғыдай ішкі қауіптен елді қорғауда өзінің позициясын жоғалтпады. Тиісінше, Түркістан Республикасы аумағында 1922 жылдың 28 наурызында МСБ-ның Түркістандық бөлімшесі, облыстарда МСБ-ның облыстық бөлімшелері құрылды.
1923 жылдың 2 қарашасындағы қаулысымен КСРО ХКК жанындағы Бірлескен мемлекеттік саяси басқармасы (БМСБ) одақтық және автономиялық республикаларда құрылып, жергілікті кеңестерде атқару комитеті жанындағы саяси бөлімдерден тұрды. Аталған органға берілген өкілеттіліктер, олардың ешбір жауапкершілікті сезінбей-ақ талай шектен тыс шешімдерді жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Осылайша, БК(б)П Әулиеата Укомы хатшысының Голышкин БК(б)П Сырдария Губкомының жауапты хатшысы Каучуковский мен Губкомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Есқараевқа жазған саяси хатында Әулиеата уезінде экспедициялық сапарда жүрген О.Жандосов пен В.Соколовскийдің Меркі ауданында жергілікті парткомға ескертпей, 9 халық соты мен тергеушіні олардың жұмысының тығыздығына қарамай, өздерімен бірге ала кеткенін айтады. Бұған қосымша экспедицияның құрамына өз парткомдарына ескертпей өзімбілерлікпен қосылған МСБ-ның өкілі Матеев пен оның көмекшісі Субботиннің азаматтарды жауапты қызметкерлердің үстінен шағым жазуға күштеп, осы іске атсалыспаса, «соттар мен тергеушілерді қамап тастаймыз» деп қорқытып жүргені туралы сот тергеушілері Балмұхамедов пен Түртембаевтардың аттарынан хат келгені жазылады.
Осылай МСБ-ның өкілдері экспедиция құрамында соттар мен сот тергеушілерін жазықсыз жандарды жазалауға азғырып жүрген кезде 47 мың сомның ұрланғаны анықталады. Осыған байланысты Әулиеата Укомы Сырдария Губкомына Матеев пен Субботинді кері қайыру туралы ұсыныс жасайды. Бұл жерде МСБ өкілдерінің ұрланған ақшаның ізіне түсу үшін кері қайтуы да мүмкін. Әйтсе де, құжатта олардың жергілікті партия органдарымен ешбір санаспай, қалыптасып келе жатқан сот органдарын дегендеріне көндіруге тырысқандары ап-айқын көрініп тұр. Мұның өзі репрессиялау механизмінің ешбір өзгермей, «дұшпан бейнесін» анықтау И.В.Сталин бастаған саяси билікте қалып, оларды іздеп-тауып жазалау МСБ мен БМСБ органдарының құзырында екенінің айғағы болса керек.
Қоғам болса идеологиялық алдап-арбаудың нәтижесінде не атқарылып жатқан іс-шараларды қолдап отырды, не ол іс-шаралардың жүзеге асырылғанын үнсіз құптауға мәжбүр болды.

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ,
Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.