Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулиеата өңіріндегі қуғын-сүргін

0 527

(Жалғасы)

Өңірге байланысты аталған Декреттің «бұрынғы Сырдария губерниясының мақта егетін аудандарына» таратылмайтындығы ескертілді. Мұндай ерекше көзқарас, бәлкім, мақтаның тоқыма және тамақ өнеркәсібіне шикізат ретіндегі экономикалық және ерекше әскери-стратегиялық маңыздылығына байланысты болса керек. Осы аудандардағы жағдайды ушықтырмау мақсатында байлар мен жартылай феодалдардың малдарының санын ірі қараға салып есептегендегі қойылған нормалары сақталына отырып, басқа факторлар – жалдамалы еңбекті қолдану, жақсы жер үлестері, мал жайылымдары, шөп оратын жерлері және т.с.с. анықталмады. Декрет ауыл шаруашылығына байланысты барлық мүліктерді кәмпескелеуді қарастырды: « … неге байланысты болмасын және қай жерде болмасын … еңбек етуге қажетті ғана аздаған мал мен ауыл шаруашылығы құрал-жабдықтарынан басқасы түгел кәмпескеленді».
1928 жылдың 5 қыркүйегінде Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Халық комиссарлары кеңесінің «Ірі байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу туралы қаулысы және Қазақстандағы барлық батырақ, кедей, орташаларға ақсүйек байлардың мал-мүлкін алып, өздерін жер аударуға белсене кірісуге шақырған хаты жарияланды.
Кәмпескеленген мүліктерді «батрактар мен кедейлерге төленетін төлемақы ретінде жергілікті халықтың кедейлеріне беру, осы негізде экономикалық жағдай көтерсе колхоздар құру немесе қазірге дейін құрылған колхоздар мен совхоздарды нығайту» қарастырылды. Кәмпескелеуді жүргізу жөніндегі директиваларда оның өзіндік маңызы атап көрсетілді: «бір уақыттағы іс-шара ретінде жүргізіліп, қысқа мерзімде ауылдың жартылай феодал байларының ықпалын болдырмай тастау… Кулактар мен байларға шабуыл ұзақ уақытты іс-шара болып табылады, ол ЖЭС-ке негізделіп, батрак-кедейлер мен орташалардың кулактар мен байларға қарсы аянбай күресу арқылы жүргізілуі тиіс. Декреттегі көрсетілген цифр – 700 ірі шаруашылықты кәмпескелеу, әрине, «ықпалын болдырмай тастау» мәселесі шеше алмайтын еді, тіпті Қазақ АКСР халқының аздығын есепке алғанның өзінде осы шаруашылықтардың кәмпескеленуі ауыл мен селодағы үлкен ауқымдағы жаппай экспроприациялаудың алғы шарты болды десек қателеспейміз.
Директиваға сәйкес, «кәмпескелеу жалпы байларға қарсы емес, ауылда өзінің ықпалы арқылы патриархалды жартылай феодализм қалдықтары мен рулық қатынастарды қолдайтын байларға қарсы қолданылады» делініп, кәмпескелеу тәртібін біршама тежеу қарастырылды. Мәселен, кәмпескелеуге ауыл шаруашылығына қатысы жоқ үй бұйымдары, сонымен қатар күнделікті ішіп-жем тағамдары кірмеді. Акцияны «дәстүрдегідей», қысқа мерзімде – бірінші қыркүйекте, Декрет жарияланған күні бастап, 1 қарашада барлық процесті жер аудару мәселесін қоса отырып бітіру көзделінді.
Сырдария округіне өлкелік өкіл ретінде сол кездегі Қазақ АКСР ХКК төрағасы Ораз Исаев жіберілді. Округ бойынша кәмпескеленетін шаруашылықтардың жалпы саны 1-ші категория бойынша 80-ге жетті, бұлар «ірі бай-жартылай феодалдар еді» және 2-ші категория бойынша 9 шаруашылық – бұрындары ерекше лауазымды топтарға жататын, антикеңестік қызметтерге байланысы барлар болатын. Сол кезде Сырдария губерниясы құрамынан бөлініп шыққан Қызылорда округі бойынша кәмпескелеу тиісінше 35 және 5 шаруашылықтарда қарастырылды. Мән берерлік жайт, Сырдария округіндегі кәмпескеленетін 80 шаруашылық республиканың басқа округтерімен салыстырғанда өте ірі топты құрады, ал Қызылорда округін қосқанда тиісінше 115 және 14 шаруашылық болып, республиканың 12 округіне бөлінген шаруашылықтардың жалпы санының 18,4% құрады. Кәмпескелеуді барынша қысқа мерзімде өткізу және шаруа қожалықтары тарапынан болатын қарсы әрекеттерді болғызбау мақсатында, тізімдерді құруды тікелей жергілікті жерлерде өткізу міндеттелді. Қорытынды тізім БК(б)П Өлкелік комитетінде бекітіліп, оған дейін округтік және аудандық комиссиялардың, кедейлер мен батрактардың жалпы жиналысында сайланатын көмектесу комиссиясында (комиссия содействия) талқыланатын. Кәмпескеленген малдарды бөлу «…аты жоқты атпен қамтамасыз етіп, сиыры жоққа сиыр беріп (түйесі жоққа да солай), ал ұсақ малға келсек, жеке шаруашылыққа 10 қойдан үлестіру дұрыс (ірі қара мал алмағандарға) деп есептелінді. Кәмпескеленген мүліктердің байдың туысқандары мен достарына берілмеуі атап айтылды, сонымен қатар «Кеңес немесе партия аппаратында жұмыс істейтіндердің мал алуына» жол берілмеді, «партия мүшелеріне», батрактар мен кедейлерге бұл тек жалпы негізде ғана мүмкін болды. Округтік комитеттер партиядағыларға қатысты ешқандай артықшылықтың болмауын қадағалауға тиіс» болды.
Сырдария округінің аудандарындағы кәмпескелеуді жүргізу іс жүзінде әу бастан-ақ БК(б)П-ның Қазақстан өлкелік комитеті директиваларымен қарама-қайшылықта болды. «Ауылда жартылай феодалдық, патриархалдық рулық қатынастарды сақтап отырған ірі байлардың мүлкін кәмпескелеу және жер аудару» комиссиясының отырысында округтің кейбір аудандарында кәмпескеленетін шаруашылықтардың тізімі дер кезінде құрылмағандығы атап өтілді. Комиссия «аудандардағы кәмпескелеу жұмысы барысындағы қиын жағдайларға – мекендердің бір-бірінен алыстығын, байлар тұратын жерлердің жақын емес екендігін байдың мүлкін бөлуді заң тұрғысында рәсімдеудің жоқтығын, бұл мәселенің шиеленісіп кеткендігін» айта келе, ары қарай: бай шаруашылықтарын бөлу мәселесінде нақты шешімнің жоқтығы байдың туысқандарының малдарын дұрыс кәмпескелемеуге апарып отыр» делінген.
Сонымен қатар «…өкілдер беріп отырған мәліметтер мен байлардың қолдарында бар малдарының арасында үлкен айырмашылықтың бар екендігі де анықталды. Мұның өзі малдардың санын есептеу кезеңінде байдың көптеген туысқандарының бір шаруашылыққа бірігуінің нәтижесінде болған еді… Тіпті кәмпескелеу жүрген аудандарда тұрмайтын адамдардың да аталған тізімге еніп кету жағдайлары болды, байдың туысқандарының кейбірі кәмпескеленбей, олардың малдары өздеріне қайтарылып берілді. Аудандық комиссия мәжілісі ауылдарда кедейлердің арасына жанашырлар комиссиясын (комиссия содействия) құрып, оларға «байлардың, атқамінерлердің және әлеуметтік жағынан зиянкес элементтердің …, жасырылған малдарын және байдың басқа да мүліктерін анықтау… жер мен шабындық жерлерді айқындау міндеттелінді». Кәмпескелеу науқаны қатар қоныстанған руластарды тым-тырақай етті. Сол себепті, мәселен, құм-құмның арасына шашырай көшіп-қонуға мәжбүр болған Әулиеата өңірінің жаңабайлары қазіргі Байзақ ауданының Шақан ауылына қоныстана бастаған. Біразы, Талас өзенінің жағасына қоныс тепкен. Осылардың ішінде кәмпескелеуге Сарыбарақтан Аралбайұлы Битен ілігеді. Ал науқанды жүргізуге белсенді атсалысқандардың алдыңғы қатарында большевиктер партиясының мүшесі Байсеркеұлы Мейірманқұл болған еді. Ол Сарыбарақтағы ең алғаш құрылған «Бірлік» артелінің басшысы да болатын. Әйтсе де, Мейірманқұл ағамыз большевиктерге сіңірген еңбегінің жемісін көрудің орнына 1937-38 жылдары «халық жауы» ретінде ұсталып кетті. Артель негізінен мақта өсірумен айналысатын. Сол тұста мақта бригадасының жетекшісі Қыпшақбайұлы Аязбай да ұсталып, Мейірманқұлдың сыбайласы ретінде жеті жылға сотталады.
Дегенмен аудандардағы ауыл кедейлерінің белсенділік танытуымен «кедейлер мен ауылды кеңестендіруге зиянды» байлар мен атқамінерлер кәмпескелеуге ұшырады, бұл арада кәмпескелеу жөніндегі ереженің өзімбілерлікпен бұзылғандығын айта кетуге болады. Айта кетерлік жайт, байлардың малдарының саны үнемі қажетті цифрларды бергенімен, мұның нақтылықтан ауылы әжептеуір алыс болатын. Келтіріліп отырған кәмпескеленген мүліктер тізімінде киіз үй, кілем, текеметтер бар, осы орайда аталған мүліктердің декрет және директивалар арқылы рәсімделмегенін (рұқсат етілмегенін) айту керек. Мәселен, 1928 жылдың 16 қазанында Меркі ауданына келген комиссия төрағасы Сайданұлы, 26-шы ауылдың қолғабыс комиссияның мүшелері: Айтжанұлы, Үрменұлы, Тілеуліұлы және Садықұлдары кәмпескеленген ірі байлардың жасырған үй мүліктерін тауып, төмендегідей акт жасайды. «Егізбай Қонысбайұлының жасырған жүгі, үй мүлкі мынадай: 2 текемет, 1 арқан, 1 қара киіз, 1 сырмақ, барлығының сыртынан орап, буған үш алаша бар. Осы жоғарыда көрсетілген мүліктер 26-шы ауыл қазағы Қосайұлының айтқанымен табылды. «Табылған заттарды Қосайдың қатыны менің үйіме өздері әкеп қойды», – деді» (Тапқандардың қолдары куәландырылған).
Сондай-ақ құжатта «Байлардың кәмпескеленген малдары мынадай жолмен бөлініп берілді: байлардың өзіне ірі қара малға шаққанда 16 бастан, 4 артельдерге, ірі қара малға шаққанда 181 бас, оның ішінде 450 қой мен 150 ешкі, ал қалғандары ірі малдар, яғни түйелер, жылқылар және сиыр малдары … осының бәрі артельдерге теңдей үлестіріліп берілді. Кәмпескеленген малдың қалған бөлігі 105 батрак пен кедейлерге … әрқайсысына ірі қара малға шаққанда 5 немесе 6 бастан бөліп берілді. Бұл жерде кәмпескеленген малдардың ауылдан 100-деген және тіпті 1 000-даған шаршы қашықтықта болуына қарамай тездетіп есепке алынуы осы мәселедегі шалағайлықты көрсетіп тұрғандай. Өз кезегінде шаруашылығы кәмпескелеуге жататын байлар малдарын толық немесе жартылай болса да сақтап қалуды көздеп, бар малдарын жасырудың бір айласы ретінде өз шаруашылықтарын бірнеше бөлікке бөліп, оны туыстарына таратып берді. «Бай Қонтаев Рахметтің 1 700 ірі қара және 1 190 ұсақ малы бар. Оның баласы малдарының біразын жасырып, Қарақұмға 14 жылқы, 38 түйе және 165 қой айдап бара жатқан жерінен ұсталды». Осылардың қатарына сарысулық байлар Жәнібеков Төлебек пен Арғынбаев Нәку де жатқызылды.
Енді кәмпескелеуге ұшыраған отбасылардың талайлы тағдырларына мән берсек, онда Әулиеата ауданында қуғындалған Тілешұлы Ермет жайлы айта кетуге болады. Бұл жөнінде: «Бір кездегі мыңғыраған мал мен аста-төк тірліктен түк қалмағаны өз алдына, жазған басым, ошаққа асар қазан да таппай қалдым», – деп еске алады Ермет ағамыздың жұбайы Әсіл апамыз. Осылай қиын жағдайға душар болған, қуғындалған азаматтың жары екі баласына ие бола алмай, оларды 1932 жылғы ашаршылықта қазіргі Т.Рысқұлов ауданынан аш балаларды жинауға бөлінген ат арбаға артып, балалар үйіне өткізген. Алла оңдап, көп жылдардан кейін білім алып, мамандық иесі болған үлкен ұлы Әбдіғұл туған жеріне оралып, анасымен қайта қауышады. Ағамыз аталған нәубетті науқанда әлі есін білмеген інісінен балалар үйінде бөліп жібергендіктен көз жазып қалған екен. Ол кісі өмірінің соңына дейін сол кіші бауырын іздеумен болыпты. Бірақ еш нәтижесі болмаған.
Жалпы Әулиеата өңіріндегі 1932 жылдың көктеміндегі аштықтан халықтың жаппай қырыла бастағандығы ақиқат. Кәмпескелеуден кейін тігерге тұяқ қалмай, өзегі талған ел аштан өліп кетпес үшін түрлі айла-шарғыға барған. Айтар болсақ, Әулиеата ауданында 1929 жылы 1,5 миллион бас қой болса, 1934 жылы оның 7-ақ мыңы қалған. Ол қайсыбіріне жетсін?! Тіпті сол жылдары аулайтын аң да қалмаса керек. Табыла қалған аң-құсты ұстауға да бірінші ептілік, сонымен қатар оларды ұстауға өзіне лайықты құрал-сайман қажет, ол көпшілік жұртта бола бермеген. Амалы таусылған елдің біразы тышқан ауласа, біразы құмнан жаужұмыр тереді. Біразы күріштің күрмегіне ұқсас дәні бар шөпті қуырып, келіге түйіп жейді екен. Тіпті көрпеге салып қойған шиттелмеген мақтаның шитін алып жегендер де болыпты. Енді біраз халық су жағалап балық ұстауға әрекеттенеді. Көп ел су жағалап кеткендіктен, суда балық та қалмаса керек. Сонда да «Үмітсіз шайтан» деген, бірдеңе іліге ме деп біраз ел сулы жерді жағалап жүріп қаза болған. Содан Қарабақыр мен Шәлкенің суын жағалаған ел қырыла бастағанда, тірілердің тірі жүр деген аты болмаса, мәйіттерді жерлеуге шамасы келетін жан да қалмаған. Халық топ-тобымен қырыла берген. Жаз шыға күн ыси бастағанда осы суды жағалап, әрең қыбырлап жүрген, тірі өлікке ұқсас жандардың арасынан індет шығып, ол өзгелерге тез тарай бастаған. Ол кездегі жоқтың қасы деуге болатын өңір медицинасының бұл індетпен күресуге шамасы жоқ еді.
1932 жылғы аштықтың немесе басқа да себептерге байланысты болар, кеңестік репрессиялық аппарат 1932 жылдың «7 тамыз Заңын» күшіне енгізді. Халық арасында «бір түйір дәнді алғаны үшін сотталу» ретінде белгілі осы «7 тамыз Заңы» бойынша мемлекет мүлкіне қандай бір мөлшерде болмасын қол сұққандығы үшін 10 жылға немесе одан да көп мерзімге бас бостандығынан айыратын. Қорда осындай «ұр да жық» саясаттың құрбандарының қалай «сотталғандықтары» туралы мәліметтер көп. Соның біріне мән берсек, қыр қазағы Бекболатов Хамит Ақыртөбедегі интернатқа шаруашылық жөніндегі меңгеруші болып (завхоз) жұмысқа кіреді. Хамит жұмысқа кіре салысымен жүргізілген тексеру интернаттағы көп былықтың басын ашады. Әйтсе де, осыған дейін интернаттың майы мен шайын ішіп-жеп, көйлек-көншегін керегіне жаратып, тіпті қазақ балаларына сойып бердік деп шошқаларды да сатып, мұрттарын майлаған интернаттың директоры Дуванов пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Хусаинов аман қалып, Бекболатов Хамит 10 жылға бас бостандығынан айырылып, мал-мүлкі кәмпескеленеді. Бұл жерде санкцияны аудан прокуроры Сенников берсе, үкімді аудандық сот Аверкиев шығарғандығын айта кетуге болады. Дегенмен кеңестік «халық сотының» Михаил Гриневич сияқты қылмыскерлерге құлқы бөлек сияқты. Оны Полюкович есімді жанашырының кепілдікке босатып алуы өз алдына, тіпті кейін кассациялық өтініш арқылы қаралған Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының 1-ші сот алқасы (төрағасы Мұхамеджанов мүшелері Есенов пен Владимиров) Гриневичтің жазасын 3 жылға дейін төмендетеді. Қордағы құжаттарда аталған азаматтардан басқа, 1932 жылдың «7 тамызы Заңы» бойынша сотталған: Бабикова Мария, Ысқақов Оспан, Көшеров Дәулет, Байбеков Аязбек, Мырзақұлова Алуа, Моторино Филипп, Саймұратов, Сивашов, Ситинов, Толстуков, Тілегенов, Тихонов, Исмайлов, Көшенов, Райсов, Шубашев, Досжаев, Қамұрзақов, Есдаулетов, Терновой, Дәрменқұлов, Хасенова Салима және басқалары туралы мәліметтер де бар.
Аштықтың табы әлі кете қоймаған 1933 жылдың бірінші жартысында да, халық күн көру қамында түрлі әрекеттерге барған. Сол жылдары үлкендер бірнеше шыны ыдыстармен қаладан аптасына екі рет спирт әкеледі екен. Оны ауылдағы жұрт, кім қанша сатып алуға шамасы келеді, сонша сатып алатын көрінеді. Кейде бұл сауда айырбас түрінде болады екен. Оның бір пайдасы тамақ сұрап қыңқылдап жылай берген балаға спиртті оймақпен өлшеп беретін көрінеді. Тым жас балаға бір оймақ та жетеді екен. Соны ішіп алған соң, жас бала пысылдап ұйықтап қалатынға ұқсайды. Сонымен қатар ол суық тиіп аурудан, инфекциядан сақтаған көрінеді. Әрине, мұндай мұсылманға харам затты аман қалу үшін үлкендер де ішкен. Жоғарыдағы көрсетілген кәмпескелеу науқанының қасіретті зардаптары билік ақпараттарында жіберілген кемшілік ретінде ғана көрсетіліп, осы себепті партия қатарын тазалау үздіксіз жүріп жатты, дегенмен олар салыстырмалы түрде жеңілдеу болып, соттық және репрессивтік іс-шараларға ұласа қоймады.

Сейдахан Бақторазов,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау
жөніндегі облыстық жұмыс тобының жетекшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.