Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тіл – татулық тірегі

0 251

Қазақстан халқының тілдері күніне орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков этнос өкілдерімен кездесті. Алғашқы болып сөз алған шаһар басшысы аталған басқосудың маңыздылығына кеңінен тоқталды.

– 2017 жылы Үкімет қаулысымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі болып бекітілген. Тіл мерекесінің бұл күнге белгіленуінің өзіндік себебі бар. Бесінші қыркүйек – Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Тіл – өте қасиетті ұғым. Ол халықтың өткені, бүгіні, болашағы және достықтың, татулықтың алтын көпірі. Бүгінде қазақ тілі – татулығымыздың тірегіне айналғаны рас. Сондықтан әрбір азамат мәңгілік еліміздің сарқылмас байлығы – қазақ тілін көзінің қарашығындай сақтап, құрметін арттырса, ұлтымыздың болашағы жарқын болады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы кездесуге келген тіл жанашырларын еркін форматта әңгімелесуге шақырды.
Жиында Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай мен қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күләш Әбдікешова да сөз алып, тіл қолданысындағы өзара ынтымақтастың маңызын атап өтті.
Басқосуда әнші, актер Али-Сұлтан Семыкин өлең оқыса, Тараз сервис және технология колледжінің студенті Аяна Ким жетіген тартып, көпшілікке өнерлерін паш етті. Бұдан кейін өзге қатысушылар ұлттар достығы, мемлекеттік тілдің мәртебесі жөнінде өз ойларын ортаға салып, емен-жарқын әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, бірқатар тіл жанашырлары қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.