Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тыйым салынған ұйымның соңы түнек

0 581

Елімізде радикалды және тіркелмеген діни ағымдағы ұйымдарға тыйым салынған. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары діни экстремизм бойынша террорлық әрекеттер үш есе азайған. Жат ағымның жетегіне еріп, шекара асып кеткен азаматтар қаншама. Осы кеселдің алдын алу бағытында ең әуелі неге мән берген дұрыс?

Дәрмен ЕРБОЛ

Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Жастар арасында діни танымды қалыптастырудың жолдары» тақырыбында кездесу өтіп, онда діни экстремизм мен терроризм туралы кеңінен айтылды. Жиында бірінші болып Жамбыл облысы прокурорының орынбасары сөз сөйлеп, соңғы мәліметтерге тоқталды. Оның айтуынша, Сирия мен Ирактан 600 адам Отанға қайта оралған. Соның ішінде 400-ден астамы – әйелдер мен балалар. Ал ересектер біреудің қолшоқпарына айналып, көбісі қаза тапқан. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек қатысып, қоғамдағы өзекті мәселеге ой қосты.

– Адам өмірінде физикалық қажеттіліктен бөлек, рухани байлықтың алатын орны орасан. Рухани кемелдену – жетістікке апаратын жол десек те болады. Сондықтан бүгінгі кездесуге жастардың қатысып отырғаны қуантады. Олар әркез білімін жетілдіріп отырғаны дұрыс. Діни наным біздің тарих пен әдебиеттен бастау алады. Бұл туралы әр жас отбасында мейлінше ақпар алады. Бірақ ол аздық етуі де мүмкін. Сондықтан мемлекеттік органдар мен ЖОО әркез жастарға насихат жұмыстарын жүргізуі керек. Жастарға күнделікті өмірде жақындарының күдік тудыратын белгілерін байқайтын болса, әліптің артын бағып отырмай, құқық қорғау органдарына қайырылуы керектігін ескертіп отырған жөн. Сондай-ақ дін басқармасы ғаламтордағы дұрыс ақпараттарға сілтеме жасап отыру керек. Себебі мәселенің барлығы азаматтардың жалған ақпарат оқуынан басталады, – дейді Дәулет Жамаубайұлы.

Бұдан соң облыстық прокуратураның аға прокуроры Сағынтай Айтжанов баяндама жасады. Ол өз сөзінде жат ағымға еретіндердің әрекеті жайында білімінің таяздығынан екенін баса айтты. Жалпы жалған, күдік тудыратын мәліметтерді желіде бөліскендер 14 жастап бастап айыпталады екен. Сағынтай Шамшитдинұлы соңғы үш жылда облыс бойынша 9 адам жалған ақпарат таратқаны үшін жазаға тартылғанын айтып, жастарды жеке парақшаларда діни бағыттағы ақпарат жариялағанда мұқият болуға шақырды.

Ізінше, ҚР ҰҒК қызметкері Ғанибек Исмағұл да ғаламтордағы күдік тудыратын парақшалар туралы ойды жалғады. Кездесуде облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров, облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Науатбек Қалымбетов және «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы баяндама жасап, студенттермен пікір алмасты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.